Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6750 0 пікір 22 Ақпан, 2016 сағат 10:53

Ержан АРЗЫҚҰЛОВ. CЫНЫПТАСТАР СЫРЫ

 

«Асылы азған замандай,

Шөп таусылды көлдегі,

Құс таусылды көлдегі..»

Шортанбай ақын

 

Заман азды ма? Адам бұзылды ма? Заманды бұзған кім? Қандай іс, қандай қулық, қай өзгерістен соң бұрынғы заман бұзылуға айналды? Табиғат бұрынғы қалпында, заманды бұзған адамдардың бұзылуының белгілері: бұрынғылар айтқан берекесіздік, арамдық, жат бауыр болып қарындастан айрылу.

 

- Бәсе деймін-ау, содан екен ғой ауылға қайта-қайта келгіштеп жүргені? І-ім-м, солай де. өзіне де сол керек, бәлем! С-ө-өй-тіп ұшып кетіпті де. Сауап болған!

- Ұшып кетіпті дейді?! Не, қызметінен босап қалып па? Өзі тіпті тым «скромный» көрінгісі келеді-ау, сірә? Ойы-бо-о-й, бізбен де үлкен кісілерше сөйлесетінін қайтерсің. Үй-й, шікінім-ай, десейші! Ә, қойшы, ондайлар ұзаққа барушы ма еді? Аяғы аспаннан салбырап түсе қалмағанын шалқасынан түскенде білер? Қызметінен де сөйтіп шалқақтаймын деп жүріп құрыған ғой ол?!..

Әлдекімді сыртынан сыбап жатқан бұлар бір мектепте, бір сыныпта оқыған «қырықтың қырқасын» иектеп қалған ауылдың бүгінгі «үш нояны». Бір сыныпта оқыған ұл-қыздың көпшілігі он жылдықты тәмәмдаған соң қалаға оқуға кеткен. Ауыл-үйді төңіректеп ќалғандар – Мақсат, Саят сосын кәдуілгі Досбол шырақ. Мектеп қабырғасында жүргенде сабақты тым «жетік» оқығандықтан ба, әлде, Кеңестік дәуір тұсында әкелері дүрілдеп тұрған бір-бір мекеменің бастықтары болған соң ба, әйтеуір, мектептен әрі қарай оқу қажет болатыны туралы ойлаған емес-ті.  Ойласа да жазу, сызу десе кежегесі кейін тартатұғын әдеттері оқуға ықылас қойдырмаған. Ол аз болғандай «СССР» деп ауыз толтыра айтқанда атынан ат үркетін Одақ тарады да бар пәлекет содан басталды ғой. Бай мен бақалшының арасы безбенге түсер шақ туды. Қарекеті барлар Тәшкент пен Пішпектің арасын жол қылды. Енді біреулер Алматыны былай қойып, Ресейге кетіп жатты сауда-саттықпен айналыспаққа. Шаруашылықтар таратылып, ќара жұмыс табылмайтын болды ер азаматқа. Соқталдай жігіттер көне құмырадай болып жер жаңғақ, пісте сатып базарда отыратұғын болды. Байдан қайыр болмағасын шиеттей бала-шағасын өлмелі кемпір-шалға бақтырып, дорбасын асынып әйелдер кетті ғұмырында істемеген кәсіптің қамытын киіп. Тағдырдың тауқыметі таусылар ма? Көне шипәнердің үстінде мелшиіп жататын қоңыр шабаданның түбіне табақтай диломын тығып тастап, ауыл интелегенциясы да лажсыздан саудагерлікпен айналысуға біржола бекінгелі қашан? Әйтсе де «үш нояныңызға» ғана қыры кеткен заманның сызы әсер қыла алмаған.

