ШЕТТЕ ОҚЫҒАН ЖАСТАРДАН ҚАЙЫР БАР МА?
«Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дейді хакім Абай. Заман өзгерді, біз қазір жеткіншектерімізді медресеге емес, шетел асырып, әлемнің озық оқу орындарында оқытатын болдық. Сана да «жаңарды». Оларды осылай білімді шеттен іздету арқылы «қызмет қылсын», «шен алсындыққа» баули бастадық. Бұл үрдіс өз жемісін берген де болар. Бірақ бір мәселені ұмыт қалдырдық. Ол – жастардың ұлттық санасының беріктігі. Сол санаға ұлттық құндылықтардың дәнегін егіп, оларды отаншыл рухпен тәрбиелей алып отырмыз ба? Осы ойымызды талқылап көрсек...
Қатер қайдан келеді?
Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында мыңдаған шәкірт шетел асып, «инемен құдық қазыпты». Ал мұның сыртында әртүрлі шетелдік гранттармен өзге елге қанат қаққан жастарымыз қанша? Санын дөп басып айту қиын. Олардың қаншасы елге оралып, жемісті еңбек етіп жүр? Тағы да күңгірт... Сол жастарымыз өзге елден нендей тың жаңалық, нендей тың серпіліс әкеліп жатыр? Нақты дерегіміз болмағандықтан, «оны уақыт көрсетеді» деп бар жауапкершіліктен сытылып шыға келеміз. Қазір шет мемлекеттерде оқудың пайдасы жайлы жиі айтылады. Бірақ арагідік болмаса, шетелге бала асырғаннан келер зиянды сөз етпеуге тырысамыз. Мәселен, біріншіден, жат жерде жат идеология бар. Ол идеологияның өзін үш түрге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші – саяси идеология. Өзге елдерде Қазақстан саясатына ықпал еткісі келетін саяси топтар бар болуы заңды құбылыс. Олардың сол идеологияны жастарға сіңіру арқылы мемлекетіміздің саясатына саңылау іздемесіне кім кепіл?
Екіншісі – діни фанатизм идеологиясы. Елімізге сансыз миссионерлер аттандырған батыс елдері оң-солын әлі танып үлгермеген һәм өз аяғымен келген жастарымызды сәтті пайдаланып кетуі бек мүмкін.
Үшіншісі – дүниелік идеология. Жасындай жарқылдаған жастарды жалт-жұлт еткен дүниемен қызықтырып, қаржымен алдарқатып, елітіп әкетпесіне кім кепіл? Қазіргі жағдайға қарап отырсаңыз, алғашқы саяси идеологияның нәтижесі көзге көрінбегенімен, қалған екеуінің зарары сезіле бастады. Мәселен, өз бетімен мұсылман елдеріне оқуға аттанған жастарымыз сол жақтан діни білім алып, еліміздің салт-санасын жоққа шығара бастады. Батысқа аттанған қыздарымыз адамзаттық құқығын пайдаланып, жат- жұрттықтың табалдырығын келін болып аттап, ұлдарымыз сол елден жан жарын тауып, қалып қоюда. Ал олардың саны қанша екені тағы белгісіз. Біз мәселенің бетін ғана айтып отырмыз. Сондықтан да бұл мәселенің астарына тереңірек үңілген жөн секілді.
Жастарды шетелде оқыту кемерінен асып бара жатқан жоқ па?
Ол үшін, ең алдымен, «Жастарды шетелде оқыту кемерінен асып бара жатқан жоқ па?» деген сұраққа жауап тауып алған жөн. Алысқа бармай-ақ, іргедегі 1,5 миллиард халқы бар Қытайға назар салайықшы. Соншама халқы бар «Айдаһар елі» шетелге бала жіберуге айлалы көзбен қарайды. Жылына оқу мақсатында бірнеше мың адамды ғана шекара асырып, 2-6 айлық, әрі кетсе, бір жылдық білім беру курстарына аттандырады. Олардың денін мемлекеттік қызметкерлер құрайды. «Адами өнімдері» көп бола тұра, біз секілді 4-5 жылға бала жібермеулерінің астарында не бар? Бұл – бір. Екіншіден, 120 миллионнан астам халқы бар Жапония мемлекет тарапынан жылына 15-ақ азаматты шетелде оқытуға рұқсат береді екен. Осы екі мысалдың өзі елімізге біраз жайтты ұқтырса керек-ті... Ал біз болсақ, мемлекет тарапынан жыл сайын 3000 студентті 87 мамандық бойынша дүниежүзіндегі 32 елге аттандырып жатырмыз. Ал бейресми орталықтар арқылы арман қуғандарды қоссақ, бұл сан тағы да еселене түсері белгілі. Бұл «шетелге бала оқытпау керек» деген ойды білдірмесе керек. Осы жағдайларды ескеріп, тек шетелде бала оқытудың санын емес, сапасын арттырып, кемерінен асып бара жатқан мәселенің тізгінін бір тартып қою керектігін аңғартады.
