Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 20438 0 пікір 6 Қазан, 2015 сағат 02:00

МӘҢГІЛІК ЕЛ – БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ЕЛ

Кеше Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» тақырыбында республикалық патриоттар форумы өтті. Оған мемлекетіміздің барлық өңірінен келген 2 мыңнан аса делегат қатысты. Делегаттар құрамында қоғам қайраткерлері, депутаттар, дәрігерлер, мұғалімдер, өнеркәсіп жұмысшылары, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер, ғалымдар, жастар көшбасшылары, спортшылар, талантты әртістер, мәдениет қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен БАҚ өкілдері болды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына арналған бұл форум салтанатты жағдайда ашылған соң, Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасының жиынға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып бердi.

«Мәңгiлiк Ел» Қазақстан патриоттары форумына қатысушыларға сәлем жолдаймын. Бүгiнгi форум ерекше. Ол Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойлары жылында өтіп отыр. Бұл халқымыздың бiрлiгi мен келiсiмiнiң бiрегей дәстүрiн, туған жерiмiз – Ұлы Дала елiне деген ерекше сүйiспеншiлiктi паш етеді. Форум қазақстандықтарды «Мәңгiлiк Ел» идеясының айналасына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бiрлiгiн нығайтуға қызмет ететiнiне сенемiн. Форумға қатысушыларға және барша қазақстандықтарға зор денсаулық, жаңа табыстар тiлеймiн», – делiнген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында.

Бұдан кейін Б.Майлыбаев «Мәңгілік Ел» Елбасының әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алған идеясы екенін атап өтті.

Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов «Мәңгiлiк Ел» – бiздiң ортақ стратегиялық мақсатымыз, биік мұратымыз болып қалатынына тоқталды.

«Ұлан-байтақ елімiздiң барлық өңiрiнен Қазақстанның патриоттары бүгiн Астана төрінде бас қосып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында «Мәңгiлiк Ел» жалпыұлттық идеясын ұсынған болатын. Екi жылдың iшiнде Елбасының бастамасы Қазақстанның барлық өңірінде қызу талқыланды, халықтың жан-жақты қолдауына ие болды. Оған өздерiңiз тiкелей куә болып жүрсіздер. Біз сiздердiң ұсыныстарыңызды, сiздердiң жүрекжарды тiлектерiңiз бен ниеттерiңiздi баянды тарихы бар «Мәңгiлiк Ел» идеясының негiзiне айналдыруға тырыстық», – дедi Ералы Тоғжанов.

Төраға орынбасары бүгiнгi алқалы, кең ауқымды жиында бiраз нақты ұсыныстар, келелі ойлар ортаға салынып, солардың негiзiнде «Мәңгiлiк Ел» идеясының жасампаз жобасы әзiрленетiнiне сенiм бiлдiрді. Сондай-ақ, ол биыл елімізде халқымыздың рухын көтеріп, тарихи санамызды сауықтыруда мәні зор айтулы шаралар қолға алынғанына назар аударды.

«Өздеріңізге мәлім, Президент 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады. Ассамблея жылы – бұл бiрлiк жылы, келiсiм жылы, бiр-бiрiмiзге қолдау көрсету жылы. Сол сияқты, осы жылы бiрқатар ауқымды шаралар аталып өтуде. Олар – Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы, Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы. Күнi ертең Тараз қаласында Қазақ хандығына арналған қорытынды iс-шаралар өтедi. Бiр сөзбен айтқанда, бүгiнгi бiздiң форум жоғарыда аталған шаралардың шегесi iспеттес. «Мәңгiлiк Ел» идеясы – Болашағы Біртұтас Елдің бiрыңғай рухани негiзi. «Мәңгiлiк Ел» – бұл бiздiң ортақ стратегиялық мақсатымыз. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ассамблея «Менiң елiм – «Мәңгiлiк Ел» ауқымды акциясын өткiзген болатын. Сiздердiң барлықтарыңыз оған атсалыстыңыздар. Бүгiн бiз ел болашағына бейжай қарамайтын барлық азаматтарға алғыс бiлдiремiз», – деді ол.

