АЛМАТЫДА ЖЕЗӨКШЕЛЕР ҮЙІ АШЫЛАДЫ
Алматыда жеңілжүрістілер алғашқы болып жезөкшелер үйін ашуға ниетті деп хабарлайды NUR.KZ порталы "Экспресс К" басылымына сілтеме жасап.
Бір қызығы, мұндай ойдың туындауына жезөкшелікке қарсы шығып жүретін адвокат Жангелді Сүлейменовтің жазбасы себеп болған.
Заңгер жезөкшелер үйінің ашылуына тыйым салатын заң жоқ болғандықтан, олар өз бетінше реттелетін ұйым ашып алуы әбден мүмкін екенін жазған.
Жоба ұйымдастырушыларының ойынша, жезөкшелік бар, болған және бола береді. Бұл орайда оны ресми заңдастырған дұрысырақ деп санайды олар.
"Қыздар мемлекет бюджетіне және зейнетақы қорына ақша салып отырады. Әрбір "кездесу үйіне" бекітілген дәрігер болады. Ол қызмет көрсетушілердің денсаулығын қадағалап, АҚТҚ секілді жұқпалы аурулардың таралуына жол бермейді", - дейді ұйымдастырушылардың бірі Ирина.
"Түнгі көбелектер" сұранысты арттырудың жоспарын да құрып қойған екен. Мәселен, қыздар келген қонақтың қалауы бойынша кез-келген танымал жұлдыздың кейпінде қызмет етеді, ал ол үшін арнайы тігіншілер мен стилистер жалданатын болады.
Алайда заңгер Айнагүл Әбіланова, мұндай қызмет түрін ашқандар заң алдында жауап беретінін ескертті.
"Секс қызмет ұсынатын барлық жеке кәсіпкерлер заң алдында жауап береді. Оларды Қылмыстық кодекстің 309 бабы "жезөкшелік пен жеңгетайлыққа арналған орын ашып, оны ұйымдастыру" бойынша жауапкершілік күтіп тұр. Оған сәйкес, айыптылар алдын ала келісілген топтық қылмыс жасағаны үшін 3-7 жылға дейін темір торға қамалып, мүлкі тәркіленеді", - дейді заңгер.
Осыған орай, жезөкшелер үйі ашыла қоюы екіталай, себебі оған қарастырылған жауапкершілік "сексті" кәсіп еткендерді қуанта қоймайды.
Абай-ақпарат