Әңгімені бастаған Саят құрдастарына Ерден қызметінен кетті деп отырған жоқ-ты. «Көріп-біліп, байыбына барып алмай неге ғана лепіре береді екен осы шіркіндер?»  - деп қынжылды іштей. Жанында отырѓан екеуге қарағанда бұл жігіттің түйсігі бар. Жоғарғы оқу орнын тәмәмдай алмағаны болмаса, аз-мұз ойға түйгені, қала көргені және бар. Өздері әңгіме қылып отырған Ерденмен бірге бұл да оқуға кетіп еді. Әкесінің үстінен домалақ арыз түсіп, «жауапқа тартылатын болды»  дейтін екіұштылару хабар құлағына жеткен соң анасына қолғабыс тигізбекке оқуын тастап, ауылға ќайтқан. Ауылға келгесін әкесініњ сыйлас досы өзі басқаратын зауытқа жқмысқа қабылдаған. Қарапайым жұмысшы болып істейтін. Қазір осы зауытта инженер. Оқуын жалғастырмаќ ойы да болған. Бірақ тұрмыс-тіршіліктің тауқыметі мойын бұрғыза қоймаған. Үйленді, балалы-шағалы болды. Ке-шешесіне де көп қарайлады.

Өзімен-өзі әлденелерді ойланып кеткен Саят әлігі екеуге іштей қынжылысын сездіргісі келмеген. Әңгімесін жайбарақат әрі қарай жалғады.

- Оу, сендер не айтып кеттіңдер? Кім айтты сендерге «Ерден қызметінен ұшыпты» деп? Ол кеше Алматыға жедел ұшып кетті. Шұғыл шақырту алыпты. Түнеугүні кездескенде айтпап па еді, «аз ғана уақытқа келдім»,  - деп.  - Сірә, қызметі жоғарылайтын болар?!  – Кісінің әңгімесін аяғына дейін тыңдауға дағдыланбаған Мақсат әдеттегі ұшқалақтығына салып Саяттың сөзін шорт кесті.

-  Қой-ей, кім шақыртыпты? Қандай қызметке ауысар екен? Соның-ақ жолы болғыш екен. Бізге ондай ештемесін сездірмеп еді,ә?  - Өне бойын қызғаныштың оты өртегені ме, әлде, ішімдіктің әсері ме, «бұл қалай болғаны?» дегендей, бақырайып Досболға қараған. Ол да «кім біледі?» деген сыңай танытып иығын қиқаң еткізді де астыңғы ернін қоса қыршып жұлып алардай аузын қисайтты.

-  Қайын жұрты мықты болар, сірә? Әйтпесе, мына заманда кім өз күшімен жоғарылай алар дейсің? Тіпті болмаса қолдайтын адамы болғаны да. Ондай көтені диірмен тасын айналдырып отырған көкем болса меніғ де кім боларымды көрер едіңдер. Қала тұрмақ осы өзіміздің ауылдағы ұжымның төрағасы Молықбай да «жұмыс жоқ!» - деп маңайына жуытпай отыр емес пе?

-  О, милау! Молықбай жұмысты қайдан тауып береді саған? Ұжымға біріккен екенсің тиесілі үлесіңе қарай қарекетіңді қыласың енді. Баяғыдай аяқты аспанға көтеріп ќойып, айлық жаздырып ала беретін заман келмеске кетті. Көзіңді ашып қара, шырақ! – деп ділмарсыды Досбол.

-  Баяғыда көкем совхоз деректір болып тұрғанда үшінші бөлімшеге басқарма етіп жұмысқа қойып еді. Өздерің де көріп жүрген жоқпысыңдар, үйіне күнде барам. Кеше кешкісін және бардым. «Шырағым, ана Мәдидің тойы өткен соң келші айналайын, бірақ ішпей кел» - дейді, өзі өмір бойы аузына татып алмағандай. Жә, онысын қойшы, мен бейбақ ішпесем ойымдағыны айта алмаймын. Бүйтіп жүріп сірә, үй болып та жарытпаспыз! Қатын қаладағы ағасыныкіне ол кетті балаларды алып.  – Терең тыныстап, ауыр күрсінді Досбол. – Уй-й, қыры кеткен мұндай заманның әкесінің аузын! УҺ! Өзінің жігерсіздігіне, құлықсыздығына опынды іштей.

