ХАЛЫҚТЫҢ ӘНІ КЕТСЕ, ӘДЕБИЕТІ ЖЕСІР ҚАЛАДЫ
Көлдерімен келбетті, өзендерімен өрнектелген, асқақтаған таулары бар Жетісу өңірі Асан қайғы бабамыз желмаясын желдіртіп іздеген жер жанаты екені даусыз. Оның бір дәлелі бұлағы сылдырлап, құрағы сыбдырлап, қарағайы шуылдап ән салып тұратындығы. Сондықтанда болар Жетісу өңірі қай кездерде болмасын таңлайына бұлбұл құс ұя салған әншілерге, домбыраны саусағымен емес көңілімен сөйлететін күйшілерге, қырғи тілді ақындарға, өлең сөзді судай сапырып, ешкімге жеңістік бермеген шешендерге бай болған.
Шоқан Уәлиханов «қазақ тарихының Геродоты» деп атаған орыс ғалымы А.И.Левшин «Адамның ақын немесе музыкант болып туатындығын қазақтар тағы бір жаңаша дәлелдейді» деген болатын. Арнайы музыкалық білімі болмаса да ұлы даланың өмірін, философиялық тағылымын, кең пейілдігілін музыка тілімен жеткізіп өзге ұлтты өнерімен тәнті еткен халықтың өнерлі ұрпағы бүгінгі дүниетанымын, ой-арманын, кісілік қасиеттерін жеткізіп жүр ме? Жеткізіп жүр десек, «неліктен зиялы қауым сахнада кие, әнде жүйе жоқ деп күйінеді?» деген сауал алдымыздан көлденеңдеп шыға береді.
Кеңес үкіметіне дейін қазақ халқының әдебиеті мен өнерін көп зерттеген орыс зерттеушісі Г.Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп жазды. Шындығында солай еді. Той томалақтардағы ән-күй өз алдына, кешкі ауыл сыртында алтыбақан тепкен қыз бозбаланың бір-біріне деген сезімін жеткізуі, ұзатылып бара жатқан қыздың сыңсуы, өлген жұбайын жоқтаған жесірдің жоқтауы, үй сыртында жар салған жарапазаншы, жындарын шақырып зікір салған бақсы, алыстан ат арытып арнайы іздеп келіп жата-жастана айтысқан ақындардың өнері, таңды таңға ұрған жыршылар осылардың бәрі ән емес пе. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кіреді денең» деп данышпан Абай айтқандай жігітке өнерде өнер, өлең де өнер деп бар ғұмырын өнермен өрген халық «Бір әнді сатып алдым құнан нарға» деп әнді бағалаған. «Сұрасаң менің атым Таңжарбаймын ,болсам да малға жарлы әнге баймын» деп байлықтан әнді жоғары бағалайтын әншілері де көп болған. Қазақ халқының мәдениетін көп зерттеген,орыстың шығыстанушы ғалымы, мақсаты орыстандыру болып «Что нужно для обрусения инородцев» деп еңбек жазған Александр Алекторовтың өзі бір мақаласында «Сыртта соғып тұрған боран мен жылы зілмәңкеде отырып ән тыңдадым. Әнші тері тулақтың үстіне жайғасып отырып, домбырасының шегін қаға бастады. Шектің баяу дірілі, орындаушыға жақындай түскен адамдардың қозғалыс дыбыстары, домбыраның күмбірлеген,қайғылы дыбысы маған ерекше әсер етті. Мына сияқты қарапайым әнге-қарапайым музыкаға қанша поэзия сыйып жатыр! Қолдан істеген екі шекті домбырада мұндай нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім» деп жазады. Көзі ашық өркениетті елден келдім деген музыка зерттеушісін таңлайына тәтті өрік салғандай тамсандырған қарапайым екі ішекті домбырамен орындалған қазақ музыкасының құдыреті. Ал сол құдырет бүгінгі музыкамызда бар ма, бүгінгі композиторлардың қай шығармасы шет елді қойып өзімізді тамсандыра алады. Ақселеу Сейдімбек «Өз топырағында тамыр жаймаған өнер шет жақта бүршік жармайды» деген болатын. Белгілі бір кезеңде тойдың сәні болып, келесі бір ән лап етіп жанғанда жалп етіп өшетін әндердің тамыры мүлде жоқ деп айтуға болады. Көңілге жұбанышы «жұлдыздарды санаса да, чип,чип» деп