Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4400 0 пікір 12 Қазан, 2015 сағат 12:53

СІЗ ҚАЙ ТОПТАНСЫЗ?

Саясисымақ пікір білдіруді аса ұнатпаймын. Алайда осы ФБ ауылындағы сенделген сөйлемдер мен сенімсіздеу жазбалар жазбасқа жол бермейді. Себебі минут сайын әр түрлі оқиғаларға қатысты әр тараптан бықсып жанып жатқан посттар толық картинаны көрсете алмай отырған секілді.

Анау - ананы, мынау - мынаны айтады. Бәрі ақылды... Бәрі данышпан! Қош. Оның мәселесі мынада жатқан шығар. Фейсбук жарықтығыңыз дәл қазір топ-топқа бөлініп шапқылағандардың ала шаңға толы алаңына айналып отыр.

Осында бірнеше топ бар.

Біріншісі - өздерін дені түзу демократтармыз деп есептеп, АҚШ саясатын жақтайтын, әділет жаршысымын деп, Ресей әрекетін даттайтын, жергілікті билікті жерден алып, жерге салып жамандайтын топ. Одан не табады? Көздегендері не нәре?! "Мүмкін мен түсінбей жүрген шығармын, шынымен елге жаны ашитын мемлектетшілдік сана ма?" деп санамаласаң, ол да емес. Қарап отырсаң, елді дүрліктіру сияқты көрінеді. Осылар Қазақ елінің, өз шаңырағымыздың қазіргі саяси жағдайы қандай екенін толық түсіне ме екен?! Бізге ешкімді жамандамай, мән-жайды түсіндіріп бере ала ма?! Нақты қандай сараптамалары бар?! Билікке есі дұрыс бір бағдарлама ұсынды ма?! Әй, қайдам... Білмедім. "Атың шықпаса жер өрте".

Екінші деп есептейтін тағы бір топ бар. Ресейшіл топ. Олардың ойынша, орыссыз күніміз қараң екен. Оларға арқа сүйеуіміз керек. Тағысын тағылар... Ғасырлар бойы ұлттық рухымызды, елімізді, жерімізді мәдениетті түрде қанап, арыстарымызды атып, арманымызды таптап, саяси басынып келе жатқан елге сонша неге есіміз кетіп, еміренеміз?! АҚШ-ты қарғап, қаралап, Қазақ билігін тіпті мойындағысы келмейтіндері де бар "ақылды" топ. Бұлар да түсініксіз. Қазақстан - біздің ортақ үлкен үйіміз. Үйдің берекесін, болашағын ойлай ма екен?! Не себептен бүгежектей береміз? Нақты мысалдармен өз еліміздің бағытын анықтап бере ала ма?! Нақты ұсыныстар айтып жатқандары да жоқ. Осы жалпақшешейлігімізден көп жерде есеміз кетіп жатқан жоқ па?! Әлде....

Үшінші топ - түрікшіл топ. Бұлар да сол АҚШ-ты әулие көреді. Олардың ойынша Түркияның түтіні түзу. Ресейдің реңі солғын. Кім көрінгеннің артынан күңкілдеп отырады. Өз елін, өз қазағын естен шығарып алған жоқ па?! Мақсаты не екен?! Оның да түбіне жете алмайсың.

Тағы бір ең бір қорқынышты төртінші топ бар. Әсіре арабшыл топ. Құдай сақтасын, өздерінің ашығы бар, жасырыны бар... Өте көп. Сала құлаш сақал өсіріп, балағын шолтитқан дін бұзарлар. Жаратқан жар болсын, әйтеуір! Олар үшін мемлекет деген ұғым дөрекі, ұлт, тіл, салт-дәстүріңіз - бес тиын. Уағызын орысша, қытайша, ағылшынша, арабша айтып жүре береді. Кімнің тарысы бар, соның тауығы. Бұлардың ішіндегі оқыған, жүрген, көрген көзі ашық дегендерінің дені бәрібір өле-өлгенше Арабтарды сүйеді. Әуелі Жаратушыны, одан соң өзі жаралып өскен ортасы, ата-бабасы, елін-жерін сүймей ме, тәйірі?! Қазақпен қатысы бары бірең-сараң. Бәлкім, осылардың ұстанымы дұрыс шығар?))) Енді ақылы бар адамға ол да мүмкін емес!

Бесінші топ - ұлтшыл топ. Ұлтшыл болған жақсы ғой. Ұлтшылдықты ұрандамай, іспен көрсету керек қой. Рас. Ұраншыл. Ұр да жық. Ауызбен аңыратқанда, алдына жан салмайды. Сөздерін тыңдап, жазғандарын оқып отырсаң, "апыр-ай, ә!" "рас и!" деп сүйсінесің. Содан кейін нақты іске шақырсаң, қарасын көре алмай, ізін сипалап қаласың.)) Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. 1% дай бар.))

Қазақ елінде жасалып жатқан, жасалмай жатқан істер өте көп. Анаған бір, мынаған бір жалтақтап, далбалақтап, далақтамай әр салада нақты қазаққа, мемлекетке пайдалы іспен айналысу керек. Биліктен әр нәрсені нақты, сауатты түрде талап етіп, жұдырықтай жұмылып, әр азамат елдің қамын ойлап, сөйлеп, әрекет ету керек қой... Солай емес пе?!

Сонымен не болып кетті?!)) Сіз қай топтасыз?! Сіз өз шаңырағыңызды ойлайтын топта болатын шығарсыз? "Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос"

Абай болайықшы.

Бауыржан Қарағызұлы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475