Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 33381 0 пікір 10 Қараша, 2015 сағат 09:03

АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗІН ӨЛЕҢ ҚЫЛДЫ

Серхан Малик мырза Абайдың қара сөзін өлеңмен жазып шығыпты. Редакцияға жолдаға хатында ол былай дейді:

Құрметті оқырман!

Өзімше ізденіп, балалар мен жастардың қызығушылығын тудырып және осы тірек өлеңді жаттату арқылы Абайды оқытуда “жеңілден ауырға, қарапайымнан күрделіге” дейтін қағиданы ұстанамын.

Сіз не дейсіз?..

Серхан Малик, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

тарихшы-тәлімгер. Қарқаралы қаласы. 

 

Бірінші сөзі:

Келдім, міне мен енді орта жасқа,

Ойланамын, отырып бір басқаша.

Ел, мал, ғылым бағар жастан кетіп,

Ойлаған сөздерімді жаздым хатқа.

            Жазып алар, оқысын қажет еткен,

            Ақ қағаз, қара сия шығын еткем.

            Болса егер қажет емес, осы сөзім,

            Өз сөзім, өзімдікі зая кеткен?!

v Екінші сөзі:

Бала кезден естіп мен ойлаушы едім,

Қазақ жақсы, өзге жаман басқа елдің.

Еңбек, өнер, ғылым-білім дінмен емес,

Құр мақтанмен қазағым көгермепсің!

“Бәрі антұрған дейтұғын орыс, ноғай,

Біз ғана тәуір халық, берген құдай…”

…Жоқ! Еңбекқор, өнерлі, діндар да емес,

Қазақ жүрсің, бос мақтан сорлы маңдай!

v Үшінші сөзі:

Қазақта бар, өтірікші, жалқау, қасқой,

Өйткені малдан басқа ойламас ой.

Егін, сауда, өнер-ғылым меңгерсе,

Ел бүлдіргіш арамтамақ болмас қой!

            Ұқпаған өзге кәсіп, ғылым өнер,

            Қуғаны ет пен сауық дүниелер.

            Байға малшы, малшыға жалшы керек,

            Жер дауы, жесір даумен жүрген бекер!

Жақсының үстінен айтар арыз,

Өтірік куә болар, білмес парыз.

 “Биді екеу, дауларын төрт жасайды”

Рухына бабалардың болып қарыз.

            Төреші төбе билер сайлансын тең,

            Қазағым, менің айтқан сөзіме сен.

            Таққұмар, сыбайлас, бұзақының,

            Қайырып артқа қолын байлаған жөн!

v Төртінші сөзі:

Әрбірің байқасаң, күлкі мастық,

Мас кісіден шығады көп ластық.

Не шаруасы, ақылы, ұяты жоқ,

Уайым-қайғысыз, бұл – топастық.

            Тек уайым-қайғы емес, әрекет қыл,

            Ол қайғыдан құтқарар, соны дөп біл.

Орынсыз күлкіменен қайғы азаймас,

            Күлсеңде ызаңмен қайғырып күл.

Адам жылап туады, кейіп өлер,

Себебін білсін мұның кейінгілер,

Босқа өткізген өміріне өкінеді,

Құдайсыз, қайратсыз, еңбексіздер.

v Бесінші сөзі:

Ізде әділет, ғылым, білім, тыныштық,

Жаман әдет жасамауға осыны – ұқ.

Хайуан емес, адам деген атың бар,

Мақсат етпе, ит тірлікті ет мансұқ!…

v Алтыншы сөзі:

Қазақ ойлар, болса егер бәрі ортақ мәңгіге,

“Өнер алды – бірлік” деп босқа айтар әңгіме.

Қандай елде, қайтсе тату болатынын білмеген,

Малға бірлік, ол ақылдың іс емес-ті әр күнде.

            “Ырыс алды – тірлік” дейді, тірілікті білмейді,

            Итшілеген тірлік барын көбі көзге ілмейді.

            Өзі тірі, көкірек пен көңілі өлген ағайын,

            Қорқақ, жалқау, ез атанып ырыс таппай жүргені.

Кеудеде жаны болып тірлік етсе,

Ондай тірлік кездеседі, әрбір итте.