Әңгімелері қиыспауға айналғанын аңғара қойған Саят: «Мен үйге қайтайын жігіттер!» - деген сыныптастарынан рұқсат сұрағандай ыңғай танытып. Ел аузында «ақыл төбе» аталып кеткен көшенің бұрышынан енді аз отырса айғай – шу шығып кетерін ол жақсы біледі. Оны әрине, момақан қозыдай монтиып отырғансып-ақ әдеттегісінше қыршаңқы тілді Мақсат бастайтыны анық. Бөтелкелес жан қимас досы Досбол қоштай жөнеледі. Бұл – олардың қашанғы әдеті.

-  Е, немене?! Бөтен жерде тұрсың ба? Әлде, әйеліңнен қорқасың ба? Байқаймын, күнде мың сылтау айтып кетіп қаласың, бізді сыйламайсың, ә?

   Елде жоқ әңгімені тауып айтқандай көзі шақшиып орнынан Мақсат ұшып түрегелді. -  Жо-ға, үйдегі сырқат қарындасыма алаңдап тұрғаным ғой. Дәрі – дәрмек алуға қаражат іздеп жүргенімді айттым емес пе мана? Қайта маған қол ұшын беріңдер қалталарыңда азырақ теңгелерің болса! – деп  Саят шынын айтып ақтарылып жатыр.

 - Менде соқыр тиын да жоқ, Досболда болмаса. Апасы пенсия алады, бәрімізге қарағанда қолына ақшаны жиі ұстайтын сол болып тұр ғой. Бір жартыны да әлгінде Қаламқастың үйінен қарызға алдық.

 - Айтады екенсің! Қазір апам пенсиясын өзі барып алатын болған. Шал–кемпірден тиын сұрап алу ақыретке барып келгенмен бірдей. Онан да Молықбайдан сұрасаңшы. Иә, соның дұрыс.  – Аяқ астынан сап етіп аузына түсе қалған сылтауын өзінің тапқырлығы деп ұққан сасық ойына мардымсыған Досбол ұжым бастығы Молықбай ақша беретін заманы болса, Әмірқұлдың үйінен бір жарты ала келуін тапсырып қалуды да ұмытпады. 

...Иә, «біреуге мал, енді біреуге жан қайғы» деген осы. Сөз шығын ғып әлігі екеуіне жағдайын бекер-ақ айтып тұрған екен-ау?...

Саят Молықбайдың үйіне келе жатыр. «Кісідегінің кілті аспанда» демеуші ме еді? Қалай болар екен? Бірақ, ағайыны ғой, беретін шығар? Бәлкім, жағдайын айтып түсіндірсе, меселін қайтармас?! Бұрын-соңды ұжым бастығының не кеңсесіне, не үйіне барып көрмеген-ді. Бармай-ақ қойса ше? Қайтсе де қаражат тауып дәрігерге қаратады деп үміттеніп, жанарына жас үйіріліп қалған қарындасы бұл құр қол барса, көңілі басылып қалмай ма? Ол Саятқа үміт артады ғой. Жоқ, барады. Тәуекел!

 

ЖЕТІ ПЕРІ

 

«Ұстай ма деп білегін,

Нығая ма деп жүрегін,

Кейінгі туған баланың,

Шашын, мұртын қойдырып,

Бұза ма деп реңін,

Адыра қалғыр заманның,

Жаратпаймын сүреңін.»

 

М

олықбай таңертең Алматыға жүрмек екен. Кілең ығай мен сығай осында жиналыпты. Ауыл қатындары «жеті пері» деп ат қойған су мұрап, шөп біргәдір, шеберхана меңгерушісі, механик, бұғалтыр, кәссір – бәрі бар. Тракторшы Айқан даусының қарлыққанына қарамай, барқырып ән салған болады. Жанында отырғандар оқта-текте «бе-е-еу!» деп қошеметтеп қояды. Өздері бес-алты шөлмекті босатып тастапты. Жүк аяқтың астында әлі ашылмаған төрт-бес бөтелкенің басы қылтияды. Құдай көп көрмесе, оны да осы отырғандар құлқындарына құяр.

