БІЗДІКІ - ЖАЗУ, БАСҚАЛАРДІКІ - ҚЫСҚАРТУ
Кеше кезекті мақаламыз "Егеменге" шығып, ел-жұрттан Ержан Байтілес бауырымыз сүйінші сұрағаны мәлім. Сан қилы соғыстарда зорлыққа тап болған әйел заты туралы көрген, жиған деректерімізді өзегімізден өріп шығарып едік. Бір тарауы толық және бір тарауының маңызды сөйлемдері қысқарғанын, яғни зомбылық болғанын әдепкі жағдай ретінде қабылдадық. "Бастан құлақ садақа" деген мақал - біздің өмірлік ұстаным. Мұндайда Жарылқап Бейсенбай ағамыз "кейін толық қалпында кітабыңа кіргізесің ғой" деп жұбататын. Ақсуаттағы ауылдың тілімен "түк те етпейді".
Иә, біздің ауылда бармағыңды балтамен шауып алсаң да ағаларың "түк те етпейді" дей салатын. Біздің екі-үш бармақта солай "түк те етпеген" балтаның іздері бар. Туған ағамыздың бізді қорқытпақ болып жанымыздағы тасқа атқан оғы ыршып келіп оң аяқтағы жіліншігімізді шағып өткенде де "түк те етпеген". Бұл жағдайды ата-анамыз да білмей қалған. "Шөп қорада алысқанда айырдың екі ұшы кіріп кетті" дей салғанбыз. Оның қасында үлкен мақаланың төрт тарауының бірін қысқарту тастау шынында "түк те емес".
Біз... одан сайын шыңдала түсеміз."Ал мықты болсаңдар мынаның бір тарауын алып тастаңдаршы" деп өзіміз артық сөйлем тұрмақ артық сөзін бес қайтара қырқып, армансыз сүзгіден өткізген, теңеумен айтқанда: алдымен қазанда қайнаған, одан үстіне үлкен қара тас бастырылған қапта сүзілген, одан анамыздың қайратты алақанында күлше түріне түсіп сығылған, ақыр аяғында жазғы күн астындағы өреде кептірілген құрты сияқты мақаламызды жолдадық. Ол да төрт тарау. Әй, бұл жолы қысқартса одан да шымыр қысқартылмастай етіп жазатынымыз хақ.
Әрбір сын адамды ширатуы керек. Қысқартуға ұшырағаның - шеберліктің шыңына жетпегенің. Жол ортада болбырап, босап жатқаның. Әрбір қысым - түптеп келгенде зиян емес, пайда. Солай.
Сонымен "Көмілген "Боран" мен көрінген "Боран" атты мақаламызды кеше кешкісін, сәтті күні сәрсенбіде ежелгі басылым "Егеменге" қарай аттандырдық та, сөремізде тағы кепкен құрт тұруы үшін іркіт толы бөшкеміздің біріне көз салдық. Ауған соғысында өзі жәсір болып, елге соның атымен басқа адамның мүрдесі келген Бочкин жайындағы хикая. Жиырма төрт жыл бұрын "Бір табыттағы - екі тағдыр" деп қалам тербеппіз. Артынан "Жазылған жайдың жаңғырығы" деген айдар аясында "Ауған құрбандары - алдау құрбандары" деп тағы жазыппыз. Ширек ғасыр ішінде бұл іркіт бөшкесі іркілдеп тағы толыпты. Қазанға қотарып қайнатуға дайын. Түсте міндетті түрде ойнайтын теннисімізден кейін қашып-пысып моншаға барып, тәнімізді тазартып алсақ, жазуға отырамыз. Ал жанымыз... әрбір жазған сайын өз-өзінен тазарып тұрады. Сол үшін де жазамыз.
Біздікі - жазу. Ержан Байтілес бауырымыздың мекемесінің міндеті - қысқарту. Оған еш кірәжімейміз. Жалпы, бұл бауырдың біздің қысқартуға ұшырауымызға еш қатысы жоқ. Қайта оның да осындай қысқартуға ұшырайтыны даусыз. Тек біз сияқты айғайлап айтпайды, ішінде жатыр. "Бас жарылса - бөрік ішінде" емес пе. Сонда екеуміздің жайымызды тағы бір мақалмен сипаттасақ, "айлас қатын - мұңдас". О-о, қазақтың мақалы, қалай-қалай қалам ұшына құйыла береді.
Хош, шер тарқады. "Бірдің" ішіндегі "екі" атты көлемді мақалаға түс ауа кірісеміз.
Қайнар Олжай
Facebook-тегі парақшасынан