Не істемек керек?
Әрине, келешектің көкжиегін кеңіту үшін жастарымыздың дамыған елдерді көруі, сол жақтан дәріс алып, елінің кемесін алға сүйреуі қажет-ақ. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, осы бағытта «Болашақ» бағдарламасы жастарды өзі таңдаған озық оқу орнына орналастыру, оны оқуын бітіргенше қадағалау, сосын елге қайтқан соң жұмыспен қамту сынды жұмыстарды дөңгелетіп жатқаны рас. Десек те, бар мәселе осы жайттармен шектеліп қалмауы қажет. Бұл мәселе жалпыұлттық сипат алып, шетелде бала оқытудың мемлекеттік сүзгісін қалыптастыруымыз керек. Ол үшін қандай жайттарды қаперге алу керек?
Біріншіден, өзге елдерге жастарымызды егемен елімізге қажетті, бірақ өз елімізде оқытуға мүмкіндік жоқ мамандықтарды игеруге ғана жіберу керек.
Екіншіден, «мектептің жасы», «жоғары оқу орындарында оқитындардың жасы» деген секілді шетелде оқитын балалардың жасын белгілеу қажет. Жасы 22-ден аспаған бозбалалар мен бойжеткендерді, ұлттық таныммен сусындап өспеген жеткіншектерді шекарадан асыруға болмайды.
Үшіншіден, тек қана мектепті үздік бітірген, ерекше дарынды жастардың әлемдік деңгейдегі іргелі оқу орындарынан білім алуына жол ашуға тиіспіз.
Төртіншіден, мемлекеттік құпия саласының мамандарын, әскерилерді өзге елдерге оқытпау керек. Болондық оқу жүйесі бойынша PhD докторанттарын шетелге тәжірибе алмасу үшін жіберу міндеттелген. Әскери оқу орындарын мұндай міндеттен босату қажет.
Бесіншіден, елімізде шетелге оқуға жіберілетін жастарға арналып, кемі бір жылдық дайындық курстары ашылғаны жөн. Ол жерде баратын елдің заңы, өмір сүру ерекшеліктері түсіндіріліп, ол елдерде өзін қалай ұстауы керектігі үйретілуі қажет. Өйткені шетел азаматтары біздің жастарымызға қарап, мемлекетімізді таниды. Олардың құлағына сонымен қатар ұлттық таным тұрғысынан арнайы дәрістер оқылуы, «өзге елде сұлтан болғаннан, өз елінде ұлтан болғаны» артық екені құйылуы тиіс.
Алтыншыдан, шетелдегі жастардың түрлі саяси-діни ұйымдармен байланыс жасауына, түрлі идеологиялық үрдістерге бой алдыруына шектеу қою керек.
Жетіншіден, қазақ жастары оқитын елдердегі елшіліктердің жанынан сол жастардың басын қосатын мәдени орталықтар ашылғаны жөн. Сол орталыққа келген әр қазақ баласы аптасына кемі бір мәрте ұлттық құндылықтар жайлы дәріс алып отырса, түрлі келеңсіз оқиғалар орын алмас еді.
Түйін
«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім». Қазақтың белгілі жазушысы Мұхтар Әуезовтің осы сөзі әркімнің көкейінде жүретіні хақ. Демек, өзге елдермен тереземіз тең болуы үшін біздің әр нәрсені біле бергеніміз жөн. Бірақ та ұлттық құндылықтарды, ұлттық танымды әліп құрлы көрмесек, елді сүймесек, сол білгенімізден қайыр бар ма? Бұл сұрақты да әрдайым қоғам алдында қойып тұруымыз қажет секілді. Айтар ой – бізден, іліп әкетіп, саралау сізден болсын.
Қанат Бірлікұлы
Abai.kz