Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Мәйекті 4048 0 пікір 8 Ақпан, 2016 сағат 12:02

АПТАДАҒЫ АУЫС-ТҮЙІСТЕР

Өткен аптада өңірлік органдар, ұлттық компаниялар мен билік басындағы бас партияда орын алған басты кадрлық тағайындауларды естеріңізге түсіре кетсек.

Әдеттегідей, кезегінен тыс өткізілетін парламенттің төменгі палатасын сайлау науқаны қарсаңында Президенттік «Нұр Отан» партиясында аз-кем ауыс-түйіс орын алды. «Нұр Отан» демократиялық партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметіне Әлия Галимова ханым тағайындалды.

Әлия Галимова - әль-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің түлегі. 1995-2003 жылдар аралығында Павлодар педогогикалық институтында, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық қызметте болған.

2003-2010 жылдар ішінде ҚР Президенті әкімшілігінде, ішкі саясат бөлімінде бас сарапшы болып қызмет етті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (05.10.2015-20.01.2016 ж).

Ләззат Ибрагимова үшін де өткен апта сәтті кадрлық тағайындаумен аяқталды.  Ақорда шешімімен, Ләззат ханым  «Бәтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары лауазымына ие болды.

Бұл қызметке тағайындалмас бұрын, Ләззат ханым «Даму» қорын басқарып келген-тін.

Ләззат Ибрагимованың ескі креслосы Қаныш Тілеушинге бұйырды. Жаңа қызметке ауысар алдында  Қаныш Тілеушин дәл Ләззат ханымның қызметін атқарып келген болатын. Тілеушин «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2006 жылы Ұлыбританиядағы Оксфорд Брукс университетін үздік тәмамдаған.

Сондай-ақ, Болат Ақшолақов мырза «KAZENERGY» компаниясының бас директоры болды.

Айтпақшы, өткен аптада «ҚазТрансОйл» АҚ директорлар кеңесі жасақталды. Директорлар кеңесінің төрағасы креслосына Данияр Берлібаев мырза жайғасты.

Қарағанды облыстық мемлекеттік қызметтер департаментінің жетекшісі қызметіне Жандос Сәрсенов мырза кірісті. 36 жастағы Сәрсенов мырза ҚР Парламенті Мәжілісінде түрлі лауазымдарды атқарған болатын.

Abai.kz

0 пікір