Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4365 0 пікір 22 Ақпан, 2016 сағат 14:08

ҚҰНСЫЗДЫҚТАР ҒАСЫРЫ

Біз өмірге келгелі қырық жылға жуықтады. Аз да емес, көп те емес. Аз дейін десек, інілер аға деп алдына тартады, көп дейін десең, көңіл жас, шүкір, алдағы үлкендер де баршылық. Бірақ өмір бізді бәрібір күн сайын, жыл сайын түрлі шектерден аттатып, бұрын оңай болған нәрсенің бәрін қиындатып, ең бастысы, сабыр мен иманға шақырып, алып келе жатыр. Осы қырық жылға жуық уақыт ішінде біз өз халқымыздың мінезінде де үлкен өзгерістер болғанын байқап, көріп, аңғарып жүрміз.

Иә, біздің халық өз қолы өз аузына тиген жиырма жылда қалай өзгерді? Қандай құндылығынан айырылды?

Бірінші. «Туған жер – тұғырың» деген халық едік. Қазір кімбіз? Туған жер дегенде, тұтас қазақ жері екенін ашып айтқымыз келеді. Жанбағыс үшін өріс іздеп, азаматтың бәрі дерлік кіндік қаны тамған жерден алыстап кететіні заңды ғой. Алайда осы күні «адам өмірге бір-ақ рет келеді, ендеше сол өмірді адамша өткерейік» деп мұхит асып, болмаса батысқа бет бұрып жатқандар көп. Жазғыра да алмайсыз. Өйткені, дүние қым-қиғаш. Кім жанын қай жерде баға алады, қай жерде жан сақтай алады, сол мекен туған жері болып тұр. Бірақ артта туған жер жетімсіреп қалып қойғанын кімге айтып түсіндірерсіз? Жамандағанымыз емес, әсіресе орыс тілді, қалада туған немесе қала маңында өскен қазақтар өріс ауыстыруға бейім келеді. Өткен жылы Қазанға жолымыз түсіп, супермаркеттердің бірінде қазақ жігітімен жолығысып қалдық. Бауырымызды көргендей аңқылдай ұмтылғанымызға түсінбей қарады, бірақ қазақша тілін бұрап болса да сөйлесуге жарады. Татар астанасында жұмыс істеп жүр екен, тұрақтап қалатын ойы да бар. «Елге қайтпайсың ба?» деген сұрағымызға қол сілтей салды, «шаруаң қанша?» дегенін тез ұғып, сытыла бердік. Әлеуметтік желілерде де күндіз-түні осы күй. Тіпті бір жігіт алматылық таксишінің наласын езіле отырып баяндапты. «Екі жылдан бері әйеліміз екеуміз грин-карт күтіп жүрміз, қолымызға қалай тисе болды, солай АҚШ-қа тартып отырамыз. Ол жақта жоқ дегенде адамды сыйлау деген бар ғой» деп мұң шағыпты елуді орталаған таксиші.

Иә, айналаға қарасаңыз, бас сауғалаған жұрт: біреуден соғыстан, біреу езгіден, біреу жоқшылықтан қашып кетіп жатыр. Еуропаға аяқ бассаңыз, қара жұмыстың басым бөлігін келімсектер істейді. Миланның төрінде қонақтардың ауыр сөмкесін бөлмесіне жеткізіп беріп, сыртқы есікті ары-бері ашып жіберіп тұрғандардың бәрі – оңтүстік-шығыс Азияның өкілдері. Дуомо ғибадатханасына жақын көшенің бойында тамақтануға отырғанымызда, бұрын Қазақстанда тұрған молдован жігіт даяшы болып қызмет көрсетті. Қым-қиғаш қырық ұрықтан «құрастырылып» жатқан әлемге қазақ та осылай үлес қосуға бейімделіп барады. Ал осы елде, осы жерде қалатын кім? Осы елді иығына салып, еті кесіліп, сүйегіне қайыс үйкеліп жүріп ертеңгі «нұрлы күндерге» кім жеткізеді? Жаңа қоғам құрған тұста адамның бәрі дерлік болашақтағы жақсы күндер үшін, ұрпақтарының адамша өмір сүруі үшін өз өмірін азаппен, намысына тиген сөздермен, түрліше қорлаумен құрбан ететінін ширек ғасырдан бері неге түсінбей жүрміз? «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» дейтін қазақ едік. Ит екенбіз біз…

Екінші. Еркек отбасының тірегі еді, қазір ше? Қысқасы, жұмыссыз еркектер көп. «Екі қолға – бір күрек», «Есектің артын жусаң да мал тап», «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деп өзін-өзі ақтап алушылар өте көп. Інішегім бір жылы қатты жұмыс іздеді. Бір күні қара кәстөм-шалбарымды сұрады. Әлдебір жоғары оқу орнында талапкерлердің ҰБТ тапсыруын қадағалауға күзет қызметкерлері керек екен. Жолыққан адамы міндетті түрде қара түсті кәстөм-шалбар киіп келуді тапсырыпты. Інішегім таң қалып жүр. «Менімен бірге жұмыс іздеп барған 9 жігіттің екеуі – заңгер, үшеуі – экономист, біреуі менеджер екен. Бәрінің дипломы бар. Неге жұмыс таппай жүргенін сұрасам, дұрыс жауап бермейді. Соған қарағанда, дипломды сатып алған ба деймін» деді ол. Ақыры, үш күн мұрнынан шаншыла жұмыс істеген сол 10 жігітті жоғары оқу орнының күзет қызметі «сынақтан өтпей қалдыңдар» деп бір тиын төлемей қайтарып жіберді.

