АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ЭКСПО БАСШЫСЫ ЖЕТІСУ ӨҢІРІНЕ КЕЛДІ
Жақында «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Жетісу жеріне жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Амандық Баталовпен кездесті, - деп жазады Алматы облыстық "Жетісу" газеті.
Басшылар алдымен Іле ауданына қарасты «Даму» логистикалық орталығына барып, арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады.
Көрмеде тапсырыс берушілер өнім сапасын көріп, бағалау мүмкіндігіне ие болды. Мұнда облыс әкімдігі мен «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК АҚ арасында отандық тауар өндірушілерді «Астана ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің нысандарын салуға қатыстыруға бағытталған меморандумға қол қойылды.
– Өздеріңіз білетіндей, елімізде ЭКСПО-ның сәтті өтуіне дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Жақында ғана Елбасы атап өткендей, қазіргі дағдарыс өткен жылдардағыдан әлдеқайда күрделірек. Сондықтан, жаңа жұмыс орындарын ашу ғана емес, қазіргісін де сақтап қалу маңызды. Сол себепті біз осы келісімшарттарға қол қоюдамыз», – деді Ахметжан Есімов. Сондай-ақ, ол өз сөзінде биыл Милан қаласында өткен ЭКСПО-да еліміздің көрмесін миллиондаған халықтың тамашалағанын атап өтті. Ал, Амандық Ғаббасұлы: «Өздеріңізге белгілі, облыстың әлеуеті жоғары. Осындай үлкен жобаға біздің тауар өндірушілеріміздің қатысатындығына қуаныштымыз», – деді.
ЭКСПО бас мердігерлері жабдықтаушылармен болашақтағы бизнес әріптестігін Ынтымақтастық туралы меморандумдар мен нақты шарттармен баянды етті. Кездесу барысында Ұлттық компанияның бас мердігерлері отандық тауар өндірушілермен он бір келісімшартқа қол қойды. Атап айтсақ, бас мердігер «Сембол Иншат» АҚ бірден төрт келісімшартқа қол қойып, «PLAST Invest Production», «Компания Sonik», «Полимерметалл-Т» және «АЛЮГАЛ» ЖШС-тері компанияларымен жұмыс істеуге келісті. Осындай бірнеше келісім «Mabco constructions s.а» мердігерімен, «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС компанияларымен жасалды.
Сонымен қатар «АБК Құрылыс–1» компаниясы «Кнауф Гипс Қапшағай» және «Жетісу гранит» ЖШС-терімен келісімшартқа қол қойды. «Turkuaz YDA Stroy» компаниясы «Табиғи ресурстарды пайдалану және табиғатты пайдалануды реттеу» ММ, «САЭС Средаэнергострой» компаниясы «АСПМК–519» акционерлік қоғамымен, «СК Базис» компаниясы «Мекада» ЖШС, «Текели гранит» ЖШС-мен бірге жұмыс істеу ниетін меморандумда бекітті.
«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК АҚ мемлекеттік табиғи парктерімен де «Көлсай өзені», «Алтынемел», «Іле Алатау» мекемелерімен, сондай-ақ «Жібек жолы» және «Asia Discover» туроператорларымен меморандумға қол қойылды. Компания Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының және Астана қаласының әкімдіктерімен отандық тауар өндірушілерді қатыстыру туралы меморандумдар жасап, қол қойды. ЭКСПО –2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта өтетін болады.
Іле ауданы
Abai.kz