Жұма, 22 Қараша 2024
Бетбұрыс 6503 0 пікір 27 Қазан, 2015 сағат 17:32

АСТАНАҒА АБЭ КЕЛДІ

Бүгін Елордаға Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мырза ресми іс-сапармен келді. Бұл туралы abai.kz порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жапонияның  премьер-министрі болып қызмет атқарған 9 жылдың ішінде Абэ мырза Қазақстанға алғаш келді. Ал, дәлірек айтсақ, Синдзо Абэ  2006 жылы сол кездегі премьер-министр Дзюнъитиро Коидзуми мырзаның кеңесшісі ретінде қазақ топырған басқан-ды.

Орталық Азияда Қытаймен бәсекелес болуға ниет білдірген Абэ мырза Өзбекстан, Түркіменстан мен Қырғызстанға сапарынан кейін Қазақстанға арнайы ат басын бұрды.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі кездесуден кейінгі нәтижелер қандай болғанын баяндап берді.

Синдзо Абэ, Жапония премьер-министрі:

-Біріншіден, Жапония алдағы уақытта да Қазақстанның экономикалық реформаларын қолдайды. Әсіресе, мемлекеттік құрылым мен жеке секторларда. Біз бұл жөнінде келісімге келдік. Екіншіден, Қазақстандағы АЭС құрылысына келер болсақ, біз инвестиция құю жөнінен келісімге қол қойдық. Сондай-ақ, кадрлар даярлау, денсаулық сақтау, өнеркәсіп т.б. салаларда да бірлесіп жұмыстар жүргізетін боламыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті:

-Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығы жоғары елдер қатарында. Біз бүгін келісімге келгендей, сирек кездесетін металлдар өндіру, атом энергетикасы, банк секторы, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылық саласы мен транспорт өнеркәсібі салаларында бірлескен жобаларға қол қойылды. Бұл жобалар алдағы уақытта нәтижесін көрсетеді деп ойлаймын.

Айта кетейік, осыған дейін мәлім болғандай Синдзо Абэ мырза Өзбекстан Республикасына сапары барысында 8,5 миллиард долларлық келісімге қол қойған болатын. Ал Түркіменстанға жасаған ресми сапары 18 миллиард долларлық келісіммен аяқталған. Одан кейін Қырғыз Президенті Алмасбек Атамбаевпен кездескен Синдзо Абэ мырза 0,1 пайыздық мөлшермен Қырғызстанға 120 миллион доллар несие берген.

Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі барысында жүргізген келіссөздер нәтижесінде қабылданған жобалардың сомасы нақты қанша миллиардты (миллион) құрағаны туралы айтылмаған. Дегенмен, Астанада кездескен мемлекет басшылары біраз жылдар бойы үзіліп қалған Қазақстан-Жапония қарым-қатынасы қайта жанданатын күн алыс емес екендігін аңғартты. Осылайша Орталық Азияда экономикалық үстемдік жүргізу таласына Жапония да араласуға құлық танытып отыр.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322