Қазақта «альфонс» еркектер көбейіп барады. 90 жылдардың басында әйел адамның есебінен күн көретін еркек қоғамда бірден «мігіт» делінуші еді. Қазіргі қоғам мігіттен аяқ алып жүргісіз. Әйелі жұмыс істейтін үйдің еркегі кешкісін картадан «ауыл чемпионатына» аттанып кететініне көз үйренді. Әйелінің тапқанын ұтқызып келіп, ол аз болса, араққа шекеден тойып келіп, «мені ешкім түсінбейді» деп күңіренетіндер жетіп-артылады. Ақыры сүйегіне дейін арақ өтіп кеткендер дұрыс бас жаза алмай өліп кетіп те жатыр.

Қайбір жылы теледидарда лотереядан ірі ұтысқа ие болған жігітті көрсетті. Түрі өте монтаны, ауылдан алысқа онша ұзап шығып көрмеген адам екені байқалып тұр. Жүргізуші микрофон тосып еді, берекесі кетіп, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсті де қалды. Бір кезде тұрып-тұрып: «Осы лотереяны сатып алғаным үшін апама, апамның пенсиясына рахмет!» – деп салды. Рахмет! «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы түгін қампайтар»… Бөрі емеспіз біз…

КСРО кезінде мектеп қабырғасынан-ақ жүргізушілікті үйреніп шығатын балалар әскерден оралған соң ауыл шаруашылығының бір кетігіне барып оңай қаланар еді. Қазір ондай жүйе де жоқ. Жігіттер маусымдық жұмыс істеп, соны малданып, бойкүйездікке әбден бой үйретіп алды. Қалаға келсе де құшақ ашып тұрған ешкім жоқ. Қазір «мен» деген мықты маманның өзіне миллионнан астам тұрғыны бар абаттан жұмыс табыла бермейді. Бұрын он адам жұмыс істейтін жерде қазір ары кетсе екі-үш-ақ адам отырады.

Үшінші. «Өзі үшін» өмір сүретіндер көбейді. Мұның астарында ұлт қасіреті жатыр. Бәрі өзімшіл болған да жақсы шығар. Мүмкін, кейбіріміз кеткіміз келетін батыстық қоғамда сондай шығар. Бірақ ата-бабамыз сан ғасырлар бойы осы далада өзіне тән мінезбен ғана ғұмыр кешкенін санамыздан сызып жатқанымыз өкінішті. «Қазақтың тарихы – бірігу тарихы» дегенді ағалар бекер айтып жүрген жоқ қой. Қазір не істесек те – өзіміз үшін. Қыздарымыз ашық-шашық киінсе, жұрттың пікірін «ұрып қол қойғаны бар» – өзі үшін. Азаматтарымыз тар шалбар киіп, қыз дауыспен сызылса – өзі үшін. Мұның бәрі – дүрмек.

«Өзі үшін» бала туып алған әйелдердің перзенттері осы күні кәмелет жасынан асты. 90 жылдары болса, мұндай әңгіме мүлде айтылмас та еді. Бүкіл ауыл бет шымшысып, сол әулеттің сүйегіне қара таңба мәңгі түскенін сезінісіп жүрер еді. Осы күні жалғызбасты, карьера қуып жүріп қалған қыздар қырыққа иек артқанда уақытты өткізіп алғанын кенет түсініп, әке болуға лайық адамды сырттай таңдап, ең қасіреті, соны өзінің әкесі мен анасына сырттай таныстырып, «батасын» алып барып, ұрпақ көруге бел шешеді. Бір қарағанда, дұрыс қадам. Ертең қартайғанда, кімнің жалғыз қалғысы келер дейсің? Алайда әкесіз өскен бала, әкесінің кім екенін білмейтін бала қоғамға қосылады ғой. Қала тәрбиесімен жетілген соң, оған «жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөзді қалай түсіндірерсің?

Қазақ бір мақтанса, басқа халықтан қанының мықтылығымен, ешбір жақынымен қан араластырмағанымен мақтанатын еді. Осы күні ол да құнын жойып бара жатыр. Жер-жерлерде «алыс нағашысының» қызын «аттай қалап» келін ғып алып жатқандарды да естиміз.

Міне, көрдіңіз бе, бір мәселе екінші мәселенің «аяғын басып» сөйлетіп жатыр.

Төртінші – дініміз қойыртпақ… Бесінші – тоқсаныншы жылдардағы мәйекті тілдің жұрнағы қалмай барады… Алтыншы – шынайы достан гөрі виртуал досымыз көп… Жетінші – өте қасаң ойлайтын болып кеттік, әзіл түсінбейтін жұртқа айналдық… Сегізінші – жұрттың қаңсығын таңсық көруде бізден асқан абсолютті чемпион жоқ… Тоғызыншы – тым сауықшыл болып алдық… Оныншы – тым шүкіршіл боламыз деп бардан айырылып жатырмыз…

Айта берсек, бас-аяғы жиырма жыл ішінде қазақ қоғамының асты үстіне келді. Абай атамыз айтатын «өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген ақылды тыңдап жатқан ешкім жоқ. Ширек ғасыр ішінде қазақ ақшақұмар елге айналды. Бұл енді – нағыз дерт. Қазір қолы қимылдаса тілемсектеніп тұратын бауырларымыз бар. Олар балаларына да соны үйретіп жатыр. «Ақысын берсең боқысын шығарамыз» – қазіргі құндылық осы…

Қайда бара жатырмыз өзі?.. Беталысымыз қай жақ? Мырза күлкіні езуіне үйіріп, бар әлемге паң қарайтын қалпымыз қайта келе ме, әлде осы кеткеніміз кеткен бе?

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ,

«Рейтинг» газеті, №2, 21 қаңтар 2016 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5398