Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Билік 6490 1 пікір 28 Қазан, 2015 сағат 03:00

ОҚО-да СУРЕТШІЛЕР МЕН АҚЫНДАРДЫ ОҚЫТАТЫН МЕКТЕП БАР

Қазақ хандығының – 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлттық тарихымызды ұлықтайық» атты Республикалық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесінде қаламыздағы Б.Өтеп атындағы облыстық дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернаты ІІ орынға ие болды, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газеті.

Бұл білім ошағының көп жеңісінің бірі ғана. Өнер ордасының шәкірттері бұған дейін де талай белестерді бағындырып, биіктерден көрінген. Осы орайда, түрлі Халықаралық, Республикалық, облыстық байқаулардан оқ бойы оза шауып, жүлделі орындарды иемденген білім ұясының сырын білмекке өнер ордасына ат басын бұрдық.

 

Әлқисса…

2000-шы жылдары Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжінің жанынан көркемсурет студиясы болып ашылған өнер мектебіне сол кездері сұраныс көп болды. Алайда, колледж ғимаратының да, жатақханасының да ауылдан ағылып келіп жатқан өнерлі балалардың барлығын дерлік қабылдауға қауқары жетпеді. Салдарынан, талай баланың таланты тұншығып, ауылдан шыға алмай қалып қойды. Сол кездегі ОҚО жастар ісі және ішкі саясат департаментінің басшысы болған Д.Мыңбай мен облыс әкімі Б.Сапарбаев осыны ескеріп, өнер ордасының аясын кеңейтуді жөн деп тапты. Нәтижесінде, 2006 жылдың мамыр айынан бастап көркемсурет студиясы өз еншісін алып, Батырбек Өтеп атындағы облыстық дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернаты ашылды. Көркемсуреттен бөлек, ақындар сыныбы ашылып, оқушылардың саны екі есе артты.

Оқуға түсу оңай емес

Сөйтіп, өнерлі балаларды өзіне тартып, олардың бойындағы талантын аша білген өнер мектебінде бүгінгі таңда 294 бала оқиды. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қалима Амангелдиеваның (суретте) айтуынша, мұнда 6-шы сыныпты бітірген ауыл балалары конкурстық негізде қабылданады. Шығармашылық сынақ бір күнде, яғни жыл сайын дәстүрлі түрде 20-шы тамыз күні өткізіледі. Сондықтан болса керек, бұл күні бағын сынауға келетін балалар тым көп болады. 100 орынға 300 бала таласады. Бірінші сынақ – «мольбертке» орнатылған ақ қағазға сурет салу. Осылайша баланың өнерге деген қабілеттілік деңгейі сыналады. Екінші кезең әңгімелесуден (собеседование) тұрады. Мұнда комиссия мүшелері баланың оқуға өз еркімен келген-келмегенін сұрайды. Себебі, мамандардың айтуынша ата-аналардың арасында баласын еркінен тыс интернатқа жатқызып, мемлекет қарамағында болғанын қалайтындары да бар. Әңгімелесу барысында үміткердің өнердің қай түріне бейім екені де ескеріледі. Екі сынақтан да сүрінбей өткен балалардың нағыз таланттылары, яғни оқуға, өнерге деген қызығушылығы барлары ғана қабылданады. Мұндағылар құжаттарды қабылдау барысында оқу үлгерімін де назардан тыс қалдырмайды. Егер оқушының ақсап тұрған пәндері болса, ұстаздар соны тереңдетіп оқытуға күш салады. Оқыту демекші, мұнда 47 мұғалім өнерпаздарға білгендерін үйретіп, шыңдап жатыр. Сабақ кестесі кәдімгі жалпы білім беру стандартына негізделген. Яғни, бір сыныптың оқушылары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін, математика, тарих және т.б пәндерді түске дейін оқыса, ендігі бір сынып сол пәндерді түстен кейін оқиды. Ал, сабақтан соң оқушылар топтарына қарай көркемсурет немесе әдеби-музыка бағыты бойынша дәріс алады. Көркемсурет бағыты бойынша оқитындар: сурет, кескіндеме, композиция, сәндік қолданбалы өнер, дизайнның қыр-сырын меңгерсе, әдеби-музыка бағытын таңдағандар айтыс, терме, домбыра, ұлттық би, вокал, дәстүрлі әнді үйренеді. Оқушылардың өзін-өзі басқару мақсатында мұнда «Жас жауқазын» ұйымы, «Бәйшешек» қыздар клубы жұмыс істейді. Интернат болғандықтан балалар үйлеріне қайтпай оқиды. Сондықтан олардың оқудан тыс уақытын да қадағалау керек. Бұл үшін интернатта күндіз-түні жұмыс істейтін 19 тәрбиеші бар.

Шәкірттеріміз – мақтанышымыз

Талап пен тәртіп бар жерде білім үлгерімі де жақсы болатыны сөзсіз. Мұны Батырбек Өтеп атындағы облыстық дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернаты дәлелдей білді. Мәселен, мектеп-интернаттың оқушылары жыл сайын қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Сондай-ақ, арнаулы пәндер бойынша халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарға қатысады. Қалима Бәйдібекқызының сөзіне сүйенсек, оқушылардың мұндай жетістіктерге жетуі, олардың 9-сыныптан кейін өнер колледждеріне оқуға түсуін жеңілдетеді. Яғни, түлектердің 80-90%-ы облыстағы өнер колледждерінде білімін жалғастырады.

Айтпақшы…

Бастапқыда 180 балаға шақталып салынған мектеп ғимараты бертін келе оқушы санының артуы себепті тарлық етті. Осыны ескерген сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметов 2011 жылы мектеп жанынан 150 орындық жаңа оқу үйі мен спорт зал, асхананың салынуына мұрындық болды.

Түйін:

Өнерлі балалардың бойындағы ұшқынын өшірмей, әрі қарай дамуына дем беріп келе жатқан өнер мектебі талай жастың болашағына жол ашты. Әлі де талай дарынды жастың бағын ашып, аяғына нық тұрғызатыны анық.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019