 - Молқанжан-ау, сенің інің бізге де бөтен емес. Шақырған екен бәрімізді де. Барып қайтуға жағдайымыз бар, Құдайға шүкір! Әйтсе де Сәду, Жәпек үшеуміз бірігіп «шашуымызды» өзіңнен беріп жібергенді мақұл көрдік. Жиын-терім аяқталмай жатып тобымызбен қалаға той тойлауға кетсек, ауылдың қатындарының өсегіне ілініп жүрерміз тағы. Мінеки, мынау жиырма бес мың теңге. Біздің атымыздан құттықтап, сәлем айтарсыз, - деп шөп біргәдір Сәлмен шал ортасынан резеңкемен буылған екі жүз теңгеліктің бір бумасын Молықбайдың қалтасына салып жатыр.

Саят көңілдері шалқып, әулекіленіп отырған көкелерімен қол алысып сәлемдескеннен кейін, шеткерірек барып жайғасты. Келген шаруасын қонақтар кеткен соң яки, ертең келіп-ақ айтармын деп түйді. Тіпті ыңғайы келмесе, «жәй ғана амандасып өтейін деп ем» дей салатын шығар?

- Әй, бала! –деді төрде масайрап отырған Жәпек шал бұған өңмеңдей тесіле қарап. – Сен осы, кім еді әлігі... Ерденмен қатар оқыдың-ау дейім, шамасы? Қайсы күні ауылда жүргенін көрдім. Есің болса, маңына жоламағаның дұрыс со неменің! Сықиып киініп алыпты. Ауылға келген соң көшеге шығарда қарапайым киіммен-ақ шықса болмас па? Со жүрісінде Құдай біледі деп айтайын, бір дөкейге жолығып келе жатыр ол. Өзі бір тәуір айлық төлейтін жерде істейді-ау деймін. Шалқайып кеп амандасады кісімен. Ойбай-ау, оны әкімнің өзі мапаздап күтіп алатынға ұқсайды. Ел солай айтады әйтеуір. Осы әнебір жылы желпілдеп «желтоқсанға» қатысамын деп бүкіл елді дүрліктіріп еді-ау сол Ерден. Сонысын естігенде қалаға бала оқытпағанымызға қуандық өзіміз. Әкесі де жас күнінде килікпейтін жерге килігіп, бір сұмдықты бастайтын да жүретін. Әділет іздедім деп айтқанымызға көнбей, дегеніне жететін. Мен сиыр пермеге бастық боп тұрғанымда,- деді  сақал-мұрт қойса да арақтан аузы құр жүрмейтін, көзі жықсиған Байназарды нұсқап. ...Соңымызға түсіп, соғымға сеп болсын деп сойып әкеле жатқан сиырдың етінен ауыз тиюге мұршамызды келтірмей, Байназар екеумізді әбден сандалтып еді. Сонда ол да жерге қарап отырған жоқ, сапқоздың деректірі болатұғын. Араға түсіп «бір жолға ағайынгершілік жасап кешіре ғой,шырағым?!», - деп барған шалдың сөзіне де құлақ аспай кеңсесінен тырқыратып қуып шыққан. Құдай-ау, онда Сәбет өкіметінің кезі ғой. Кеңшілік заман. – Қол шашығымен аузы-басын сүрткілеп қайтадан жан қалтасына салды да сөзін әрі қарай жалғап әкетті. Сөйтіп жүргенде баласы «желтоқсанда» пәлеге басы қалып, Алматыға барып баласын арашалап алатын ақша таппай ауыл адақтап кеткенін көзіміз көрген. Сонда дейім-ау, аудандық соттан мені арашалап алып қалған осы Молықбай болатын. Ім-м! Солай,шырағым!- деп нығарлап барып аяқтады сөзін «бұл Жәкең сондай да ерлік жасаған» дегендей сыңай танытып. Бірқыдыру уақыт өткенде «негізгі айтарым бұл емес екен-ау» дегендей: - Ол уақта ұры атансам да менің тұрмысым сол Ерденіңнің әкесінен бар ғой, көш ілгері. Өкіметтің мәшинесін мінгеніне малданып, өмір бойы қызметте жүретіндей боп дүние жимаған екен ғой. Әйтпесе, елдің бәрі айтқанын істеп, айдауына көніп тұрған сол тұста дәулетті кісілер мен тамыр-таныс болмады дейсің бе маңайында? Сондайларды пайдаланып үй тұрғызып алар еді басы бар еркек болатұғын болса. Пенсияға шыққанына бірнеше жыл болды, әлі отыр ғой сол баяғы жарбиған ескі үйінде. «Ұл-қызым өсіп келе жатыр екен-ау, мен де елмен құда боламын-ау», - деп ойламағаны ғой,бәтшағардың! – Айтып болды білем, Жәпек шал демін ішіне тартып алды да қарқ-қарқ күлді.

