Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзіңе сен 6410 0 пікір 27 Қазан, 2015 сағат 03:00

ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Г. Әбдіқалықова,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.  

Бағзы дәуірлерден әрбір қоғамның темірқазығы мен діңгегі саналатын отбасы институтының халқымыздың өміріндегі әлеуметтік рөлі мен асыл құндылығы ерекше.  Ғасырлар бойы «Отан – отбасынан басталады» деген тәмсіл қазақ қоғамында бұлжымас тұжырым ретінде тамырын тереңдетіп, Ұлы Дала елінің мызғымас әлеуметтік тұғырнамасына айналды. Сондықтан, отбасылық әулеттің негізгі тіректері – қарияны қадірлеу мен  әкені құрметтеу, ананы ардақтау және балаға жастайынан тәлімді тәрбие беру ұлтымыздың ұлағат мектебі және өнегелік салты ретінде бекіген.  Ұрпағының бойына ұлттың салиқалы салт-санасын сіңіріп, ұлын имандылыққа, қызын инабаттылыққа тәрбиелеген, ақадал еңбегімен ел-жұртқа еленген отбасы қашанда берекелі шаңырақ ретінде өз ауыл-аймағында ерекше беделге ие болған. Яғни, ірі дала философтарының бірі Бұқар жыраудың «Ақтың үйі – ақ мешіт» деген сөзінің астарында терең ақиқат жатыр. Мұндай көшелі отбасының үйіне арнайы түсіп, ақ дастарханынан дәм тату үлкен құрмет саналғаны белгілі.

Ел дамуының ұзақ мерзімге белгіленген бағдарламасы – «Қазақстан-2050» стратегиясының түпкі мақсаттарының бірі дені сау, бәсекеге қабылетті, білімді ұрпақ өсіруге, аға буынның қамсыз қарттығына қолдау көрсетуге, ана мен баланың құқығын қорғауға, әр отбасының берекелі өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Қоғамда осындай рухани-әлеуметтік діңгегі берік отбасылық құндылықтарды тереңдету мақсатында Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылы Жар­лығымен қыркүйек айының екінші жексенбісін «Отбасы күні» мере­кесі ретінде бекітіп, айтулы дата биыл екінші жыл атап өтілмек. 

Қытайдың ұлы ғұламасы Конфуцийдің «қоғамды топтастыру үшін ең әуелі отбасыны нығайту және қарттар мен ата-аналарға құрмет көрсету қажет» деген сөзі бүгінгі қоғамда да өзінің мән-мазмұнынын азайта қойған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, былтырдан бері өткізіле бастаған «Мерейлі отбасы» байқауы елдің өркенін өсірер өнегелі шаңырақтарды үлкен-кішіге үлгі етіп, Отанымызда отбасын ұлықтаудың мемлекеттік тұрғыдағы жаңа қадамы ретінде қалыптасуда. Бұл – мазмұны жағынан да, тәрбиелік-өнегелік тұрғыдан да өзгеше іс-шара. Яғни, аға буынға «артымда қандай ұрпақ қалдырам?» деген ой салып, жас буынды әке салған жолды жай ғана жалғастырып қоймай, тың идеялармен байытып, жаңаша қарқынмен жетілдіруге жетелейтін, қоғамды ізгілендіріп, рухани байытатын «Мерейлі отбасының» мәні тереңде жатыр. 

Өткен жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының тұңғыш жеңімпаздарын марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ХХІ ғасырдың ортасында «отбасыларының басым көпшілігі молшылықта, мамыражай өмір сүріп, балаларын тәрбиелеуді, оларға сапалы білім беруді басты мұрат ететін, аға буынға қамқорлық танытып, салауатты өмір салтын ұстанатын елдер ең дамыған мемлекеттер болатынын» атап көрсетті. Бұл жаһандану дәуірі де отбасы мен бақытты неке құндылықтарының бағасын арттыра түсіп, оны жетістікке жетудің басты шарты ретінде биікке көтергенін көрсетеді.