Форум мінберіне көтерілген қоғам және мемлекет қайраткері, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов «Мәңгілік Ел» идеясының еліміз үшін зор маңызы бар екенін сөз ете келіп, жақында ғана Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұрып ұлтымыздың мерейін тасытқанын еске алды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең жоғарғы, ең мәртебелі төрі мен мінбері БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында қазақ тілінде сөйлеген сөзімен ұлт абыройын асқақтатты. Қазақ тілі тұңғыш рет осындай дүниежүзілік дәрежеге көтерілді. Бұған барлық қазақстандықтар шын жүректерімен қуанды. Бұл мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жемісі – Елбасының жеңісі болды. Мыңжылдық тарихымызда біздің бабаларымыз талай қиындық көріп, жанкештілікпен тәуелсіздікті аңсады, күресті, соның жолында құрбан болды. Еркін ел болу бақытын, тәуелсіздікті, ұлттың, халықтың ынтымағын жасампаздық игілігіне жарату біздің бүгінгі патриоттық, отаншылдық борышымыз», – деді Қуаныш Сұлтанов.

Сондай-ақ, ол Президенттің көрегенділігі мен реформаторлық таланты еліміздің қарыштап дамуын қамтамасыз етіп келе жатқанына жұртшылықтың назарын аудара отырып, өзінің ұсынысын да жеткізді.

«Тәуелсіз Қазақстан халқын бір мақсатқа жұмылдыратын жалпыұлттық идея, Ұлы Дала кеңістігіндегі «Мәңгілік Ел» стратегиясы – 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы – ұлтымыздың жарқын болашағының кепілі. Ассамблея атынан алдағы уақытта халыққа, ұрпаққа осыны мейлінше насихаттау, тек қана өзіміздің мемлекетке ғана емес, көрші елдерге, алыс мемлекеттерге жеткізу мақсатында арнайы «Мәңгілік Ел» бағдарламасын не болмаса «Мәңгілік Ел» телеарнасын құрып, жұмыс істетуді ұсынғым келеді», – деді Мәжіліс депутаты.

Өз кезегінде ғарышкер Айдын Айымбетов Қазақстанның қазіргі таңдағы жетістіктерін сөз ете отырып, жастарды елiмiздiң патриоты болуға, Отанымызды көркейтуге сүбелі үлес қосуға шақырды.

«Бiздiң жерiмiзден – Байқоңыр ғарыш айлағынан адам баласы ең алғаш ғарышқа ұшты. Қазақстанды бүгінде бүкiл әлем таниды. Бұл өз елiмiздi мақтан тұтудың тамаша үлгiсi. Бүгiнде Қазақстан көп табыстарға қол жеткiздi. Біз мемлекетімізді одан әрі дамыта беру үшін әрқайсымыз өз iсiмiздің үздiгі болуымыз керек. Мiне, осы – нағыз патриоттық iс. Мен жастарды елiмiздiң патриоты болуға, өзiнiң нақты iстерiмен Отанымыздың көркеюiне үлес қосуға шақырамын. Қазақстанның Байрағы ғарышқа әлi талай ұшатынына, жеңiстi сәттерде желбiрейтiнiне, бүкiл әлемге танымал боларына сенiмдiмiн. Қазақ елi мәңгiлiк жасасын!», – дедi таяуда ғана ғарыштан оралған батыр Айдын Айымбетов.

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығына назар аударды.

«Біз, Ауған соғысының ардагерлері, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастер тұтамыз. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер – соғысты өз көзімен көргендер. Сондықтан Қазақстанның ұлы жетістігі – ел бірлігін ерекше бағалайды. Біз Елбасына бейбіт өміріміз үшін, аяулы аналарымыз бен бал-бөбектеріміздің күміс күлкісі мен тыныш ұйқысы үшін шексіз ризамыз!

Бүгінде интернационалист жауынгерлер – батылдық пен ерліктің нышаны! Жастарды патриотизм рухында, жоғары адамгершілікке, Отанды қорғауға тәрбиелеу – біздің тікелей міндетіміз. Мен отандастарымды ортақ үйіміздегі бейбітшілікті сақтауға шақырамын! «Мәңгілік Ел» құндылықтарын жоғары рухани-адамгершілік бағдар ретінде ұстануға үндеймін. Біздің жетістіктеріміз бен жеңістеріміз әрқайсымыздың бар күш-жігерімізбен аянбай еңбек етуімізге байланысты!», – деді депутат.