Өзің тірі, көкірегің өлі болса,

Жем боласың ағайын құрт пен битке!

v Жетінші сөзі:

Ішіп-жеп, ұйықтағаның – тән құмарың,

Білу, көру, үйренбек – жан құмарың.

Дүниенің сырын аш, хайуан болма,

Көрінер-ау, сонда адам боп туғаның!

            Білмесе сырды ашып адам жаны,

            Арамтамақ не керек тапқан наны?

            Көкірегі сәулесіз, сенімі жоқ,

            Білгішсінер адамның ең – наданы.

v Сегізінші сөзі:

Біреулер мансап-билік, байлыққа мас,

Адалдық пен арамдықты ажыратпас.

Ақыл мен насихатты тыңдар жан жоқ,

Ұры-қары, сұм-сұрқия, кедей маубас!

            Еш нәрсе малдан қымбат санамайды,

            Малменен параламақ бір құдайды.

            Тілі-діні, ар-ұяты, ел-жұрты –  мал,

            Мал болғасын, адам сөзін тыңдамайды!

v Тоғызыншы сөзі:

Мен бір қазақ сыртым сау, ішім өлген,

Жөндермін деп қазақты үміттенгем.

Бірақ, қайрат, жастығым артта қалып,

Қызық болмай барады, бұл өмірден!…

            Иә, қазақпын! Қазақты жақсы көргем,

            Түңілгенше соларды соңыма ерткем.

            Өкінбеймін, түңілдім қызықтардан,

            Қайғы ойламай артыма мен жөнелем!…

v Оныншы сөзі:

“Біреулер құдайдан бала тілейді” 

*  *  *

Қартайғанда асырар, өлсем – тұяқ,

Артымнан құран оқыр, иман сұрап.

Деп қазақтар құдайдан бала тілер,

Жалынып, жалбарынып тұрып-құлап.

            “Бала үшін” деп мал жинап болар азап,

            Қулық-сұмдық, көргені тірі – Тозақ.

            Мен көрмедім, итшілеп жиған малын,

            Адамдықпен жұмсаған адал қазақ!…

Өйткені мал сарп етіп, ғылым таппас,

Ғылымсыз дүниедегі халық оңбас.

Бейнет, күйік, ызасы – деген қалып,

Тапқан малы өмірлік болмас жолдас.

v Он бірінші сөзі:

Ант, адалдық, ұяттың сыйқы кетті,

Ұрлық пен бұзақылық  дерт індетті.

Жұрт бөлініп екі тарап болғанда,

Жоюға азғындықты кім міндетті?!

            Сөзге ергіш азғындықтан аулақ болғын,

            Ел бүлдірер өсекші, жемқор малғұн.

            “Көрсе ақша жолдан таяр періште”- деп,

            Айтатындар болса олар, өзі сатқын!…

v Он екінші сөзі:

Жақсылық ниет етсең жоқ жаманы,

Иманның да болады, екі амалы.

Наным мен берік сенім серік етіп,

Салғырттықтан арылар шын иманды.

            Сырт пішіні иманды, басына сәлде ораса,

            Құран оқып, бет сипап көпшілікті тонаса.

            Ескерусіз, күзетсіз иманы оның болмайды,

            Адалдықпен дініне жаны ашып тұрмаса!…

v Он үшінші сөзі:

Иман деген – Аллаға шексіз сенім,

Сол сенімді ақылмен дәлелдегін.

Кітап оқы, мейлі молла айтсын,

Ғылыммен иманды беріктегін.

“Құдай бәрін кешер” деп еркінсіме,

            Абай бол, есеп жаса әр ісіңе.

Жалған ақыл, кеңесшіден аулақ бол,

            Ақыл айтқыш барып келген кісі ме?!

v Он төртінші сөзі:

Қазақта бар жаман әдет “айда батыр!”

Еліртіп қыздырады-ау, құдай атқыр.

Жігер, қайрат, ары аз, артты ойламас,

Көпіріп мақтан сөзге еріп жатыр…

            Қазақта адам баласы, ақылсыздан азбайды,

            Жігер, қайрат, байламы оның берік болмайды.

            Қайраты мен ары аз жамандыққа іліксе,

            Қайта мініп қайратқа бойын жиып алмайды.

v Он бесінші сөзі:

Дүниеден қызық іздеу екі түрлі,

Есті адам құмарланып кезген түзді.