Елбасының отбасыға жағдай жасап, оның беделін арттыру мақсатында берген тапсырмаларының аясында «Отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары» бекітілді. Өз кезегінде аталған жоспар елімізде осы бағытта жүргізілетін барша жұмыста басшылыққа алынатын құжатқа айналып, оның орындалуын жергілікті уәкілетті органдар бақылауында ұстап отыр.  

Отбасыға қатысты маңызды жұмыстың негізгі мәйегі болып отырған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері  және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамын күшейту туралы тапсырмаға сәйкес оның құрылымы өзгертіліп, жұмысына азаматтық қоғамның беделді өкілдері тартылды. Атап айтсақ, дара даусымен танылған дарынды әнші, көпбалалы ана Қарақат Әбілдина, қазақ қыздарының қатарында тұңғыш рет ең жоғары әскери шен –  генерал атағын иемденген прокуратура саласының саңлақ маманы Сәуле Айтпаева, қоғамдық белсенділігімен танылып, ерте жастағы ықтиярсыз некеге қарсы шаралар қолданып, ата-ананың асырауынсыз балаларға қолдау көрсетіп жүрген Әсия Хайруллина, талантты тележүргізуші ретінде көпшілікке танымал болған белгілі журналист Айгүл Мүкей және басқа да белсенді қайраткер қыздар бар. Сонымен бірге, бұл жұмысты жүргізуде мемлекеттік органдардың белсенділігінің арта түсуін – Отанымыздың күш- қуаты отбасының игілігі мен әл-ауқатына байланысты екендігін шынайы қабылдау деп ұғынуға болады.

Бүгінгі ғылым мен техника өріс жайып отырған өркениетті қоғамда өңірлердегі әлеуметтік әл-ауқат ахуалына мониторинг жасап отыру аса маңызды. Бұл мақсатта 20 бағыт бойынша әлеуметтік проблемалар картасы жасалып, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің халыққа ұсынып отыруы құптарлық. Бұл картаға жасөспірімдер арасындағы қылмыс жасау деңгейі, халық арасындағы, соның ішінде әйелдер мен балалардың есірткіге әуестенушілігі, ана мен баланың өлім-жітім деңгейі, жасөспірім қыздардың арасындағы жүктілік, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны сияқты көрсеткіштер жинақталып, олар бойынша нысаналы шара қолдануға септігін тигізуде.  

Жетім және қамқоршысыз қалған балалардың бірыңғай жалпыұлттық дерек қорын қалыптастыру бойынша Білім және ғылым министрлігі дәйекті жұмыс жүргізе бастауы да істің ілгері басуына септігін тигізбек. Бұл ретте ақпараттық жүйенің оңтайлы түрі ойластырылуы балалардың бұл санатына қатысты мүдделілік танытатындардың (бала асырап алғысы келетін адамдар; перзентханалар, балалар үйлерінің басшылары, қамқоршылық және қорғаншылық органдарының мамандары; орталық мемлекеттік органдар (Білім және ғылым министрлігі,  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Әділет министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шетелдік мекемелері және т.б.) өзара іс-қимылын оңайлатып, өзара ұштастыруға көмектеседі. Бұл жұмыстың бағдарламалық қамтамасыз етілуі үшін 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетте 330 млн. теңге қаражат көзделген.

Қазіргі ақпараттық қоғамда теледидар, баспасөз арқылы жастарға отбасылық құндылықтардың мәнін, бақытқа жету жолында шаңырақтың іргесін берік ұстау қажеттігін, әрбір жарасымды жанұя мемлекеттің мықты уығы екенін жан-жақты түсіндіріп, санасына сіңірудің маңызы зор. Бүгінгі таңда «Отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын» ақпараттық сүйемелдеу бойынша жұмыс жүйеленіп, бір жыл ішінде республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында отбасы институтын ілгерілетуге бағытталған 8500-ге материалдың көпшілік назарына ұсынылуы елеулі көрсеткіш. 

