АСА ҚҰРМЕТТІ, ЮНЕСКО-ЖАН!..
Аса құрметті Юнеско-жан! Биыл шайқымыз Қожа Ахмет Яссауиге ас беріп, ұлан-асыр той жасайын деп жатқаныңды естіп, қуанып жатырмыз. Әсілі, оның даналығы күллі адамға ортақ екенін ұғатын ұлан бар екен-ау.
Бірақ сол тойыңа біздің атсалыса алмайтынымызды айтып, хат жазып отырған жайым бар. Әзірге біз жақта күннің райы жылымай тұр. Шаруа да бастан асады. Осы көктемде парламенттің шілдеханасын белгілеп қойып едік. Ар жағында жаз, аптап ыстықта неғылған той?! Күз де жетісіп тұрған жоқ, дағдарыс желкеден алып барады.
Тоқ етері, өздерің жайлап нетіп, неғыла бересіңдер-ау. Ана түрік ағайындар тойды бастап кетіпті деп жатыр. «Яссауи» жорналын 50 мың тиражбен таратып, том-томдап кітап басып жатыр дейді. Осы да бәрімізге жетіп қалар. Әйтпесе өзбек те қарап қалмас.
Ана бір жылы Яссауи мұрасын жаңғыртамыз деп шыққан бір топ сопыны бүлікші деп қамап тастаған едік. Дұрыс-бұрысын кім білген, әйтеуір жатыр ғой. Өз арамызда қалсын, бұл әңгіме. Бабаның хикметтерін жырлаймыз деп шыққан «Яссауи» вокалды тобын да қудалап, таратып жіберген едік...
Біздегі хазіреттер де, құзыреттер де Яссауиды онша жақтыра бермейді. Тым күрделі, түсінуге қиын дей ме...
Кейбіреулер 63 жасында қылуетке түскен адамды жарнамалап қайтеміз дейтін көрінеді. Енді біреулер, шайқының салған зікірі арабтың көңілінен шықпапты дейді. Олардан көп көрім инвестиция алып отырмыз емес пе?!
Бірақ енді тойламайды дегенге, мүлде тойламайды екен деп қалма. Қазынадан тиын-тебен қарастыра жатармыз. Бұйыртса соған білім ордаларындағы ұстаздарды салып, он-он бес студенттен бас құрап, кеңес қылсақ па деген ой бар. Осының өзі неге тұрады? Әйтеуір, одан арыға бара алмадың деп қыстап, мазамызды көп ала берме. Айтайын дегенім осы еді. Әдресіңді таппаған соң, осында салып отырмын. Жазғаным қолыңа тисе, бір ауыз жауап қатарсың.
Аман-сау бол, Юнеско-жан. Алла деніңе қуат берсін, Шайқыңның әруағы қолдасын!
Сәкен Нұрқабекұлы
Abai.kz