тауықтарды шақырса да тойларда айтылатын әндердің басым бөлігі қазақ тілінде. Ал жастар көп баратын түнгі клубтар, жаз кездерінде демалатын бассейіндер, қыс кезіндегі сырғанақ тебетін орындар шет ел музыкасынан бір жаңылмайды. Солардың жанынан өтіп бара жатып жастардың сұранымына орай өнер тудыру керек пе, жоқ әлде жастарды тәрбиелейтін өнер тудыру қажет пе деген сауал көкейіңе орала береді. Көрнекті музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов «Әрбір ән-күй тарихтың әрбір кезеңін анық көрсетеді, тайға таңба бақсандай бейнелеп береді. Сондықтан да ән күйді халықтың басынан өткен кезеңдерді суреттейтін тарих десек қателеспейміз» дейді. Батыстың музыкасы басымдық алып, өз әндеріміз ұзатылған қыздың сыңсуына ұқсап кеткен қазіргі кезең тарихта бізді қалай суреттейді екен? Заман азды, талғам тозды деп айтуға ауыз бармайды. Бірақ көпшілікке кеңінен тарап кеткен кейбір әндердің мейлінше ұсақталып, жер бауырлап кеткеніне пұшайман боласың. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген ұғым өнерге де өрнегін сала бастады. Есігімізді нарық қағып, тіліміз теңге деп шыға бастағанда заманның қалпын базардың нарқын күні бұрын байқайтындар өнерді де табыс көзіне айналдырып жіберді. Мүмкін дұрыста шығар, біреуге үй керек, біреуге күй керек. Бұрын әншілер «бір әнді құнан нарға сатып алдым» десе қазіргі әншілер той томалақтарда әнін сатып жүр. Данышпан Абайдың «Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан. Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан. Сүйсінерлік адамды құрмет қыл, Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан» дегені осылай болатынын біліп рухани азық беретін дүние ұсақ түйек пендешілікке айналып кетпесін деген ескертуі.
Рухани азыққа байланысты бір ғана мысал келтіре кетейік. Фашизмнің қанды қырғыны басталатын шақта Гитлер өз әскерін рухтандыру үшін бір жыл бойы бүкіл Германияға Бетховеннің симфониясын тыңдатыпты. Өз ұлтының рухын сездіру үшін күні түні сарнаған симфония өз әсерін беріп, неміс әскерлеріне әлемді билейтін жалғыз біздерміз деген рух пайда болған. Кешегі кеңес үкіметі тұсында да «Батыр бала Болатбектен» бастап пионерді комсомолды, партияны жырладық, радио күні түні «партия қайда болса жеңіс сонда» деп санамызга сіңірді. Ал қазіргі жастардың айтып жүрген әндері не жайында. Патриоттық әндер белгілі бір шараларда ғана айтылады, ал күнделікті еститін махаббат тақырыбындағы әндер бір сарын. Жыламсырап айтатын жылаңқы әндер. Осындай әнді тыңдайтын , бұның өзін де менсінбей шет елдің даңғаза музыкасын басына жастанып ұйықтайтын бала да ұлттық рух бола ма? Исраил Сапарбаев «Қазақ әдебиетіне» жазған «Сахнада кие, әнде жүйе жоқ» атты мақаласында «Әсіресе, ән мәтінінің қалай болса солай жеңіл желпі, сауатсыз, жадағай жалаң жазылып жүргені жүрек сыздатады. Қазір әмбебап сазгерлер көбейді: әні мен сөзін өзі шығарады, өзі жазады, өзі айтады.