ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫ "ҚЫРЫМҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРШАУЫН" БАСТАДЫ
20 қыркүйекте қырым татарлары халқы Мәжілісінің ұйымдастыруымен Ресей тарапынан аннексияланған Қырымға жүк көлігін жібермеуге кірісті. Мерзімсіз акция шекарадағы Чонгар, Чаплинка, Каланчак өткізу бекеттерінде өтіп жатыр.
Акция өтіп жатқан жерге қырым татарларының көсемі Мұстафа Джемилев келді. Акцияға қатысушылар шекара бекетін бетонмен бөгеп тастады.
Украинаның ішкі істер министрлігінің Херсон облысындағы бас басқармасы оқиға болып жатқан жерге жүздеген тәртіп сақшысын шақыратынын мәлімдеді.
Ал Қырымның қазіргі басшысы Сергей Аксенов тосқауыл қоюшыларды айыптады. Ол Қырым билігі украин тауарларының тапшылығынан азық-түлік бағасының қымбаттамауын қадағалайтын болады деді.
Абай-ақпарат