Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 4838 0 пікір 26 Қазан, 2015 сағат 10:40

ӘР ҚАЗАҚ ҚАНДАСТАРЫНА РИЗА!


Өткен ХХ ғасырдың басында  олар (большевиктер), Еуропа мен Азия құрылығындағы барлық ұлттық мемлекеттерде социализм орнатты. Басын, бірінші болып бұрынғы он бес ұлттық мемлекетті бір ұлтсыз Одаққа зорлап кіргізуден бастап, олар өздеріне көрші елдерде дәл өздерінікіндей етіп социалистік қоғам құрды. Орыс елінің барлық байлығы осыған шашылды. Ал, өздері ішетін ас, киетін киім, басына баспана таба алмай аштан қырылып жатты.

Олар содан кейін ауызды жұмысшы табы жоқтың қасы Азия елдеріне салды. Алайда, олардың ауызша уағыздары Қазақ еліне жүрмеді. Осы аласапыран кезеңде Алаш арыстары қарап отырмады. Олар 1918 жылы Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж. және Х.Досмұхамедовтер, А.Бірімжанов, М.Тынышбаев, М.Шоқай және т.б. бастаған азаматтар Алашорда өкіметін орнатты. Олар енді болшевизмге (ұлтсыздыққа, дінсіздікке) қарсы елдермен одақ құрып, ашық айқасқа шықты. Алаш Орданың ақтармен бұл бағыттағы алғашқы байланысы, 1918 жылы 8-ақпанда большевиктер тұтқындаған Сібір облыстық Думасының орнына құрылған Уақытша Сібір үкіметімен болды. Алаш Орда жетекшілері атаман Дутовпен, Самардағы Құрылтай жиналысы мүшелері Комитетімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы Алаш Орданың ұстанар бағытын айқындауды қажет етті. Сөйтіп, қазақ автономиясы өлкеде әлеуметтік-саяси негізі жоқ Кеңес үкіметіне (ұлтсыз, дінсіз, тек қана кедейлер мен қылмыскерлерден тұратын большевизмге) қарсы ашық күреске шығып, ақтарға қосылды. 

Олар ұлтшылдар (ақтар, ақиқат, аға және дін) мен интернационализм (коминтерн, космополитизм, большевизм, қызылдар (кедейлер) және дінсіздік) арасындағы қанқұйлы соғыс шырқау шыңына жетті. Еліміздің сан миллиондаған азаматтары осы жолда Ата салтын (Ата заңды, ата Дінді) қорғаймын деп опат болды. Большевизм (дінсіздік пен ұлтсыздық)  жеңіске жетті, бір жыл үш айдан кейін Алаш Орда өкіметі құлады. Алаш қайраткерлеріне Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жарияланса да, Кеңес үкіметі күшіне мінгеннен кейін, олардың ұлтсыздыққа (большевизмге, дінсіздікке) қарсы күресін кешірмеді, кешіре де алмайтын еді. Олар Алаштықтарды ұлтшыл-фашистер деп айыптады. Түрлі әдіспен бүркемеленген қудалау арқылы, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты. Бұл зобалаңнан аман қалған саусақпен санарлық зиялы қазақ азаматтары, өмірлерінің соңына дейін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комиеті назарынан тыс қалмады. Ал атылғандардың үрім-бұтақтары да соңғыларының кебін киді. 