Форумда «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жедел түрде операция жасауға мұқтаж 29 баланың өмірін сақтап қалуға басты себепкер болғанын әңгімелеп берді.

«Таяуда Елбасын Қытай Халық Республикасы «Жібек жолы» сыйлығымен марапаттағанын білесіздер. Осы сыйлықпен бірге қоса берілген қомақты қаражатты Президентіміз біздің қорға аударған болатын. Бүгінгі уақытта 29 балаға өмірін сақтап қалуға қажетті операциялар жасалып, соның арқасында сол бүлдіршіндер жарық дүниенің қызығын көруге мүмкіндік алып отыр», – деді ол.

Аружан Саинның айтуынша, оның Елбасымен болған әрбір кездесуі балалардың өмірін сақтауға бағытталып келген.

«2010 жылы «Көркем шуағы» кездесуі барысында біз жүректерінде ақауларымен туған балалар мәселесін көтердік. Осы жүздесуден соң, Қазақстанда ауруханалар салынды да, осындай аурулармен туған талай бүлдіршіннің одан әрі өмір сүріп кетуіне қажетті операциялар жасалды. Бүгінде мыңдаған бала дерттерінен айығып кетті, себебі, біздің елде оларды емдейтін дәрігерлерге барлық жағдайлар жасалған», – деді қор директоры.

Бұдан бөлек, ол қоғамымызда қайырымды жандар көбейіп келе жатқанын, «Балаларға өмір сыйла!» шарасына белсене қатысқан азаматтардың арқасында соңғы 10 жыл ішінде 1300-ден астам баланың өмірі жалғасқанын атап көрсетті. Сонымен қатар, А.Саин Қазақстанда жетімдер үйлерін азайтуға бағытталған «Қазақстан жетім балаларсыз» жобасына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, бүгінге дейін осы жобаның арқасында 500-ден астам бала өз отбасыларын тапқан.

«Халық Қаһарманы» Азамат Жұмаділов алқалы жиында ішкі толғанысын жасыра алмай, тебіреніспен сөйледі.

«Құрметті достар! Мен ешқашан батыр атануды ойлаған емеспін. Сол қатерлі түнде азаматтық міндетімді ғана атқардым! Менің орнымда кім болса да дәл солай істер еді. Жауапты сәтте қатерге ойланбай бас тігу – елім деген әрбір азаматтың борышы! Сол оқиғаны Елбасы теледидардан көріп, маған «Халық Қаһарманы» атағын берді. Осыдан түйгенім: Қазақстанда жасалған әрбір игі іс Елбасының назарында. Ұлым дейтін елі мен Елбасы барда, елім дейтін ұлдар бар. Патриотизм – ел үшін жасалған нақты істерден тұрады. Бұл – «Мәңгілік Елдің» басты сипаты! Мен еліміздің жастарына үндеу тастаймын! Қасиетті Отанымызды сүйіп, құрметтейік! Жақындарымызға көмектесейік! Лайым жерімізден бейбітшілік пен келісім кетпесін!» – деді «Халық Қаһарманы».

Сол сияқты, кеншілер әулетінен шыққан қарағандылық Қанат Мұстафин де «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» патриоттар форумы барысында ел игілігі үшін атқарылып жатқан шаруаларға разы пейілмен қарайтынын жеткізді.

