ЕНДІ ӨТІРІК АЙТПАЙМЫН
Түнімен келіншегім мен 7 сыныпта оқитын балам екеуі «айтысып» шықты. Негізі келіншегімнің мамандығы – математик. Даудың басы сол математика кітабындағы есепті шығарудан басталды. Екеуі де қиын есепті өз білгендерімен шығарған. Енді кеп «Менікі дұрыс, менікі дұрыс» деп, бір-біріне жеңістік бермейді.
Айтыс-тартыс таңертеңгі шайда қайтадан жалғасты. Балам шырылдап: «Икс, игрек, дәреже, нөл бүтін, мыңнан алты жүз бес...» дей ме, әйтеуір, өзінің есебі дұрыс екенін дәлелдеп, қайтадан әлек болды. Келіншегім де қайтар емес. Сонымен әжептеуір айқай-шу. Ашу үстінде маған да сөз тиіп кете ме деген қорқынышпен: «Сенікі де дұрыс... Сенікі де дұрыс» деп, әзиз басымды асханадан әрең алып шықтым.
Келіншегім қолында үрішкесі бар, әлдебір есептерді сызып көрсетіп, соңымнан қалмайды. Балам да солай...
- Негізі баланыкі дұрыс-ау... – деп қалдым арасында.
- Неге?
Келіншегім аңтарылып қарап қалды.
- Өйткені оның шығарған есебі ұзындау ғой... Жан-жақты талдап шығарған сияқты...
Бар түсінгенім сол болса басқа не айтайын... Құдай бере салған келіншегім «Бар бол...» дегендей қолын бір сілтеді.
Сөйтіп сабаққа кешігіп қалдық. Күн сайын көлігіммен баламды сабағына апарып жүрмін ғой. Мектебіне жақындағанда артқы орындықта отырған балама айттым: «Мұғалімің «Неге кешіктің?» деп сұраса, «Үйде сөмкем қалып кетіпті, қайтадан бардық» деп айта сал. Басқа айтатын себеп таппай тұрмын. Алла өзі кешірсін...» деп...
Есебінің дұрыс екенін маған әлі дәлелдеп отырған балам «Мейлі» дегендей басын изеді. Содан мектептің қасына барған кезде бір-ақ білдік қой. Баламның сөмкесі шынында үйде қалып кетіпті.
Жазда аяғына операция жасап, балам кешеге дейін сабаққа балдақпен барып жүрген. Аллаға сансыз шүкіршілік, бүгін бірінші күн өз аяғымен барды. Балдақпен жүрген соң күн сайын сөмкесін мен арқалап алатынмын. Бүгін мен оған сеніп, ол маған сеніп, ақырында сөмке аяқ шешетін жерде қалып кетіпті.
Сөйтіп аяқ астынан өтірігіміз расқа айналды. Құрысын, енді өтірік айтпаймын.
Оралхан Дәуіт
Facebook-тегі парақшасынан