Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4264 0 пікір 17 Қараша, 2015 сағат 13:15

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА ҚАРСЫ ҚУҒЫН-СҮРГІН ТОҚТАТЫЛСЫН!

 

 

Соңғы уақытта елімізді 1937-ші жылдың елесі кезіп жүрген сияқты күн кешудеміз. Билік дағдарыс кезінде шынайы, азаматтардың құқықтарын қорғайтын және дамытатын қадамдарға барудың орнына, керісінше, авторитарлық, өзімшіл тәсілдерге бой алдырып келеді.

Мемлекетімізде ешқандай саяси оппозициялық партия қалған жоқ. Азаматтардың өз ойын, пікірін білдіру, соның негізінде саяси қозғалыстар мен партияларға бірігу құқығы билік тарапынан зор кедергіге ұшырауда. Міне, биыл 9 жылға жуық уақыт болды, 100 мыңнан астам мүшесі бар «Халық рухы» партиясының құжаттарын билік әлі күнге дейін тіркемей, себепсіз созумен келеді. Елімізде демократияның «жемократияға» айналуының бір дәлелі де осында жатқан сияқты.

Кез-келген демократиялы елде азаматтар бірігіп, бейбіт шеру, митинг өткізіп, бейбіт түрде наразылығын білдіріп жатады. Бізде ондай мүмкіндік атымен жоқ! Азаматтардың бейбіт шеру, митинг өткізу құқықтары жаншылып жатыр. Бірен-саран адам бірігіп, шеруге шықса болды, бірден құрықталып, айыпталып, түрмеге түседі. «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» туралы заң 1995 жылдан бері еш жаңаланбаған, бүгінгі заман талаптарына мүлде сай емес.

Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын шектейтін, үкіметтік емес ұйымдарды монополизациялайтын, адамдардың еңбек құқықтарын тарылтатын, баспасөз және ой еркіндігін тежейтін бірнеше заңдар қабылданып кетті.

Соңғы бір айдың ішінде елдің мұңын сездіріп, ащы шындықты қорықпай айтып жүрген қазақ ұлтшылдары мен белсенділеріне қарсы қуғын-сүргін күшейіп кетті.

 

Осыдан біраз уақыт бұрын жалған, түкке тұрмайтын себептер мен қоғамдық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев екі ай мерзімге бас бостандығынан айрылды. Екеуіне де ойдан құрастырылған айып тағылып, қылмыстық іс жүргізілуде.

Осы аптада Астанадағы «Антигептил» қозғалысының белсенділері Болатбек Біләлов пен Мақсат Нұрыпбаев та осыған ұқсас, ойдан шығарылған себептермен айыпталып, тұтқында отыр.

Еліміздегі баспасөз және ой еркіндігіне қарсы қадамдар да көптеп жасалып жатыр. Мысалы, осыдан бір ай бұрын «Адам» журналы жабылды. Тәуелсіз журналистердің басын қосқан Ратель.кз сияқты веб-сайттар белгісіз себептермен екі ай бойы бұғатталып келеді.

Кеше ғана ғасырлық тарихы бар, қазақ журналистикасы мен көсем сөзінің қарашаңырағы болып табылатын, ылғи да елдік, ұлттық, тілдік мүддені қайыспай көтеріп жүрген «Жас Алаш» газетін, өз мүддесін ғана күйттеген Ж.Зекейұлының ар-намысына кір келтірді деп айыптап, 40 миллион теңге төлеуге мәжбүрлейтін сот үкімі шықты. Біз бұны шындық пен ұлттық мүдде жолындағы газетті  жабуға бағытталған рухсыз, әділетсіз қадам деп санаймыз.

Ал егер бұған интернет және әлеуметтік желілер саласында жасалып жатқан қысастық пен заңды-заңсыз қысымды қосатын болсақ, алдағы уақытта қазақ азаматтары оқитын, мұңын шағатын, қорған іздейтін бірде-бір тәуелсіз басылым немесе веб-сайт қалмайтын сияқты.

Бұның неге апаратынын еліміздің жұртшылығы жақсы көріп-байқап отыр. Қазақстан онсыз да адамдардың өзіне-өзі қол жұмсап, суицид жасаудың әлемдік және аймақтық көшбасшыларының бірі болатын. Ал соңғы бір айдың ішінде әбден титықтап, кімге шағынарын, кімнен қорған іздерін білмеген ел азаматтары жариялы түрде өмірмен қоштасып жататын үрдіс айқын байқалып келеді. Тараз қаласындағы Ерлан Бектібаев атты жас өспірімнің билеуші партияның кеңсесіне барып өзін-өзі өртеуінен кейін еліміздің көптеген аймақтарында ондаған адам жариялы түрде суицидке барғаны баршаға аян.

Бейбіт, тұрақты, өркениетті елде азаматтар өзін-өзі өртей ме? Бұл, айналып келгенде еліміздегі адам капиталының құнсызданып, адам өмірінің девальвацияға ұшырағанының айқын дәлелі болмағанда не сонда? Бұл билік пен халықтың арасы сөгіліп, жұрттың билікке, оның институттарына деген сенімінің өшуін көрсетеді емес пе?

Қазақ Ұлттық Кеңесі биліктен қазақ патриоттары мен баспасөзіне қарсы жасалып жатқан қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етеді. Жалған айыппен түрмеге түскен азаматтар босатылып, оларға қарсы ашылған, қолдан ұйымдастырылған қылмыстық істер тоқтатылуы тиіс деп санаймыз.

Айналып келгенде, осының барлығы жекелеген тұлғаларды ғана емес, барша қазақ қауымын, барша қазақ ұлтшылдары мен патриоттарын қорқытып-үркіту, азаматтардың конституциялық құқықтарына қарсы жасалған қасақана шабуыл болып табылады. Өзін тәуелсіз ел, азат қоғам, мәңгілікке ұмтылған мемлекет деп санайтын Қазақстан үшін бұнымыз нағыз масқараның өзі! Бұған жол беруге болмайды!

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСІ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5493