Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 6556 0 пікір 2 Қазан, 2015 сағат 15:33

САПАРБАЕВ «АҚТӨБЕ» КЛУБЫНЫҢ ТЫНЫСЫН АШСА...

... Соңғы екі күннің ішінде «қазақ футболының дамуы осы» деп таңдай қағардай екі жақсылық, екі жаңалық болды. Бірі, әлбетте, астаналық «Астана» клубының өз алаңында стамбұлдық «Галатасараймен» тең ойнап, Қазақстан футболы тарихындағы Чемпиондар Лигасының алғашқы ұпайын олжалауы. Екіншісі, алматылық «Қайраттың» жаңа оқу-жаттығу базасының ойыншылар игілігіне берілуі. «Астананың» жетістігіне есім шыға қуандым деп айта алмаймын, тіпті, түрік командасының жеңісіне тілектестердің бірі едім. Алайда, «арыстандардың» сылбыр ойынына қарап, қарным ашты. Тіпті, оларға бір ұпайды ұстатып жібере салған «астаналықтарға» ренжідім, «Галатасарай» тең ойынға еңбек сіңірген жоқ, сәттіліктің селбеуімен ұтылыстан аман кетті. Хош делік...

Ал, Еуропа лигасының топтық кезеңіне түсуге бір елі ғана жетпей тоқтаған «Қайраттың» жаңа базасы... Ішіне үңіліп қарауға дәтім шыдамадыJ, бірақ, сыртқы көрінісінің өзі көздің жауын алады. Әлеуметтік желіде жүрген ақпараттардан білгенім жаңа базада екі табиғи алаң, үш жасанды алаң бар, ал, жабық спорт залдарындағы құрал-жабдықтарға еуропалық гранд командаларда доп қуып келген Тимощуктың өзі таңғалыпты.

«Қайраттың» бағы басым жыл биыл, сөз жоқ. 2015 жылдың чемпиондығы да таяқ тастам жерде тұр...  Солай!

Иә, екеуі де әдемі жаңалық. «Ақтөбенің» жанкүйері ретінде екеуіне де қызығудан қызғануы басым көңілмен қарадым.

5 жасынан «Ақтөбенің» футбол клубының фанаты Аршат Оразов деген досым осы жылдың басынан-ақ: «Алдағы уақытта ішкі чемпионатта тек екі команданың ғана текетіресін көреміз. Олар қазірдің өзінде менеджментін сақадай-сай етіп жолға түсіріп алған «Астана» мен «Қайрат» Ал, «Ақтөбенің» қазіргі мүшкіл жағдайы мен облыстағы клубқа деген «оң» көзқарас нәтижесінде алдағы уақытта Ақтөбе футболын толық тоқырау кезеңі күтіп тұр» деп айтып келеді.

Айтпақшы, күні кеше УЕФА-ның Жастар Лигасында тұңғыш рет доп тепкен «Ақтөбе-U-19» түркиялық «Бешикташтың» жастарынан 0:2 есебімен ұтылды. Міне, Ақтөбе футболының болашағы...

Ақтөбе облысына жақында барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың іскерлігі арқасында өңірдегі, Ақтөбе қаласындағы көптеген мәселелердің шешімін тездетіп тауып жатқаны жайлы хабардармыз. Әлбетте, Ақтөбеге жаңа барғаны болмаса, Бердібек Машбекұлы жүрген жеріне гүл егіп жүретін іскер азамат екенін бұрыннан білеміз.

Осылардың бәрін ойлай келе, Бердібек Машбекұлы «Ақтөбе» клубының жағдайын тікелей бақылауына алса деген тілек туады.

Футбол дінмен қатар тұратын қалада, қала берді облыста жаңа әкімнің атына алғыс жаудыратын ең сүбелі, сүйекті нәрсе болса, ол – «Ақтөбенің» клубының жағдайы!

Құрметті Бердібек Машбекұлы!

Сіздің Ақтөбе облысына әкім болып барғаныңыз қуаныш. Ең алдымен, облыстағы әлеуметтік ахуал жақсарады деген нық сенім бар, сосын, әрине Қазақстандағы грандтар санатындағы футбол клубына шын жанашыр боларсыз деген үміт!

Облыс бюджетінен қаржы алатын клубтың ішкі жағдайына үңілсеңіз, өзіңіздің де көзіңіз жетер, жариялап қайтеміз?! Біз күткенбіз, сенгенбіз «Ақтөбенің» шатқаяқтап тұрған қадамын нығайтар, көздеріне үміт отын жағар бір азаматтың келеріне.

Ел чемпиондығын 5 рет жеңген, Еуропа Лигасының, Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңдерінде ойнаған, әлемдік деңгейдегі клубтардың өзімен санасу керектігін ұқтырған «Ақтөбе» футбол клубы бүгінде құлдырау үстінде.

Шұғыл көмек керек. Кінәліні халық кешіреді, тек клубтың жағдайы реттелген жағдайда ғана. Кез-келген «физруктың» бас бапкер болуы, маусым ортасында ғана ашылатын стадионның мәселесі, ала таңнан кезегі басталатын билеттің жағдайы, селекциялық жұмыстардың сылбырлығы нәтижесінде «Ақтөбенің» жолы тұйықталып, мәселесі қордаланып қалғанын Ақтөбенің кез-келген азаматы айтып береді.

Біз білеміз, Сізбен қандай да бір мәселе қатар тұрмайтынын, сондықтан да сенеміз! Қазақ «Нар жолында жүк қалмас» дейді ғой...

Футболмен тыныстайтын Ақтөбенің ендігі демін Сіз ашарсыз, Біз сенеміз!

 

Алмас АЛТАЙ,

Астана қаласы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377