Есер кісі баянсызға  құштар болған,

Итқорлықпен өткеннен күдер үзді.

            Әр іске қызықпақтан құмар туар,

            Құмарлықтың өзіндік дерті болар.

            Атадым сол дертті, мен мастық – деп,

            Кесірін есер емес, тек есті ұғар.

Болам – десең естілер қатарында,

Есеп жаса әр күніңе жатарыңда.

Өкінішсіз өтсе егер әрбір сәтің,

Үмітпен қара таңның атарына!..

v Он алтыншы сөзі:

Құлшылығы лайық па, құдайына,

Қазақ мұны өзінен сұрайды ма?

Елмен бірге жығылып тұрса болды,

Саудаласар Алламен сұмпайы да!…

            Әлек  болмас ізденіп үйренуге,

            Әдеттен жаманшылық жиренуге.

            “Білгенім, осы”- деп бұлданады,

            Құлқы аз, тіл мен дінді меңгеруге.

v Он жетінші сөзі:

Ақыл, қайрат, жүректер таласыпты,

Өнерлерін көрсетуге санасыпты.

Әрбірі құмалағын төрттен қойып,

Мен мұндай, сен сондайлап бал ашыпты.

            Тыңдапты сөздерін Ғалым зерек,

            “Адамға сен үшеуің тегіс керек.

            Бойынан бір адамның табылғаны,

            Лайықты болар” – деп берген дерек.

v Он сегізінші сөзі:

Адамдарда кездесер кербез қылық,

Жасанды, іші-сырты тұнған былық.

Ақыл, ғылым, ар мінез оларда жоқ,

Мұнысы масқара мен ақымақтық!…

            Адамнан адам озса дәулетімен,

            Жасанды сырт пішіні сәулетімен.

            Адам болу оған қайта бір қиын іс,

            Кер, кердең, кербез кетсін өз бетімен!

v Он тоғызыншы сөзі:

Адам тумас ата-анадан есті деген,

“Жүре – көсем, болады сөйлеп  шешен”.

Әр естілік жеке іске жарамайды,

“Жақсыны ұқ, жаманнан жирен!” дер ем.

            Ұрпағым, болмағын – ақпа құлақ,

            Сөзін тыңда, естінің қайта сұрап.

            Естігенді тұшынып үйренбесең,

            Табылмас бұл өмірден саған, тұрақ.

v Жиырмасыншы сөзі:

Ойланшы тамақ, ойын, күлкі, мақтан,

Кербездік, той-томалақ, қаптап жатқан.

Бәрінің тұрлаусызын түсінбей ме,

Көңіл құлап, көз көріп, дәмін татқан?!

            Жалығу ойлы адамның қасиеті,

            Жалғандық бұл өмірдің қасіреті.

            Қызықтар баянсыз арты шолақ,

            Бұл өзгермес тағдырдың құдіреті.

v Жиырма бірінші сөзі:

Мақтаннан аман болмақ – бір қиын іс,

Мақтанар болады екен – екі түрлі іс.

Атадым: Үлкендік пен Мақтаншақтық,

Ажыратып ұғам – десең ізіме түс.

            Үлкендік әр кеселден аулақ тұрар,

            Өзінен, өз ішінен есеп сұрар.

            Дегізбеймін, демесін – мені жаман.

            Деген ақыл, арымен артық – Олар.

Мақтаншақ – мені ғана “десін” дейді,

Ұмытып “демесінге” қам жемейді.

Мақтаншақтың бұл айтқан үш түрі бар,

Айтуға соны көмей бүлкілдейді.

            Біреуі жат мақтарлық мақтан іздер,

            Оны – адам, бірақ надан дедік біздер.

            Екіншісі мақтанарлық өз елінде,

            Толық надан, адамдық аз білсеңіздер.

Олар ойлар ел, жұртыма мақталсам деп,

Бай, батыр, қу немесе ол пысық – деп.

Қостамайтын өзгелерден мақтан қуған,

Адам емес, наданның да наданы  көп!…

v Жиырма екінші сөзі:

Қазақтың кімін көрдік, қадірлейтін,

Байлары ма, қадір тұтып бас изейтін?