Бала асырап алатын азаматтардың құқықтық ортасын күшейту мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді.  Онда өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды, балаларды  қорғаудың құқықтық негіздері, бала асырап алудың тетіктері ойластырылған. 

Елде бала асырап алу ісінде оң өзгерістердің орнығып, соның арқасында бірнеше интернаттық ұйымдардың жабылғаны көңілге қуаныш ұялатады. Жүргізіліп отырған жұмыстар қазыналық жетім балалар үйінен гөрі отбасылық үлгідегі балалар үйін ашудың тиімділігін анық байқатты.  Атап айтсақ, Жамбыл облысында осындай 4 отбасылық балалар үйі, Қызылорда облысында отбасылық балалар ауылы ашылды. 

Нәтижесінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңытпаған ұлттық қасиетіміз қайта жаңғырып, 2008-2013 жыл аралығында республикамызда  балалар үйлеріндегі 22 мың 163 сәби отбасылық ортаға оралған. Биылғы жылдың алты айында қазақстандық азаматтардың отбасы қамқорлығына алынған 256 баламен толықса, 118 бала патронаттық тәрбиеге берілді, 158 баланы  асырап алды.

Ана мен баланы қолдау, жетім балаларға қамқорлық жасау бағытында орталық мемлекеттік органдар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған, жас нәрестелі аналарға арналған «Аналар үйі» – «Дом мамы» дағдарыс орталықтарына қолдау көрсету ісі біртіндеп жолға қойылуда. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Астана қаласының, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері денсаулық сақтау басқармалары мен дағдарыс орталықтарының арасында «Аналар үйі» – «Дом мамы» жобасы бойынша меморандумдарға қол қойды. Ішкі істер министрлігі тарапынан кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердің аталған орталықтармен бірлесе жұмыс істеуі жолға қойылды. Әйелдерді  тұрмыстық зорлық-зомбылықтан  қорғау бойынша  ішкі істер бөлімшелері қабылдап отырған шаралар туралы қоғамның кеңінен құлақтануына, адасқан жастарды жолға салуға мән берілуде. Бұл жерлерде басты мақсат – жазалау емес, қолдау көрсету және отбасын сақтап қалу екені басты назарда ұсталуда.  Қазіргі кезде еліміздің 15 өңірінде «Аналар үйі» - «Дом мамы» атауымен қиын жағдайға тап болған жас аналарға қолдау көрсетуге арналған 20 орталық жұмыс істеп жатыр. Мұндай мекемелердің жұмысы жас әйелдің үлкен өкінішке апарып соқтыратын қадамдар жасамауына бағытталған. Бүгінге дейін осындай орталықтарға 1000-ға жуық әйел хабарласып, оларға тиісті қызмет көрсетілген.

«Баласын тастап кету» сияқты адами түсінікке жат қадам қай қоғамда болмасын кездесіп тұратын жағымсыз құбылыс. Бірақ, оның көбейіп кету себебін анықтап, алдын алу жолдарын қарастыру барша қоғамның алдында тұрған міндет. Соңғы жылдары бұл мәселені қоса алғанда, отбасының рөлі, оның мәні әртүрлі алаңдарда талқылануда. Оларға белсенді түрде қатысып жүрген Ұлттық комиссия мүшелері ата салтымызға тән моральдық-этикалық және рухани адамгершілік құндылықтарды жаңғырту қажеттігі мәселелерін алға тартуда.

Елбасының мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі негізінде жұмыс істейтін, жас отбасыларға, жалғызбасты аналарға, балаларға, қарттарға жан-жақты көмектесетін  институттар желісін дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға «Отбасылық тәрбие институты», «Қазақ қызы», «Отбасым», «Жас отбасы мектебі», «Отбасылық тәрбиелеу» сияқты қоғамдық бірлестіктер үлес қосуда. Олар қоғамда отбасы мен отбасылық құндылықтар мәртебесін нығайту, жұртшылықпен өткізілетін  ағарту жұмыстарын жүргізуге әдістемелік көмек көрсету бойынша тиімді жұмыс атқаруда.

Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше стратегиялық саясатының арқасында  Қазақстан мемлекеті деген үлкен шаңырақтың уықтары – әрбір отбасының ортасы толып, рухани-әлеуметтік діңгегі беки түсуде.  Мәселен, статистикаға жүгінсек, 1994 жылы елімізде дүниеге келген сәбилердің саны 305 мың 624 баланы құраса, арадағы жиырма жыл ішінде нәрестелердің дүниеге келуі сатылап өсіп, 2014 жылы 399 мың 951 бала дүниеге келді. Яғни, салыстырмалы көрсеткіш 100 мыңға жуық сәбиге артуын республикамызда ана мен балаға жасалып жатқан мемлекеттік қамқорлықтың шынайы үлгісінің елеулі нәтижесі деп бағалауға болады.

Әлбетте, қоғам болған соң отбасы және неке институтына қатысты күрделі мәселелер мен көкейкесті проблемалардың да бар екенін ашық айтуымыз керек. Бұл тұрғыда жас отбасылардың ажырасуы, тастанды балалардың тағдыры, тұрмыстағы зорлық-зомбылық сияқты келеңсіз фактілердің орын алып жататыны жұртшылыққа мәлім.  Қоғамдағы мұндай қолайсыз оқиғалар тым етек алып кетпесе де, ел ішінде тарала бастауы алаңдатарлық жайт.  Сондықтан, осындай кеселді құбылыстармен бүкіл халық болып күресіп, тұнығымызды лайламай, тұмамызды таза ұстау баршамыздың ортақ парызымыз.

Отбасы институтын нығайтуда атқарылып жатқан жұмыстарға біршама шолу жасай отырып, еліміздегі өнегелі отбасылардың мерейін тасытатын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының биылғы өткізілу барысына келсек, байқаудың өңірлік кезеңі аяқталып, бүгін жеңімпаздар финалдық сайысқа қатысады. Яғни, Ұлттық конкурстың қорытындысы республикамыздағы 4 миллион 728 мыңнан астам отбасының ортақ қуанышы, төл мерекесі.

Қазірдің өзінде конкурсқа деген жұртшылықтың ықыласы мен қызығушылығын танытатын факторлар анықталып отыр. Мысалы, биылғы жылы оған қатысушылар саны өткен жылғыдан 1,7 есе көбейген. Қатысушылардың басым көпшілігі – ауылдық жерлердің тұрғындары (2014 жылы – 16%); Өткен жылғымен салыстырғанда көп балалы отбасылар саны екі есе, жас отбасылар саны бір жарым есе көп.

Конкурсқа 319 еңбек әулеттері мен 19 этнос өкілдері қатысып отыр. Бұл отбасыларды ерекшелендіретін қасиет – патриотизм, аға буын өкілдеріне деген құрмет, рухани-адамгершілік негіздердің беріктігі.   Солардың ішінде Отанға, қоғам игілігін арттыруға ата кәсіпті жалғастыру, әке-шеше ұстанымын дамыту арқылы қызмет етіп жүрген,  отбасында алған тәрбиенің арқасында Қазақстан атын әлемге танытқан отбасылар халық назарына ілігіп, құрметке бөленері анық.

Өткен жылы Ұлттық конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ» деп атап көрсетті. Бұл – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының мағынасын ашатын басты ұранына айналуы тиіс. Жарқын мереке отбасының мерейі арқылы жас ұрпақтың бойына отаншылдық дәнін егетін, оларды ата-анасындай отбасы құруға ұмтылдыратын тағылымды іс-шара ретінде жалғасатынына сенім мол. Яғни, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ұрпақтар сабақтастығын жария ететін, әулеттің бір буыны бастаған жақсы бастамасын екінші буыны жалғастырғанын, Ұлы Дала еліне қызмет етудің ең озық үлгілерін көрсетіп, сүйсіндіретін, өнеге алатын сайыс болуымен де қоғам алдындағы құндылығы арта түспек.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371