Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 7230 0 пікір 30 Қазан, 2015 сағат 15:21

ОҚО ӘКІМІ БӘЙДІБЕК АУДАНЫН АРАЛАДЫ

Бейсенбiде облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов арнайы iссапармен Бәйдiбек ауданында болды, - деп жазады «Оңтүстiк Қазақстан» газетінің тілшісі Сабырбек Олжабай.

Өңiр басшысы алдымен Жыланды елдi мекенiндегi құрылысы бiтуге тақаған «Комсомол» мектебiне ат басын бұрды. Жаңа ғимаратқа облыстық бюджеттен 326 миллион 385 мың теңге бөлiнген. «Шұғыла» ЖШC /директоры М.Жанзақов/ таяу күндерi жеткiншектердi қуанышқа бөлемек. Пайдалануға берiлгелi тұрған нысанды аралап көрген Бейбiт Бәкiрұлы «Әр ауылда кiтапхана салынуы тиiс және оның кiтап қоры бай болуы керек. Cондай-ақ, алыс ауыл адамдары толыққанды ақпарат алып тұруы үшiн барлық елдi мекенде интернет желiсi болғаны жөн» дедi. Мектеп жанындағы 25 орынды шағын орталық жақсы жабдықталыпты. Кiтапхана, спорт, акт залдары кең де жарық.

Мұнан соң облыс басшысы осы елдi мекендегi «Шаян» индустриалды аймағымен танысты. «Бәйдiбек – мал шаруашылығына өте қолайлы аудан. Мұнда сүт бағытындағы iрi қара малды көбейту керек. Экологиялық жағынан ең таза өнiм осы жерде өндiрiлуi тиiс» дедi өңiр басшысы. Ауданда мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жандандырған жөн. Мал шаруашылығымен айналысушыларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Сондай-ақ, әкiм травертин тасын өндiру жобасына қызығушылық танытты.

Боралдай елдi мекенiнде «Қаратау» мәдениет үйi күрделi жөндеуден өтiп жатыр. Оған облыстық бюджеттен 81490080 теңге бөлiнген. «Жигита» ЖШC мәдениет үйiн сапалы жөндеуге барынша күш салып жатыр екен. Облыс басшысы құрылысшыларға қара суыққа ұрынбай тұрып жұмысты еңсерiп тастау керектiгiн ескерттi. Жалпы, ауданда 27 мәдениет үйi, 26 ауылдық клуб, 25 кiтапхана бар. Ауылы ажарлының адамдары базарлы. Базарлы жерде байлық бар. Өңiр басшысы облыстағы әрбiр елдi мекеннiң гүлденуiне барынша көңiл бөлмек. Өйткенi, байлық бастауы – ауылда.

Б.Атамқұлов Ақбастау ауыл округiндегi араб инвесторы шейх Халифаның құс өсiру орталығына барды. Оларға 895 гектар жер телiмi берiлiптi. Ауданға 3,5 миллиард теңгенiң шетел инвестициясы тартылған. Ерекше қорғалатын аймақта дуадақ өсiрiледi. Орталықта жергiлiктi 120 тұрғын еңбек етедi. Келешекте ауылдың 400 адамы осында жұмысқа тартылмақ. Бейбiт Бәкiрұлы жаңадан ашылған жұмыс орындарына жергiлiктi тұрғындарды тарту керек екенiн еске салды.

Шаян елдi мекенiнде салынып жатқан автоматты газ тарату стансасы 2020 жылы толық қуатында жұмыс iстейтiн болады. Биыл Шаян ауылының, ал, келер жылы Ақбастау, Шалдар, Бекбау және Екпiндi елдi мекендерiнiң тұрғындары «көгiлдiр отынмен» қамтамасыз етiлмек. Құрылыстың жалпы құны 918 млн. теңгеден астам. Құрылыс жұмыстарын «ОтауCтрой» ЖШC-i жүргiзуде. Облыс әкiмi құрылысшылармен кездесiп, жұмысты қарқынды әрi сапалы жүргiзу керектiгiн ескерттi.

Қазiргi таңда ауданда 158 отбасы тұрғын үй кезегiнде тұр. Осы мәселенi шешу үшiн облыстық бюджеттен 115 миллион 162 мың теңге бөлiнген. Бүгiнде 14 коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берiлген. Бейбiт Бәкiрұлы Бақдәулет Тұмтаевтың жаңа баспанасында болып, олардың дастарқанынан дәм татты. Б.Атамқұлов оларға қамқорлық көрсетiле беретiнiн жеткiздi. Өз атынан түрлi-түстi теледидар, компьютер сыйлады. Сондай-ақ, үй тұрмысына қажеттi басқа да жиһаздарды тарту етпек.

Өңiр басшысы денешынықтыру-сауықтыру кешенiнде болып, ауыл спортын дамытуға ерекше көңiл бөлiп жатқан бәйдiбектiктерге ризашылығын бiлдiрдi. Кешен құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 363 млн. теңге бөлiнген. Құрылысты «Бекназ және К» ЖШC-i жүргiзуде. Айналасы атшаптырым денешынықтыру-сауықтыру кешенiне арабтар да демеушiлiк жасауда. Теннис корты, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жабық және ашық стадиондары бар. Кешен ауылдағы сәулеттi спорт қалашығына айналмақ.

Бәйдiбек ауданы негiзiнен үш бағытта: ауыл шаруашылығы, травертин тасын және баламалы электр қуатын өндiру арқылы дамымақ. Осы бағыттарға барынша назар аударған Б.Атамқұлов бәйдiбектiктердiң ауызбiршiлiк пен ынтымақ арқылы келген табыстары мен жемiстi еңбектерiне оң баға бердi.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969