Себебі, олардың (негізгі қорғаушы күші түрмеден босаған қылмыскерлер болған, яғни заңды ел билігіне қарсы шыққан большевизмнің) алдында жалғыз жол тұрды. Ол, бүкіл елді (қазақ халқын) қайта бас көтермейтіндей етіп қырып тастау болатын. Сол үшінде Қазақ еліне 1925 жылы ел ішінде «Қужақ» деген лақап атқа ие болған Голощекинді «Кіші Қазан төңкерісін» ұйымдастыру үшін бірінші басшы етіп жіберді. Голощекин мұнда келісімен маңайына өзіне қолайлы, айтқанынан шықпайтын, неғұрлым шала сауатты адамдарды топтап жинады. Ол алған тапсырмасын солардың көмегімен толықтай орындады. Алласын аузынан тастамай, Атасының өзі түгілі, аруағына дейін сыйлап отырған арлы халықтың (Арыстардың) үштен екі бөлігін қырып жіберді. Дәлірек айтқанда, сол 1930 жылдардағы Голощекиннің жасаған геноцитінде халқымыздың тең жартысы аштан қырылып, бір бөлігі аман қалу үшін еріксіз шетел (Түркмен, Қарақалпақ, Ауған, Иран т.т.)  асты… Сол жылдары қазақ елінің ұлттық мәдениеті мен дінін алға сүйрейтін зиялы қауым өкілдері түгелге жуық қырғын тапты. Ел билігі дәл Орыс елінің өзіндегідей, Құдайдан қорықпайтын, имансыз, сауатсыз, ауыр қылмыстары үшін түрмеге қамалып, төңкеріс кезінде босатылған атышулы қылмыскерлер мен солар құрған қылмыстық топтардың қолына көшті. Білімсіз (сауатсыз, шежіре мен тарихтан бейхабар) жұмысшы табы мен шаруалардың оларға қарсы тұратындай қаухары болмады.

Сол қырғыннан аман қалған көш елге әлі оралуда… Бірақ, соңғы кезде сол көштің алдына қазақстанның орыс тілді билігімен әр түрлі негізсіз, қитұрқы сылтаумен тосқауыл қойылғаны бірде-бір қазақ баласының көңілінен шыққан емес. Осы отырған Сіздер арқылы, Шет жерде жүрген қандастырыма айтарым: Бауырларым! Сәл шыдаңдар! «Мың өліп, мың тірілген қазақ» — бұл. Ел мен Елбасымыз аман болса бәрі реттеледі. Ал, олардың  аман болатынына ешқандай күмәндарыңыз  болмасын. Еске ұстайық! Қазақтың қарашаңырағының иелері олар емес, сондықтан қазақтың Ата-жұртының билігін өзге пиғылдағы жандар ешқашан ұзақ ұстап отыра алмайды. Бауырларым! Елге оралыңдар! «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген Ата өсиетін естеріңнен шығармаңдар. Біздер, яғни «қарашаңырақ» иелері (Ата жұрт) сендердің елге оралуларыңды әрқашанда шын ықылас, ниеттерімізбен, асыға күтетін боламыз. Оған күмәндарыңыз болмасын. Біз сіздерге дән ризамыз. Қаншама жыл, (алдыңғы көштің жат жерде қалғанына қаншама ғасыр) жат жерде жүрсеңіздерде осы уақытқа дейін сіздердің Қазақ аталарыңның ошағының отын өшірмей, тілін, дінін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап  жүргендеріңіз үшін. Әйтпесе, туған жерде жүріп-ақ «арын» саудаға салып, тілін, дінін жоғалтып алған қазақ қаншама қазір.

Елге оралған Қандастарым! Біз Сіздерге дән ризамыз. Айтар алғысымызда шексіз. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген Атам Қазақтың ұлағатты сөзін басшылыққа алып, елге оралдыңыздар. Көшіп келу, тіркеуге алыну, азаматтық алу,  баспана табу, жұмысқа орналасу әсіресе Қазақстан билігінің орыс тілін меңгеру  сияқты көптеген қиыншылықтарға тап болып жатсаңыздар да, еш қиналыстарыңызды білдірмей, тез сіңісіп еліміздің ел болып ұйысуына ат салысып кеттіңіздер.