Өз малының еркі оның өзінде жоқ,

Мал емес тапқандары жемтік деймін.

            Болыс пен биі бар ма, құрметті,

            Құдайдың өзі берген құдіретті.

            Сатып алған болыстықты басын ұрып,

            Жоғалтқан биліктерден қасиетті!…

Сыйлармын, онда тауып мықтыларды,

Қап! Олар да жаманшылық ұқты тағы.

Әділетті, ұятты, есті іздеп таппадым,

Басым тұр қулық, сұмдық арам жағы.

            Құрмет етсем, ғаріп-қасар, бишараға,

            Момын емес, мінбесе де түйе-нарға.

            Мінерлік егер онда жайы болса,

            Бірдемені ептеп ілмек олда қолға.

Енді қалды-ау, ақыры сұм менен қу,

Көңіл қалды өмірден сепкендей су.

Өзі құрттап, шашылса болыс-билер,

Менімен мәңгі кетсін, мен ішкен – У!…

Жиырма үшінші сөзі:

Қазақты оңдырмайды қуаныш пен жұбаныш,

Көрсе болды өзгелерден өзінде жоқ жаман іс.

О, құдайым, бұл сұмдықтан сақтасын! – деп,

Адал көңіл, шын ниетпен тартпайды-ау, іш!…

            Қуанады өзгедегі жамандыққа иланып,

            Өзінікі одан аздай, жатпас оған қиналып.

            Надандығы асса бітті, өзгенікі – өзінен,

            “Артық санап”, ал, көпірер жиналып.

Жұбанышы өздеріне “Көппен көрген ұлы той

Сасып отыр көпшілік, сен де сасыт жума, қой!”

Көп адасса, ыққан қойдай ортасында сен кетпе,

Адаспауға, даралардан ұқсашы бір ақыл-ой!

Жиырма төртінші сөзі:

Біздің қазақ ұқсамайды өзге жұртқа,

Ірітіп іштей жеген жегі құрт та?!

Жер жаҺанның қоры болып қалма, елім,

Жігеріңді бүкпе ішіңе, шығар сыртқа!…

            Нәсіп пен жауды іздеме, ортамыздан,

            Әр адам ой ойласын асып қырдан.

            Жақын кетіп, жат сені жарылқамас,

            Кесапат әрқашанда сыртымыздан!?

Жиырма бесінші сөзі:

Мал аяма, балаңды оқыт, мырза,

“Ит қазақ”боп қалмасын ортамызда.

Әр тараптың өнері мен тілін біліп,

Арсызданып жалынбай жүрсін, ол да!

            Тілін білсін, орыс, шүршіт басқа ма,

            Беттен қағып “ оны қой ” деп жасқама?!

            Қорық құдайдан, пенделерден ұялғын,

            Онсыз да сен, мал шашқышсың басқаға!

Жиырма алтыншы сөзі:

Надандар қуанбасқа қуанады,

Ренжіп, ұялмастан ұялады.

Ақымақтық әсері дендеп кіріп,

Әдет қылған, кім оны қия алады?!

Жүйрік ат, қыран тазы кімде болмас,

            Ойламаңыз, артында кімнің қалмас?!

            Тірлікте пенделерге бәрі қажет,

            Бірақ ол, ақиреттік жолдас болмас!…

Жиырма жетінші сөзі:

        (Сократ хакимнің сөзі)

Алланың  берген бізге ақылы бар,

Адамнан артық емес, жаны барлар.

Болашақ, өткені мен бүгінгісін,

Ойласа, Адам болып ол табылар.

            Ой мен сана бермеген мақұлыққа,

            Ұлықтайық, Алланы бек ұлықта.

            Адам еткен Аллаға қарыздармыз,

            Алла емес, біз зәруміз құлшылыққа!

Жиырма сегізінші сөзі:

Өз кінәсін пенде артар Алласына,

Күнәлі болып, алда ол қалмасына!

Жақсылық, жамандықты өлшейтұғын,

Сенбейді-ау, таразыға бармағына?!

            Алланың жаратқаны, бұйрығы – деп,

            Қол қусырып, адасқан имансыз көп.

            Жаратулар болғанымен құдай ісі,

            Пенделіктер өзімізден болады, тек!

