ГИНЕСТІҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНГЕН ПРЕЗИДЕНТТЕР
Әлемдегі мемлекет басшыларының кейбір іс-әрекеттері «Гиннестің рекордтар» кітабына тіркеліп отырады. Бірақ президенттер аталған кітапқа ену үшін саналы түрде түрде осындай қадамға барады деу сенімсіз. Бәрі де аяқ астынан орын алып жатады.
Алдымен бұл ретте Біріккен Араб Әмірліктерінің бірінші президенті Заед әль-Нахаяньның есімі аталады. Майлы бояумен 17х18 метр өлшемде Авафи тауына салынған араб шейхінің суреті әлемдегі ең үлкен портрет болып саналады. «Авафи-2005» фестивалін ұйымдастырушылардың тапсырысы бойынша салынған бұл портретті салуға бір айға жуық уақыт кеткен көрінеді.
Бұл ғана емес, рекордтар кітабына енген президенттердің ішінде кубалықтардың мызғымас көсемі болған Фидель Кастро да бар. Куба революциясының серкесі «Гиннес кітабына» ең ұзақ сөз сөйлеген мемлекет басшысы ретінде енген. Ол 2005 жылдың қараша айында ел астанасы Гаванада өткен митингте жергілікті университеттің 60 жылдығына байланысты халықтың алдында тоқтаусыз 3,5 сағат сөз сөйлеген. Бір таңқаларлығы, Фидель Кастро осы уақыт аралығында бір рет те белін бүкпеген көрінеді.
Ал 1500-ден астам журналистердің сауалдарына жауап қайтарған Владимир Путин бұл ретте баспасөз мәслихатының ұзаққа созылғанымен елдің есінде қалды. Орыс баспасөзі «Ресей президенті 3 сағат 26 минут бойы сөйлеп, журналистер сауалдарына жауап қайтарды» деп қуана шулап жазды. Бұл «ең ұзақ өткізілген баспасөз мәслихаты» ретінде рекордтар кітабына да енген көрінеді.
«Гиннестің рекордтар» кітабына өмірдегі сәйкестіктер үшін тіркелген мемлекет басшылары да бар. Әрине олардың қатарында алдымен Ақ үй қожайындарының есімдері аталады. Мысалы...
Атап айтар болсақ, АҚШ президенттері Авраам Линкольн (1809-1865 ж) мен Джон Кеннедидің (1917-1963 ж) өмірінде ұқсастықтар көп. Линкольн 1860 жылы билікке келсе, екіншісі 100 жылдан кейін Ақ үйдің қожайыны болды. Екі демократ та адамзат бостандығын жоғары қойды, елдегі ақ және қара нәсілдердің теңдігін орнатуға ұмтылды. Екеуі де сол үшін құрбандыққа шалынды. Оларға жасалған қастандық та бір сценарий бойынша жүрді. Екі президент те желкеден атылған оқтан жұма күні қайтыс болды. Линкольнді өлтірген қылмыскердің туған жылы 1839, ал Кеннедиді өлтірген адам 1939 жылғы, қастандық араға 100 жыл салып барып қайталанды. Екі қылмыскер де экстремистік көзқарастағы АҚШ-тың оңтүстігінде тұрған азаматтар. Екі президентті өлтірген қылмыскер Бут пен Освальд та сот болатын күні белгісіз жағдайда қайтыс болған. Сарапшылар сондай-ақ, тағы бір ұқсастықтың болғанын алға тартады. Линкольн Форд театрында өлтірілсе, ал Кеннеди «Линкольн» автокөлігімен келе жатқанда атылған оқтан қайтыс болды. Тағы бір сәйкестік, екі президенттің де балалары олар АҚШ-ты басқарып тұрған кезінде дүниеден өткен.
Сондай-ақ екі президенттердің де хатшыларының өмірі ұқсас болған көрінеді. Линкольннің хатшысының фамилиясы Кеннеди, ол өз президентіне тосын жағдай орын алуы мүмкін екендігін ескертіп театрға бармауға кеңес берген. Ал президент Кеннедидің хатшысы Линкольн есімді қыз өз қожайынына Далласқа баруға қажеті жоқтығын айтқан көрінеді. Екі хатшының да өтінішіне құлақ аспаған қос президент қастандықтан әйелдерінің алдында көз жұмды.
Рекордтар кітабында тіркелген тағы бір сәйкестік, Гитлер мен Рузвельт қатар өмір сүрді, олар бір-біріне ұқсамаса да, алайда екеуінің өмірбаянында жақындықтар аз емес. Гитлер де Рузвельт те билікке 1933 жылы араларына бір-бір күн салып барып келді. АҚШ президентінің инаугурациясы Рейхстагтағы Гитлердің диктаторлық өкілдігіне дауыс беру күнімен тұспа-тұс болған. Екеуі де алты жылдың ішінде елді ауыр дағдарыстан аман-есен алып шықты. Бір таңқаларлығы, екеуі де 1945 жылы сәуірде араға 18 күн салып барып бақилық болды.
Тарихта мұндай сәйкестіктер көп. Бірақ қос президенттің өміріндегі ұқсастықтар шындығында таңғаларлық емес пе?
"Айқын" газеті