Сіздер біздің мына  солтүстіктегі көршіміздің 300 жылға жуық толассыз зорлықпен жүргізген солақай  саясатының салдарынан тілімізден, дінімізден, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздан қол үзуге шақ қалып, жанталасып жатқан сәтіміз де өздеріңіздің елге оралуларыңызбен, жоғарыдағы дүниелердің бәрін қайта келтіруге елеулі үлес қостыңыздар. Елге ел қостыңыздар, күшке күш қостыңыздар, қатарымыз көбейді; жаттың ықпалымен ауытқыған ұлттық болмысыз, қайта қалпына келіп жатыр. Араларыңызда Атам Қазақтың төл ғылымы: Шежіре-тарихымызды, Тіліміз бен дінімізді, Ата салтымыз бен дәстүрімізді, таза қазақи болмысымызды қалпына келтіріп, оны ары қарай дамытуда қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан Ислам Жеменей, Нияз Тобыш сынды көптеген азаматтар бар.  Олар: марқұм болған ғалым, ағартушы, халық емшісі Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы; марқұм ақын Жарылғап Байбарақұлы Қырықмылтық; зерттеуші, ғалым, аудармашы Қажы Мұхаммед Батырұлы Шадхам; ақын, әрі парсы елінде жеңіл атлетикадан алты дүркін жеңімпаз болған Әбу Бәкір Мұхаммедұлы Павиз; белгілі ұстаз, сонымен қатар қазақтың әдет-ғұрып, салт дәстүрін жергілікті баспасөзде үнемі дәріптеп жариялаған Тойжан Бабық; әр салада абыройлы қызмет атқарып, қазақты жүрген ортасына жақсылығымен танытып «Ел азаматтары» деген құрметті атаққа ие болып жүрген Мұхамммед Әбілұлы Ескелді; Әбжел Ізбасұлы Арманд, Сапура Ідірісқызы Жеменей сынды қарындасымыз т.б. көптеген азаматтарымыз  бар. Біз Сіздерден келешекте де зор үміт күтеміз. Үміттерімізді ақтайтындарыңызды да білеміз. Біздің оған еш күмәніміз жоқ.

Ата жұрт өз ұрпақтарын ешқашан ұмытпайды. Өлісін де, тірісін де. Жақында Қазақтың әйгілі жорық жырауы атанған, ақын және қол бастаған батыр Қосай ата ұрпағы Қалнияз жырау Шопықұлы мүрдесінің сонау Тәжік даласынан Отпан тауға әкелініп жерленуі осы айтқанымның айдай айғағы болмақ.

Тағы бір арнайы тоқтала кетейін дегенім, өткен ғасырдың 1919 жылғы дерегінде Маңғыстау мен Үстіртте 350-400  мыңдай Қаз Адайлар болған. 1930 жылдардағы көтерілістен кейін бұл жерде 35-40 ғана адам қалды. Демек, бұл әрбір он адамның тоғызы сол соғыста қаза тапты, аштан қырылды, қалғандары ұрпақты сақтап қалу үшін өзге өңірге қоныс аударды.  Демек, бұл қазіргі Маңғыстау халқының 85-90 пайызы сол аталарымыздың ұрпағы деген сөз.  Сол ұрпақтар 2007  жылы белгілі қоғам қайраткері, арқалы ақын Сабыр Шеркешбайұлы Адайдың ұсынысымен Мағыстаудың қара ойының ең биік шыңы Отпан тауға Адай Атаға арнап, ескерткіш-кесене салып, өшуге жақындаған ұлттық санамызды, тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды қайта қалпына келтіру үшін   ұран отын жақтық.  Сол идеяның авторы Сабыр ініміз арамызда отыр.

Енді осыны бір сәт ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салып бағамдар болсақ, ілкі төр Маңғыстаудың Қаратауындағы ең биік шың Отпан мен Адай ата ескерткіш-кесенесі әдемі үйлесіп, жүйелі сөз бен жүйелі іс, жүйесін тауып жатқан  жоқ па?! Мен мына бүгінгі қуанышты шараны осы ұлы істің жалғасы деп білемін. Құрметті қандастарым! Отпан тауда наурызда жағылатын тағзым отын мәңгі  бірге жағайық. Отпан тауда жағылған оттың ғұмырының ұзақ болуын Алладан тілеп, осыған қолымыздан келген үлесімізді қосайық, Ағайын!  Өсейік! Өнейік! Ұлы аталарымызға лайық ұрпақ тәрбиелейік! Ошақтарымыздың оты сөнбегей! Бәріңізге Ұлы Жаратушы – Алла жар болғай!

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377