Арақтың қызуымен Жәпек шал бар сырын жайып салды. Саят бұл әңгімені бұрынырақ естіген. Осыдан бірнеше жыл бұрын шаруашылықтар таратылып, жер жекеменшікке бөліске түсіп жатқанда орталықтағы бау-бақшаны бұзып, жеміс ағаштарының шыбығына дейін осы дөкейсымақтардың сатып жібергенін білетін. «Жер жетпей жатыр» деген желеумен ұжым бастығын бақшаны бұзуға көндірген де Жәпек сияқты қазымыр шалдар болатын. «Бау-бақша бұзған, құстың ұясын бұзған түбі жақсылыққа апармайды, райыңнан қайт, шырағым! Далиып жатқан қара жер қанағат қылғанның бәріне де жетеді. Ақымақ болмаңдар!» - деген ауыл қарияларының сөзіне құлақ аспай Молықбай да солардың ығына жығылған. Қалған жұрттың аудандық кәзитке жазғандарынан да ештеме өнбей, қырық жыл жайқалып тұрған бау-бақша түп-тамырымен қопарылды.

Енді біраз отырса Жәпектің тағы бірдемені былықтырарын түсіне қойған ұжым бастығы Саяттан келген шаруасын құлағына сыбырлап қана сұрады. Әйеліне ым қағып, сұраған ақшасын бергізді де «асықпай-ақ бір қайырарсың» деп кеңшілік жасап, көшеге дейін шығарып салды.

Арада көп уақыт өтпей-ақ, «Жәпектің баласы Тәшкендегі өзбектердің қылмысты тобына қосылып, істі болыпты. Жәпек бар малын сатып, баласының ісін сотқа жібергізбей алып қалуға қарекет етіп жатыр екен» деген сыбыс ауылға лезде-ақ тарап үлгерді.

Жәпек бұрынғысынша Молықбайға барып, қаладағы інісінің қол ұшын беруін өтінген. Бұл шаруаның оңайлықпен шешілмесін білетін Молықбай да інісінің уақытша жұмыссыз отырғанын, істі жабу үшін өте көп қаражат қажет екенін айтты шығарып саларда. – Ең дұрысы, - деді Молықбай, - әлігі құрдасыңызды көндіріңіз, баласына айтса, бұл істі тындыру соның қолынан келер? - Ойбай-ау, ол мені тыңдаушы ма еді, Молқанжан-ау?!

-  Енді қайтпексіз?

- Әй, құлдығың болып кетейін Молқанжан, сен онан да бұл шаруаны Саятқа тапсырсаң дейім. Ол сенің айтқаныңнан шықпайтын көрінеді ғой. Түнеугүні әлдебір шаруамен саған келіп жүргенін байқадым. Сен айтып көрсең қайтеді?

