Сенбі, 23 Қараша 2024
Масқара! 8659 0 пікір 5 Қазан, 2015 сағат 19:22

"КРЫШАЛЫ" ДИРЕКТОР ЖҮКТІ ҰСТАЗДЫ НЕГЕ БАСЫНАДЫ?

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ АСЛАН СӘРІНЖІПОВТІҢ НАЗАРЫНА

2015 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын қызыл дипломға үздік бітірген Әмірова Ұлпан Жұмағалиқызы Қостанай қаласының №5 мектепке химия пәнінің мұғалімі болып осы жылы жұмысқа орналасады.

Бір айдай қызмет істеген соң, бойы талдырмаш келген, денесі жұқалтаң Ұлпанның жүкті екенін біліне бастайды. Мұны байқаған мектеп директоры Исетова Бақытжан Қабдықапарқызы «Өз еркіңмен арыз жазып, жұмыстан шық, менің саған "декретный" төлейтін басы артық қаражатым жоқ!» деп жекіріп, бірер күнде жас келіншектің жүйкесін жұқартып жібереді. Бұл аздай мектептің директоры жиырма бір жастағы өрімдей жас келіншекті кабинетіне қамап: «Жұмыстан шығу туралы арыз жазбасаң, осы жерден шықпайсың!» – деп, зіркілдеп, кабинеттің есігін құлыптап кетіп қалады. Біраз уақыт өткізіп қайтып келген мектеп директоры Исетова Бақытжан жүкті келіншекті қинауын одан әрі жалғайды. Ақыры өз білгенін істеп, кабинетінің еденінде домалап, ішін басып, қиналып жатқан Ұлпанның қолына қалам мен қағаз беріп дегеніне жетеді.  Осылайша директор «Жұмыстан өз еркіммен босатыңыз» деген көптен күтіп жүрген арызын қолына түсіреді. 

Жүкті болғанына 5-6 ай шамасы болып қалған Ұлпан қатты қорқудың салдарынан ішіндегі нәрестесіне түсік тастауға дейін шақ қалып, ұялы телефоны арқылы күйеуіне хабарлаған екен, әйтеуір жедел жәрдем уақытында жетіп, жүкті келіншекті ауруханаға жатқызады. Қазіргі уақытта құрсағындағы нәрестесіне зиян тигендіктен түсік тастау қаупі төнген Ұлпан Қостанай қалалық ауруханасында сақтауда жатыр. Ал оның туыс-тумалары әділдік іздеп Қостанай ІІМ басқармасына барса, «бұл жерде қылмыстық бап жоқ, басқа жерге барып шағымданыңыздар» деп азар да безер болса, «Нұр Отан» партиясы амалдары болмай, қолдарын жаяды екен екі жаққа. Лажы құрып, басқа амалдары қалмаған жаңағы жүкті келіншектің туыстары Қостанай қалалық оқу бөлімінің бастығы В.А. Цымбалюкке барса: «Мектеп директоры қарамағындағы мұғалімдеріне не істесе де өз еркі» – деп, масқараның бір шетін шығарыпты. Ал енді әлгі «қарамағындағы мұғалімдерге не істесе де өз еркіндегі» №5 мектептің директоры Астанада дөкей «крышасы» бар екендігін де еске салып қойыпты... 
«Қазақстан – Қостанай» телеарнасы ауруханада емделіп жатқан жүкті мұғалім Ұлпанды бейнетаспаға түсіріп кеткен екен, онысын осы уақытқа дейін «аялап», көрсетуге қимай отырса керек. Ал алдында ғана «осы жағдаятты түсіреміз, теле-арнадан көрсетеміз» деп батырсынып жауап берген КТК арнасына да «тұмау» тисе керек, «ауыздарын ақ дәкемен тұмшалап отыр» дейді жас мұғалімнің туыстары...

Қуаныш МҰҚТАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373