«Мен «Қазақстан» атты көмір шахтасында жұмыс істеймін. Біздің отбасымыз – кеншілік кәсіп атадан балаға мирас болған шахтерлер әулеті. Отанымызға адал қызмет ету – біздің бұлжымас қағидамыз. Біздің елімізде Еңбек адамы – ең құрметті, ең сыйлы адам. Біз мемлекеттің қолдауына, жұмысшы кәсібінің қиындықтарын өз басынан өткізген, оны бір кісідей білетін Елбасының қамқорлығына бөленіп отырмыз. Түсіне білгенге, кеншілік кәсіп – еліміздегі ең абыройлы, беделді кәсіптің бірі. Кеншілердің атқарар ісі ауыр және қатерге толы. Сондықтан, Елбасымыз да үнемі кеншілерді ардақ тұтып, олардың еңбегін жоғары бағалайды. Ол біз үшін үлкен мәртебе. Менің әкемнің аты – Қазақстан. Мен өзімнің әкемнің ғана емес, сүйікті Қазақстанымыздың перзенті екенімді мақтан етемін. Өйткені, жерімде тұрақтылық, елімде – бейбітшілік, алдымда – балаларымның жарқын болашағы бар. Отанымыздың өркендеуі үшін тер төгу – біздің парызымыз. Еңбек адамына ең керегі – осы! Мәңгілік Ел дегеніміз де – осы! Елімізде елі үшін аянбай тер төгетін талай-талай асыл азаматтардың бар екенін мақтан етемін. Бүгінгі форумға көптеген танымал азаматтар жиналып отыр. Бұл олардың еліне деген махаббатын, Отанға деген сүйіспеншілігін, шексіз құрметін білдіреді», – деді кенші.

Актер Нұрлан Әлімжанов өз кезегінде кино өнерінің ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеудегі орнын айта келіп, Елбасының аталған салаға жасаған қолдауының арқасында бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

«Құрметті форумға қатысушылар! Бүгінгі таңда кино өнері – ең басты тәрбие құралдарының бірі. Елбасының қолдауымен бүгінде Қазақ киносы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. «Қазақфильм» киностудиясы түбегейлі жаңғыртылып, заманауи техникалармен жарақталды. Қазір киногерлеріміз жылына 100 фильмге дейін шығара алады. Әңгіме – санда емес, сапада. Енді біздің алдымыздағы жауапты міндет – Мәңгілік Елдің құндылықтарын ұлықтайтын сапалы туындылар жасау. Халықтың патриоттық рухын көтеріп, Отанымызды сүюге, ел үшін еңбек етуге үндеу! Біз оны жан-жүрегімізбен сезінеміз. Туған Қазақстанымыздың Мәңгілік Ел болуы жолында аянбайық, достар!», – деді актер.

Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова өзінің сөзінде мемлекетіміз тарапынан ұрпаққа сапалы білім беру ісіне жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп келе жатқанына көңіл аударды.

«Елбасы «Мәңгілік Елдің ең басты сипаттарының бірі – ғылым мен білім» деген болатын. Елімізде 2 миллион 600 мың оқушы бар. Тек биылдың өзінде 340 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Бұл – Тәуелсіздік тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Біз кеше ғана ел болып «Ұстаздар күнін» атап өттік. Шәкіртіне білім нәрін себетін 340 мың қазақстандық ұстазды кәсіби мерекелерімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Білімді ұрпақ – Мәңгілік Елдің болашағы. Мәңгілік Ел болу дегеніміз – бәсекеге қабілетті, зияткер ұлт болу. Зиялы ұрпақ тәрбиелеу – менің, мен сияқты барша ұстаздардың борышы. Ал жас ұрпақтың борышы – білімді азамат атанып, Ұлы Абай айтқандай, «Мәңгілік Елдің кірпіші болып қалану». Сол себепті, біздің жасампаз еңбегіміздің бәрі де «Мәңгілік Ел» үшін!», – деп түйді ректор.

«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы, команда капитаны Бауыржан Исламхан да жүйелі де жігерлі сөзімен форумға қатысушылардың қошеметіне ие болды.

«Барлығыңыз да футболдың Қазақстан халқын қалай біріктіретінінен хабардарсыздар. Біздің сәтті турнирлерімізде алаңда бола тұрып, мен өз халқымның, Ұлы Дала елі халқының рухын бүкіл жан-дүниеммен сезінемін. Әлеуметтанушыларға қазақстандық бірегейлікті дәл осы спорттық жарыстарда өлшеуді ұсынамын, ол міндетті түрде 100 пайыз дәлдікті көрсетеді», – деді Б.Исламхан.

Футболшының сөзіне қарағанда, спортшылар жеңіске жетуде Елбасын үлгі тұтады.