Жиырма тоғызыншы сөзі:

Мақал бар іске татыр, татымайтын,

Қазақ түгіл, қазақтан жат ұқпайтын.

Білместіктен айтылған сөзден сақ бол,

Арзан сөз ойтаразы тарта алмайтын!

“Бермес сараң болмайды, сұрау жетпес”

            Дейтіндей мақалы бар, естен кетпес.

            Сұранып, қалап алған дәулет құрсын,

            Ондайлар еңбек етіп терін төкпес!…

v Отызыншы сөзі:

Ар мен ес, намысы жоқ, кең толғаусыз,

Балуан да батыр емес, үлкен ойсыз.

Адамдық, ақыл-ой жоқ, сасық кеуде,

“Құр мақтан” бұрқылдайды нағыз – арсыз!

“Бәріне де мен дайындап” ол тұрады,

            Жалған батыр, кеудесін сан ұрады.

Сертке тұрғыш, малына мырза емес,

            Құдай да, көпшілік те соны ұрады!…

v Отыз бірінші сөзі:

Естігенді ұмытпасқа төрт амал бар:

Әуелі, көкіректе бекітіп байлау болар.

Екінші, есті, көр, үлгі алып, ынталан,

Үшінші, қайта ойланып қойсаң жарар.

            Төртінші, ой кеселден сақтаныңыз,

            Кез болса салынып қалма жалғыз.

            Ақыл мен ғылымды тоздыратын,

            Күлкішіл, салғырттық, бұл – уайымсыз.

 Отыз екінші сөзі:

Талап етсең білмекке шарттары бар,

Сезілмесін “шарт қою” көңілге тар.

Іздену –  білімнің алғы шарты,

Әуелі, осыны бір үйреніп ал.

Екінші:

Не нәрсе, неге үйренсең Мақсат еткін,

Тайдырмайтын жолыңнан болсын ешкім.

Үшінші:

Өз жолыңды ұстарсың бұл Өмірлік,

Қорғап өтсең болады, соның ерлік.

Төртінші:

Пікірлессең ойыңды сатпа ешкімге,

Өзіндік пікірі жоқ, қорған кімге?!

Бесінші:

Уайымсыз, бей өмірмен салғырттық,

Ар, ақылдың дұшпаны – деп осыны ұқ!

Алтыншы:

Ғылым мен ақылды мінез сақтар

Берік болса сауытың ол тұрақтар.

Көрсеқызар емес, ол – жеңілтектік,

Қайрат ғана ақыл мен арды баптар.

v Отыз үшінші сөзі:

Әулиесі – қазақтың, қолөнермен мал табар,

Өнері оның жұтамас, малы жұтар күн болар

Алла берсе аз өнер, қазақтың көп кеселі,

Аз толғанып өтейін, содан беріп бір – хабар.

Ал, бірінші:

Өзгеден өнер қуып ізденбейді,

Сұрансаң ұсынатын тек біз – дейді.

Екінші:

Ерінбей еңбек етпей тояр қалып,

Бір-екі  ірі-қара малын алып!…

Үшінші:

Алданады, қу тілге жеткендей-ақ,

Қазақы мақтаншақтық мінезге сап.

Төртінші:

Жарылқап кетсе болды, таныс-тамыр,

Қарызбен отырады болып тақыр.

Қазақтың баласының өзі алдағыш,

Алданса, түсінбейді-ау оны – Пақыр!

v Отыз төртінші сөзі:

Адамның баласына адамдар – дос,

Сөз етпе қылығын пенденің бос.

Екі сөздің басын қосар білімі жоқ,

Хайуандар қатарына оларды қос!

            Бір ақылға сыймайды, қатар екі ой,

            Не тірлік, не ақирет ойланып қой!

            Баласы адамдардың бәрі бірдей,

            Жан денеге, сен өмірге қонақсың ғой.

Адамға сенген пенде мұрттай ұшар,

Құдайға сенген құлы құстай ұшар.

Көрсеқызар, күндестік пен білместік,

Кәпірлікке болдырады, нақ душар…

v Отыз бесінші сөзі:

Қажы болған неше дүркін екі бейбақ,

Барыпты-мыс, бір Аллаға тең аруақ.