- Жәке, мен сізді түсінем, бірақ... Әй, жарайды!... Көз алдымызда өскен бала емес пе, Саятқа қазір-ақ барып жолығып айтып көрейін. – Молықбай әдеттегі әккі әдетіне салып даусын соза тіл қата беріп еді, оның сөзін анадайдан шыққан шаң-шұң айғай бөліп жіберді. Ауыл адамдары «ақыл төбе» деп атайтын көшенің қиылысындағы электр бағанының түбінде ойран-топыр төбелес болып жатыр екен. - Жейдемнің жағасын жыртасың, жібер әкеңнің аузын... Біреуі екіншісіне жұдырық сілтеп жатып орысшалап боқтап, аузына түскен елдегі инаят сөздің бәрін айтып салды. Тағы біреуі ышқынып кеп жаға ұстасып жағаласып жүргендердің бірінің артынан бар пәрменімен бір тепті. Іле-шала арғы жақтан дүкенін жауып жатқан Қаламқастың шаңқылдаған даусы шықты. – Жүгермек қана келгірлер-ау, қатынға таласып жатқандай, бұларың не? Не сұмдық бұл? Отыздан асқанша ошарылып үйде отырмай, елдің еркектері сияқты тіршілік етсеңдер етті, бүйтіп масқара болғанша! Ессіз ғана қалғыр жетпегірлер-ау, арақты сендерге бекер-ақ сатқан екем! Ойбұй-й, бетім-ай! Әй, ойбай, кім бар? Өлтірді ғой мына сорлыны! Таяқ жегеннен басқасы дүркіреп қараңғыға қарай қаша жөнелді. Молықбай мен Жәпек те солай қарай елбектеп келеді. Қолынан дәнеңе келмесе де Жәпек шал айғайлап келеді. – Ұста! Ұстаңдар атаңың көрін ұрайынды! Бүк түсіп бетін басып жатқан жігіттің қасына жетіп келгенде ғана байқады: Таяққа жығылған Саят екен. Соққы тиген қолын ауырсынып, орнынан әзер көтерілген Саятқа қарап тұрып Жәпек шал басын шайқады.

Саятты қолтығынан сүйеп Молықбай мен Қаламқас үйіне қарай әкетті. Жәпек санасы сарсаңға түсіп, өзін мазалаған ойлардан арылудың бір жолы - Саятпен сөйлесіп, сонау Алматыға барғалы тұрғанда мына қырсықты қарашы! Әй, Құдай-ай! Жас шағында жоқшылықтың тақсыретін тартып, жетімдіктің теперішін көріп еді, Пайғамбар жасына жеткенде ендігі теперішті баласынан көргелі отыр екен. Екіленіп дүниенің соңына түсіп, перзенттері қатарынан кем болмай өссін деп, арпалысып ғұмыр кешіпті. Бе-у, жалған дүние-ай, десеңші! Сүлдерін сүйретіп келіп есіктің ілгегін ішінен іліп жатып: «Төзім бере гөр, Жаратушы ием, енді бұл есіктен қанша күн кіріп-шығар екем?», - деді даусы құмыға. Келе сала кемпіріне сандықтағы жиған-терген пұлын алдырып, жолға киетін тәуір кәстөмінің қалтасына салды. Буынып-түйініп ұзақ жолға асығыс дайындалған Жәпек шал электр жарығын сөндіріп, терезенің тұсындағы кереуетіне келіп, қисая кетті. Көзінің қиығы аспандағы жамыраған сансыз жұлдыздарға түсті. Неше заман өтті екен бұл жұлдыздар жаратылғалы?... 

Әрнені ойлап жатып жүрегі сыздады.  Басқа түскен пәледен құтылудың жолы қайсы? Түнімен дөңбекшіп, кірпіктерін айқастырмай таңды атырған Жәпек Алматыға қарай жол тартты. Жүрдек пойыз Алатауды бетке алып жүйткіп келеді. Терезеден ұшы-қиырсыз, елсіз адырларға қарап отырған Жәпек шалдың көз алдында қазақы ауылдың қым–қуыт қарекеті қылаң бергендей болды. Санасы шаршап-шалдығып, мына құла дүзде жападан-жалғыз келе жатқандай сезінгені несі? – Иә, тәубә! – деді дауысы жарықшақтана шығып. Өткен іске салауат. Жалғыз-ақ тілегі – пәруана санасын сансыратқан шаруасын бір жақты ете алса жарар еді. Ол жағы әзірге беймағлұм. Кім біледі?... 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5400