«Қазақстандық спорттың жетістіктері еліміздің жалпы жетістіктерінің ажырамас бөлігі. Әлемдік футболда өзіндік стилі мен стратегиясына ие командалар бар. Ал еліміздің даму стилі – бірлік пен келісім арқылы үлкен жетістіктерге жету. Бұл жоспар – патриоттық «Мәңгілік Ел» идеясы. Бұл жаңа жетістіктерге қол жеткізуге ұдайы ұмтылыс, біз дұрыс жолдамыз», – деп қорытты сөзін спортшы.

Қатерлі ісік ауруларымен күресу мақсатындағы зерттеулерге 2 млн. АҚШ долларын бөлген 25 жастағы қазақстандық бағдарламашы Асхат Мырзабаев жиын кезінде болашақта ғылымды одан әрі қаржыландыруды алдына мақсат етіп қоятынын жеткізді.

«Менің жасым қазір жиырма бесте. АҚШ-та қызмет еткен кезімде мен жұмыстан тәжірибе алып қана қоймай, бір маңызды нәрсені ұқтым: ұлы нәрсені өмірге әкелу үшін ауқымды ойлау керек екен, өзіңе терең сұрақтар қоюың керек екен. Өмірдің мәні не? Қандай із қалдыра аламын? Адамзатқа не беремін? Өзіме ол сауалдардың жауабын таптым. Мен ғылымның дамуын қолдағым келеді. Сол үшін де мен қатерлі ісік пен онкологияны зерттеуге 2 млн. доллар бөлуді шешкен едім», – деді ол.

Сөзіне қарағанда, ол ауыр дертке ұшырағандарға көмектесуді жас кезінен өмірлік мақсаты етіп алыпты.

«Университеттің үшінші курсында мен АҚШ-тың Сан-Франциско қаласына Твиттер компаниясына тәжірибелік жұмысқа орналасуға мүмкіндік алдым. Онда мен керемет жігіттермен таныстым, олар маған жобаны жасауға көмектесті, кейіннен оны Microsoft компаниясы сатып алды. Осыдан соң мен көлемді ақпаратпен жұмыс жасауда ірі қаржы компанияларының тәжірибесін алдым», – деді бағдарламашы.

Форумда ақын Маралтай Ыбыраев, «Болашақ» бағдарламасы түлектері қауымдастығының мүшесі Қаныш Төлеушин, «Статус» әйелдер федерациясының жетекшісі Ирина Унжакова, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасына қатысушы, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ директорының орынбасары Айжан Туғанова, «MIMIORIKI» компаниясының директоры Инна Апенко, Қазақстан аспазшылары қауымдастығының президенті Елена Мащинская, мұнай-газ саласының өкілі Фердинат Мамонов, қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілінің авторлары Семен Махов, Евгений Шворнев, Сергей Закора, химия пәнінің мұғалімі, көптеген шәкірттері халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған Алмас Ордабаев, режиссер Ахат Ибраев, жас әскерилер Ербол Базаров, Алтын Байтемірова және Алмат Қайырбеков сынды азаматтар өздерінің жүректерінен шыққан жылы лебіздерін, елге, Елбасына деген құрметтерін жеткізді.

Иә, патриоттық әр адамның еңбегі арқылы дәлелденетін құндылық. Егеменді ел болғанымызға көп уақыт өткен жоқ. Осы аз ғана уақыттың ішінде әлем мойындаған керегесі кең, іргелі елге айналдық. Осындайда елімізде аянбай тер төгіп, еңбек ететін талай-талай асыл азаматтар өсіп шықты. Бүгінгі форумда солардың бірқатары жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бұл олардың еліне деген махаббатын, Отанға деген сүйіспеншілігін көрсетеді.

Құдайға шүкір, елін шексіз сүйетін, патриоттық сезімін жүрегінде сақтаған қаншама асыл азаматтар бар. Бұлардың патриот болуының сыры Қазақстанның болашағына сеніммен қарауларында.

