Сенбі, 23 Қараша 2024
Жағымды жаңалық 6878 0 пікір 2 Қазан, 2015 сағат 10:44

ҚЫЗЫЛШАНЫҢ ҚЫЗЫҒЫ ҚАЙТЫП ОРАЛДЫ

Алматы облысында  (бұрынғы Талдықорған облысының аумағында) өсетін тәтті түбір – қызылшаның қызығы кетіп, бір кездегі әйгілі шаруашылық шашырап бара жатқан еді. Алайда, ниет болса, қандай істің де тетігін тауып, табыс көзіне айналдыруға болады екен. Бұл сөзімізге   қызылша алқаптарындағы бүгінгі қарбалас тірлік мысал болса керек.  

Осы аптаның бірінші күні «Көксу» қант зауытына  (Алматы облысы) тәтті түбір тиелген алып жүк көліктерінің алғашқы легі келген болатын. Бірнеше күн ішінде кәсіпорынның өнім қабылдау алаңы алыстан таулар тізбегіндей болып көрінетін қант қызылшасы үйінділеріне толып кетті.

Расын айту керек, биылғы күздің техникалық дақыл өсірушілер үшін осыншалықты табысты болатынығын ешкім болжай қоймаған. Дегенмен, облыс басшылығы тарапынан жасалған жан-жақты қолдаулар босқа кеткен жоқ.  Диқандар қызылшалы алқаптың әр гектарынан бұрын-соңды болып көрмеген өнім жинауда. Өңірдегі бірқатар шаруашылықтар әр гектардан 700-750 центнерден тәтті түбір алып жатса,  қант қызылшасының басым бөлігі бойынша  әр түбірдің салмағы  6,5 – 7 келіге дейін тартуда. Қанттылығы да жоғары, тазалығында да мін жоқ.

 

Ең бастысы есіл еңбектің  еш кетпей, нақты нәтиже беріп отырғаны.  Биыл Алматы облысындағы  қант қызылшасы алқабының көлемі 4 мың гектарды құрады. Өңірдегі іргелі де ірі шаруашылықтың бірі – Ескелді ауданындағы «Хильниченко және К»   серіктестігі  187 гектарға тәтті түбірдің тұқымын сеуіп, ала жаздай бар мүмкіндіктері мен күш-қуаттарын сарқа пайдаланды. Қол еңбегінің үлесін азайтып, озық үлгідегі техниканы кеңінен қолданды. Қазіргі кезде аталған шаруашылықтың алқаптарында 27 техника жұмысқа жұмылдырылып, күніне 12 гектардан өнім жинауда. Амандық болса, қазанның 15 жұлдызына дейін жиын-терімді аяқтайды.  

– Биыл облыс басшысы Амандық Баталов  қант қызылшасына қатысты бірнеше мәрте семинар-кеңес өткізгенде біз: «Гектарынан  500 центнерден өнім жинаймыз» деп  уәде  бергенбіз. Біз осы сөзімізден таймаймыз. Қазіргі түсімге үңіле отырып, қорытындысында 700 центнерлік көрсеткішті бағындырамыз деге батыл болжам жасап отырмыз. Биылғы табысымыз Жетісудың төл өнімі болып саналатын, стратегиялық маңызы бар техникалық дақылдың даңқын қайта оралтуға серпін берері сөзсіз, – дейді  «Хильниченко және К» сенім серіктестігі төрағасының өсімдік шаруашылығы жөніндегіорынбасары Виктор Романенко.

Облыста  қант қызылшасын жинау науқаны енді басталғанына қарамастан, бастапқы нәтиже көңілден шығуда екенін жоғарыда айттық. Барлығы осылай жалғасатын болса, жер жаннаты Жетісу өлкесі қызылшаның отаны деген атауды қайтып  алатын күн алыс емес.

Осылайша, мемлекет басшысының Алматы облысында қант қызылшасын өсіруді қайта өркендету туралы тапсырмасын басшылыққа алған облыс әкімі біртіндеп болса да тәтті түбір алқаптарының аумағын арттыру және алынған өнімді барлық тарапқа тиімділікпен тереңдете өңдеуді жолға қою мақсатында  «Қазақстан астық одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің Президенті Нұрлан Тлеубаевпен бірлесе отырып, облыстағы қант қызылшасын өсіретін аудандар мен қалалардың әкімдері, шаруа қожалықтары басшыларының алдында, барлық жағдайды жасауға уәде бергеніне куә болған едік. Сол уәде үддесінен шыққан әкімді ұятқа қалдырмаған шаруа адамдары да күзгі берекені тасытты.

Уәде демекші, Амандық Баталов сөзінде тұрды. "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы   облыс әкімінің қолдауымен Қаратал, Көксу, Ескелді және Сарқан аудандарында 6 сервистік дайындау орталығын құрып, оларға техникалар алып берді. Жалпы 2011 жылдың наурызынан 2015 жылдың мамыр айына дейін облыстың 10 ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сервистік, агротехникалық, жабдықтау және  басқа да қызметтер көрсетуді ұйымдастыру үшін 18 сервистік дайындау орталығы жұмысқа кірісті. Көксу ауданындағы қант зауыты күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта іске қосылды. Зауыт басшылығының хабарлауынша, зауыт 100-120 мың тонна шикізат қабылдап, одан 12 мың тонна қант өндіруді межелеген. Кәсіпорынның шикізаттық сұранысын қамтамасыз ету мақсатында  қант қызылшасын өсіретін шаруаларға мемлекеттен 240 млн. теңге субсидия беріліп, 1 млрд. теңгеге жуық қаражатқа арнайы техника, сапалы тұқым, жанар жағармай сатып алыныпты.

Болат Абаған

Алматы облысы.

Abai.kz  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373