Оған тарсыл гүрсіл, арсың гүрсің сүйемел қосқанда әннен сән сөзден мән қашады. Тек көзіңді тарс жұмып ал да аяғыңа ерік бер» дейді. Жасыратыны жоқ кейбір концерттерде әншіге қарап қарның ашады. Алқын жұлқын қимылдап қалай болса солай киініп сахнаның киесінен қорықпайтын, көрерменді сыйламайтын әншілер пайда болды. Облыс орталығына келіп өнерлерін көрсетіп жүрген әншілер көп. Аптасына кейде екі-үш концерт өтеді. Телеарналардан бейнебаяндарын көріп, радиодан әндерін естіп жүрген әншілер келгенде арнайы барамыз. Өзің сияқты өнерді тамашалауға келген адамдардың көп екеніне риза боласың. Алайда сахна сол баяғы қалпында төрдегі лед экраннан басқа ештеме жоқ екенін көріп көтеріңкі көңілің сәл басылғандай болады. Қазақтың тойы сияқты концерті де уақтысында басталмайды. Біраз күттіріп барып әнші сахнаға шығады. Жолдан келіп киімін ауыстырып үлгермеген-ау деп ойлап үлгересің. Концертін өзі жүргізіп, жол жүріп келген киімін ауыстырмастан, жалғыз өзі бір жарым сағат фонограммамен ән салып шығады. Лед экран қосылмастан сол баяғы қап-қара қалпында төрде түнеріп тұрады. Өнердің насихаты емес күн көрістің амалы екенін еріксіз мойындап, «Көңілге түрлі ой салар» деп Абай айтқандай жүрек қылын тербейтін әндер жайында емес пендешіліктен өнерге қарай созылған көңілдің жібек жібіне күнделікті күйбең тіршіліктің қаншама қара қарғалары қонақтағанын санап үйге қайтасың.
Неміс музыканты А.Эйхгорн «Қазақтардың қарапайым саздары мен сөздері айналадағы табиғатпен үндесе келе, оның сырт өмірден алған әсерін табиғи қалпында беріп, сезімдерін ешбір қалтықсыз баяндайды» деген болатын. Бүгінде табиғат өзгерді ме, әлде табиғатты түсінуден қалдық па? Күләш Ахметова «Мен қазір айқайламай айтатындарға, жыламай жырлайтындарға қызығамын» дейді. Бір әнші міне менің даусым қандай деп айқайласа, даусы жоқ бірақ әншімін дегендер жылап айтады. Ең өкініштісі соңғы кездері айтылып жүрген қазақ әндерінің кез келгеніне басқа тілде сөз жазып айтатын болса сол елдің әні болып шыға келеді. Біреулер музыка ұлтқа бөлінбейді дейді. Ал Ақселеу ағамыз «Музыканың тілі ортақ деген пікір дұрыс емес. Музыканың да ұлттық тілі, иірімі, әуезі бар, ол өз топырағында дүниеге келген халықтың болмысымен біте қайнасып жатады» дейді. Мың жыл бұрын өмір сүрген Қорқыт күйлерінің бізге жетуі, сегіз жүз жыл тарихы бар «Ақсақ құлан» күйінен бүгінгі ұрпақ рухани азық алып отырғаны болмысымызбен біте қайнасып жатқанының дәлелі емес пе? «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім қажы айтқандай бүгінгі әндердің ішінде де «әуені бөлек» жақсы туындылар бар. Бірақ олар той томалақта айтылатын бір-екі жылдық өмірі бар әндердің көлеңкесінде қалып жатыр. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Айқап» журналына музыка жайында жазған «Өлең және айтушылар» деген мақаласында «Байқаймын, біздің қазақ әнқұмар халық... Біреу қолына домбыра ұстап, ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиылып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді... Бір халықтың әні кетсе әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді... әнді сақтаудың қамын қылыңдар» деп ескертіпті. Бүгін біз шет ел зерттеушілерін таң қалдырған өнерімізді сақтап қалудың қамын жасап жатырмыз ба? Әр әнші өз әнін жарнамалап жүрген заманда бұл сауалға кім жауап бере қойсын. Бір ғұлама «Егер жер бетінен әдебиет пен музыканы алып тастасақ онда тек техниканың тарсылы мен тиынның сылдыры ғана қалар еді» деп айтқан екен. Халықтың жүрегіндегі сезімді сол халықтың жанын тербейтіндей дыбысқа айналдыра алатын, Сұлтанмахмұт ағамыз айтқандай «әнін сақтайтын, әдебиетін жесір қалдырмайтын, сәнін кетірмейтін» өнерлі азаматтардың бар екендігіне өз басым сенгім келеді.
Жұмахмет Жайлаубаев, Талдықорған қаласы
Abai.kz