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, форум аясында «Жыл патриоты» байқауының қорытындысы шығарылды. Дәлірегін айтсақ, Отанға деген сүйіспеншіліктерін күнделікті еңбегімен, нақты істерімен, сондай-ақ, ерен ерлігімен дәлелдей білген қазақстандықтар жеті аталым бойынша марапатталды. Оларды атап көрсетер болсақ, ғарышкер Айдын Айымбетов («Менің елім» аталымы бойынша), ұлт мақтанышы, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова («Руханият шыңы»), белгілі боксшы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина («Ана жүрегі»), «Динар-Электромаш» ЖШС (Ақтөбе облысы) іс басқарушысы Сергей Вишняк («Ел бірлігі»), «Казлегпром – Алматы» ЖШС бас директоры Айбек Бектұрғанов («Нұрлы жол»), «Темірлан» ЖШС директоры Ерлан Әлин («Ерен еңбегі үшін») және суға батып бара жатқан екі сыныптасын құтқарған мектеп оқушысы Никита Тюкин («Ерлік») марапатқа ие болды.

Патриоттық форум барысында марапатталған бұл отандастарымыз еліміздің өркендеуіне бар мүмкіндіктерінше үлес қосып жүргендері даусыз. Сондықтан да оларға осындай сый-құрметтің көрсетілуін жиналған қауым зор ықыласпен қолдап, қошеметтерін білдірді.

Біз осы арада форум сәтінде марапатталып, қуанышқа бөленген Бибігүл Төлегенованың лебізіне назар аударалық:

«Мәңгілік Ел» біздің ата-бабамыздың аңсаған арманы болатын. Бүгінде біз оған қолымыз жетті. Біздің жастарымыз расында да патриот болады деп сенемін, сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» идеясын шын жүректен қолдаймын. Оның дұрыстығына еш күмәнім жоқ. Менің жасым 85-ке толды. Соған қарамастан, мен «Мәңгілік Ел» идеясының іске асқанын көремін деп ойлаймын. Егер, жастар дұрыс еңбек етіп, бұл идеяны жүзеге асыруға тырысатын болса, онда ол міндетті түрде көп кешікпей орындалады. Нағыз патриот тек өзі үшін ғана емес, елі үшін де өмір сүреді деп есептеймін. Біз балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында алған білімімізді, тәрбиемізді ұрпақ жолында сарп етуіміз керек. Яғни, барлық біліміміз бен біліктілігіміз тек өзіміз үшін, өз үйіміз үшін ғана емес, мемлекет үшін де еңбек етуі керек. Патриоттықтың мәні осында. Мен рухани тәрбиені арттыру үшін өнер саласында өте көп еңбек еттім. Совхоздан да, колхоздан да, бригада мен бөлімшелерден де қашқан жоқпын, қорыққан жоқпын, тіпті, есек пен түйеге мініп те еңбек еттім. Еңбек адамға көрік береді деп ойлаймын. Бізге жаңа мемлекетті құруға ешнәрсе кедергі жасамасын деп тілеймін. «Мәңгілік Ел» тек жүрегімізде ғана мекендеп қоймай, бүкіл әлем қазақтардың «Мәңгілік Елде» тұратынын көрсе деймін. Бұл – менің шын тілегім», – деді ұлт мақтанышы, «Халық Қаһарманы» Бибігүл Төлегенова.

Осылайша, біздің елімізде еңбеккерлерімізді, батырларымызды құрметке бөлеу дәстүрге айналғанына тағы бір рет куәгер болды. Мұның тәрбиелік мәні өте зор екенін, халықтың келешекке деген сенімін одан сайын арттыра түсудегі маңыздылығын әрбір қазақстандық азаматтың ұға білгені жөн. Өйткені, осының барлығы еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан игі істер екені талассыз.

Бір тоқтала кетер жайт, ел тұтастығын сақтауда, ұрпақ тәрбиесінде өзіндік орны бар бұл патриоттар форумында қазақстандық бірегейлікті нығайтуға және «Мәңгілік Ел» құндылықтары негізінде бірыңғай азаматтық бірлікті қалыптастыруға қатысты әсерлі сөздердің айтылуы көпшілікті толқытпай қойған жоқ. Бұған қоса, Тәуелсіздік және Астана, ұлттық бірлік, ынтымақ пен келісім, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік пен адалдық, шынайылық пен патриотизм секілді қасиетті ұғымдар тұрғысында тереңнен ой қорытылуы форумның мән-маңызын арттыра түсті.