Бұйырыпты біріншіге Тозақ орын,

Ұсыныпты екіншіге кең – Ұжымақ.

            Тартыныпты біріншісі там тозақтан,

            Шықпай қоймас демеңіз ол – Қазақтан.

            Қажы болып сонымен менде барғам,

            Депті “Алғыз анықтама” тірі жақтан?!

Абайдың сөзіне бір мысал еттім,

Кешіре гөр, бір Алла артық кеттім.

Рас пен жалғандықты  айыратын,

Үкіміңе әділ берер, тағзым еттім!

v Отыз алтыншы сөзі:

Ұятсызда болмайды ешбір иман,

Ұятсызға ұялып Мен қиналам.

“Ұятсызға ұятты” мені сөккен,

Кездеседі-ау, өмірде көп “ит-адам”!

            Ұялмасқа ұялу ақымақтық, жамандық,

            Ұят іске – ұялмау, барып тұрған надандық.

            Шариғат, ақыл және абиұрға жат,

            “Шын ұяттық, міне, осы” – деп атадық…

v Отыз жетінші сөзі:

Әр сөзі қалдырмайды еш бейтарап,

Мендағы көзбен шолып шықтым қарап.

Түсініксіз, түйсіксіз қалмас үшін

Өзің де қайта оқышы, көзі қарақ!…

            “…Болмайды, шырағым көпте ақыл,

            Салмақтап сөзімді, көрші мақұл.

            Ебін тап та, жөнге сал – деп айтамын,

            Адамдыққа қарыздар мен өткен – Ұл.

v Отыз сегізінші сөзі:

Ғашық болу, құлай сүю,

Үйренудің тілі біреу – Махаббат.

Махаббатсыз – ақыл, қайрат,

Ой, тілектің бәрі жат.

Ата-анасы, құрбы-құрдас, ұстазы,

Қойса игі балаларға – бар тараптан, бір Талап!

Иә, ұғын адамзатқа Үш қас бар:

Надандық – білім, ғылым ұқпағанның кеселі,

Еріншіктік – талапсыз, ез, ұятсыздық әсері.

Деп түсінгін адамзат осы, міне, үш дұшпан,

Залымдық та адам емес хайуан болу деген-ді…

v Отыз тоғызыншы сөзі:

Ар, намыс, табандылық азды білем,

Алдау мен дұшпандылық ниет кілең.

Шын пейіл мен рас кейіс бізде жоқ,

Заман емес, адам азған дүрбелең…

            Салтымыздың жиренер тозығы бар,

            Ойлан, бірақ тозбайтын озығы бар.

            “Екі аққуға бір басшы бола білген”

            Намысқор жігерлілер қазақта бар!…

v Қырқыншы сөзі:

Қазақ өлсе “жақсы адамғып”  шығарар,

Тірісінде іліп алар жақсысы жоқ, пірәдар.

Көрсеқызар, күндесшіл, өтірікші,

Ол он емес, тіпті жүздеп, мыңдап бар!

v Қырық бірінші сөзі:

Қазаққа ақыл берем, түзеймін – деп,

Ойланып, қарсы тұрар ортада көп.

Я, қорықпай, не пара алмай түзелер ме,

Болмаса бай-қуатты, зор өкімет!…

v Қырық екінші сөзі:

Қазақта жамандыққа болса үйір көп,

Білерсіз, ол жұмысы жоқтығы – деп.

“Жұмысы – жоқ, қарны – тоқтар азады”

Өсиет еттім, қазағым, қамыңды жеп!

v Қырық үшінші сөзі:

Ақылды адамда бар – ойтаразы,

Өлшемменен болады, көп пен азы.

Өлшеуін біліп қойшы, бір керек іс,

Өлшеусізден көбінде боқ шығады!

v Қырық төртінші сөзі:

Ең жаман адам  болар – ол талапсыз,

Құр талаппен жүрсеңіз, сіз дарақсыз.

Әуелі көкіректі тазартқан жөн,

Ақыл мен қайрат қосып бұлталақсыз!

v Қырық бесінші сөзі:

Адамшылық бастауы, ол – Махаббат,

Жан дүние табады, содан Ләззат.

Махаббатсыз болады, дүние – тұл,

Дүниенің бар асылы тек – Махаббат.

Серхан Малик

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394