АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ САРҚАН АУДАНЫНА БАРДЫ
Елбасының ауылшаруашылығын дамыту тапсырмасы облысымызда мықтап қолға алынған. Соның айқын дәлелін сарқандықтардың күзгі жиын-терін науқаны барысынан аңғаруға болады. Жуырда облыс әкімі Амандық Баталов Сарқан ауданына жұмыс сапары барысында ондағы жұрттың берекелі тіршілігіне оң бағасын беріп, диқандарды шабыттандырып қайтты, - деп жазады "Жетісу" газеті.
Өңір басшысы алғашқы қадамын аудан шекарасындағы «Самал» шаруа қожалығының қызылша алқабынан бастады.
Амандық Ғаббасұлы дестеленіп жиналып, көлемімен әрі сапасымен көз тартатын тәтті түбірді қолына алып қарай жүріп, диқан қауымымен пікірлесті:
– Қызылша өнімін қабылдаудағы 3-4 жылға созылған салғырттық күтіп-баптауына көп күш жұмсалатын бұл дақылдан бас тартуымызға себепкер болып еді. Сондықтан күмәніміз сейілмей биыл бар-жоғы 7 гектарға ғана тұқым сіңірдік. Бабы келіскен соң, судан кенде болмағаннан кейін нәтиже де ойдағыдай. Өнім гектарына 500 центнерден айналуда. Көксу қант зауыты келісімшартта көрсетілген міндеттемесін орындаса, келер жылы қызылша алқабын еселеуге дайынбыз, – дейді қожалық басшысы Ермек Қалиев.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров Көксу зауыты тарапынан қызылша тасымалдайтын автокөлік шығынының 40 пайызы өтелетінін, басқа да жеңілдіктер қарастырылғанын жеткізсе, Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков өндірілген өнімді жинап алу бағытында ұйымдастырылған шараларға тоқталды. Амандық Баталов қазылған өнімді жинап, дақылды жапырағынан ажыратып, тау-тау қылып үйіп келе жатқан жастарды әңгімеге тартты. Алқап өнімін жинауға атсалысып жүрген Сарқан политехникалық колледжі білімгерлері үшін егістіктегі жұмыс бір жағынан өндірістік тәжірибе әрі қосымша қаржы табудың көзі.
– Студент кезімізде ауыл еңбеккерлеріне көмектесу бұлжымас міндетіміз болатын. Қолғабысымыз ақшамен бағаланбайтын. Ал бүгінгідей нарық заманында төгілген тер текке кетпейді. Оқыңдар, жұмыс істеңдер, ізденіңдер, сонда ғана қалаулы азамат боласыңдар, – деген Амандық Ғаббасұлы жастардың ширақ қимылдарына ризашылығын білдірді.
Бақалыдағы, Черкасск ауылдық округіндегі егістік алқаптарына жолы түскен өңір басшысы сарқандық диқандардың қызылша өсірудің қыр-сырын жетік меңгергендігіне көз жеткізді. Әсіресе, бақалылықтардың алдымен қызылшаның жапырағын техниканың көмегімен орып алып, тәтті түбірді комбайн бункерінен бірден алып көліктерге тиейтіні қызықтырды. Бақалыдағы «Аққұдық» шаруа қожалығының басшысы Серікжан Есімжановтың гектар өнімділігін 700 центнерге жеткізгеніне тәнті болды. 25 гектар алқаптан 2000 тонна өнім жинауды жоспарлаған қожалық мүшелері алғашқы күндері-ақ 780 тонна өнімді зауыт қамбасына құйып үлгеріпті. Ал Черкасскідегі құйқалы алқапқа түрен салған Ержан Мадьяровтың алты ай жаз бойғы тынымсыз тірлігі 105 гектар ұлан-ғайыр егістіктің әр гектарынан 400-450 тонна өнім алуға негіз қалаған.
Қойлықтағы «Сарқан Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күтіп-баптап отырған алма бақ облыс басшысының назарын аударды. Мұнда 100 гектар аумақтың әр гектарына 800 көшет отырғызылып, барлығы 66 мың түп алма ағашы үш жылдың ішінде бойлап өсіпті. Келер жылы алғашқы өнімін беріп, Старкримсон, Голден Делишес сортты алма өнімі тұтынушылар сұранысын қанағаттандырады. Айта кетерлігі, бақ тамшылатып суару әдісімен өсірілуде. Осы бақ аумағында арнайы жабдықталған көрмеде «Мәди», «Малай би», «Дәуренбек» шаруа қожалықтарының жетекшілері жоспар-жобаларын ортаға салса, аудан әкімінің орынбасары Азамат Сәрсембаев ауылшаруашылығы бойынша көрсеткіштермен таныстырды.
Ауданда қуаттылығы 17 МВт. «Лепсі-2», қуаттылығы 4,2 МВт. «Басқан-1» су электрстансылары салынуда. Өңір басшысы осы сапарында «Лепсі-2» стансысының құрылысында болып, жуық арада пайдалануға берілетін экономикалық маңызы зор нысанның жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Сарқандағы жылу жүйесінің ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын орталық қазандықтың жай-жапсарымен қанығып, олқылықтардың орнын жылыту маусымы басталғанша толтыруға тапсырма берді.
Соңғы жылдары облыстың қай аймағында болса да Елбасының жергілікті билік органдарының алдына қойған тапсырмаларын орындауға бағытталған үлкен бетбұрыс байқалады. Сарқанда жүзеге асырылып жатқан жобалар да түптің түбінде аймақ экономикасын дамытуға қыруар пайда әкеліп, ел игілігіне айналатынына сеніміміз кәміл. Өйткені мемлекетіміз экономиканың шешуші саласы – ауылшаруашылығын өркендетуге ерекше маңыз беріп отыр. Облыс әкімімен сапарлас болғандар Сарқаннан осындай ой түйіп аттанды.
Жомарт Игіман, Сарқан ауданы
Abai.kz