Форумға қатысты тағы бір айтарымыз, Елбасының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын, 5 институттық реформасын, «Қазақстан-2050» Стратегиясын халықтың терең түсініп, оны қызу қолдайтыны форум аясында анық аңғарылып тұрды. Форумда сөз сөйлегендердің әрқайсысы Мемлекет басшысының сауатты бастамаларына пайыммен қарап, оның дұрыстығына кәміл сенетініне көзіміз жетті. Осы арада ерекше айтуымыз керек, жиынға қатысушылармен әңгімелесу барысында Президентіміздің АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында жасаған баяндамасын жұртшылықтың асқан қызығушылықпен тыңдағанын, ой електерінен өткізгенін де байқадық.

Сонымен қатар, форум жұмысы кезінде «Бір ел – бір отбасы» атты жобаның басталғанының хабарлануы да көпшіліктің көңілінен шықты. Мұны түсіндіре кетер болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес институттық реформасының аясында іске асырылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы қолға алынбақ. Бұл жоба аясында патриоттық тәрбие басымдықтарын, болашағы біртұтас ұлтымыздың зияткерлік, мәдени және рухани құндылықтарын ілгері бастыруға бағытталған кең ауқымдағы акциялар мен әлеуметтік шаралар өткізу көзделуде.

Ал патриоттар форумы бүкіл қатысушылардың қосылып орындауындағы «Атамекен» әнімен мәресіне жетіп, әдемі қорытындыланды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

Форумға қатысушылар лебізі

Владимир КОЛОКОЛЬНИКОВ,

Қазақстандағы Орыс қоғамы Қызылорда филиалының директоры:

– Бұл форум баршамызды жұмылдыра түсті. «Мәңгілік Ел» идеясы айналасына топтасқан біздер өткен тарихымызға да назар аудара бастадық. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап өтіп жатқанымыз да сондықтан.

Қытайлық бір пәлсапада «Сен отаныңды әрқашан сүйе білуің керек!» деп айтылған екен. Олай болса, менің Отаным Қазақстан дегім келеді. Және барлық қазақстандықтар бір халық екендігін назардан тыс қалдырмаған жөн.

Икрам ХАШЫМЖАНОВ,

Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзбек этномәдени орталығының жетекшісі:

– Аталған шара тарихи және саяси маңызға ие. Қазақстанды Отан тұтқан әрбір азамат патриот болуы шарт. Патриоттық сана-сезім – бұл Отанды сүю. Негізінен, патриоттық сана-сезім отбасыдан басталады. Ата-ананың тәрбиесінен бала қоғамға пайдасы тиетіндей және бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасады.

Мемлекеттік тілді жетік білу де патриотизмнің бір көрінісі. Ал жалпы қазақ халқының айналасына топтасқан өзге де этностар болып баршамыз шаңырағымыздың биік, керегеміздің кең болуына белсенді үлес қосуымыз керек.

Айжан ЗАБЕКОВА,

Қаржы академиясының студенті:

– «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» атты республикалық патриоттар форумының өтуі мен үшін үлкен қуаныш. Еліміздің әрбір азаматы патриот болуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, олардың әрбір іс-әрекеті – еліміздің болашағына қаланар кірпіш.

«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолында баршамыз бір адамдай атсалысқанда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізе аламыз. Жетістік төккен тер мен еткен еңбектің нәтижесінде келетінін қаперден шығармайық.

Ахмет МУРАДОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Патриоттар форумын мен жалпыхалықтық шара деп айтар едім. Өйткені, әрбір қазақстандық өзінің сана-сезімімен бойындағы отансүйгіштік қасиетті сезіне түседі. Жері мен елін және туған халқын сүйген адамды ғана Отанының шын берілген патриоты деп ой түюге болады.

Тағы бір айта кетерлігі, біз Қазақ хандығының тарихына көз сала отырып, келешегімізді бағдарлап ала аламыз. Барлығымыз біртұтас құндылықтар айналасына топтасқан кезде «мен, бұл менікі және мен үшін» деген ұғымның қаншалықты өмірімізге жақын екенін анық сезінеміз.

Жазып алған Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377