ГЕНАНЫҢ ҚАРСЫЛАСЫ - ӘЛСІЗ
ESPN телеарнасы тілшісі Дэн Рафаэлдің ақпаратына сәйкес Геннадий Головкин мен Доминик Уэйдтің жұдырықтасуы 23 сәуірге бекітілген. Жекпе-жекті HBO телеарнасы көрсетеді, деп хабарлады Sports.kz.
«Маған Головкин - Уэйд айқасы келісіліп, НВО бекіткенін айтты. 23 сәуірде, Лос-Анджелесте Forum аренасында өтуі мүмкін», - деп жазды журналист.
Десек те, бүгін Генадий Головкинмен шығатын Доминик Уэйдті сынап жатқан мамандар жетерлік.
Мәселен спорт журналисті Азиз Оразбаев: "Головкиннің келесі қарсыласы көпшілікке беймәлім американдық Доминик Уэйд екенін естіген кейбір бокссүйер қауым жерлесімізді біраз сынға алып, оған Сауль Канело Альварестен үлгі алу керектігін жазып жатыр. Иә, Канелоның 7 мамырдағы қарсыласы әмбеге аян Амир Хан. Афины Олимпиадасының жартылай финалында жерлесіміз Серік Елеуовті жеңген. Кәсіпқой бокста да біраз белесті бағындырған. Бірақ, келісесіздер деп ойлаймын, Канело мен Ханның салмақтары мүлдем үйлеспейді. Британдық боксшы 2004 жылы 60 келіде жұдырықтасқан. Кәсіпқой бокста тек 63,5 келі, яғни бірінші орта салмақта жүрді. Жартылай орта салмаққа (69,9 келі) ауысқаны кеше ғана. Ал Канело ше? Ацтектің жартылай орта салмақта жүргеніне көп болды. Салмағы да біршама. Жекпе-жекке бір күн қалғанда салмағы 69 келіні көрсетіп тұрғанымен шаршы алаңға 80 келі болып шығуы да мүмкін. Мәселен, өткен жылдың қарашасында Коттомен болған жекпе-жек 70 келі аясында өтеді деп келісілгенімен мексикалық боксшы рингке шыққанда салмағы 80-нен асып кетті деген сыбыс бар.
Сондықтан, қарсыласының атына қарап Голокинді жазғырмайық. Уэйд те осал боксшы емес, 18 жекпе-жегінің барлығын да жеңіспен аяқтаған. Оның үстіне, Гена Доминикпен IBF-тің алдында міндеті болғаннан кейін ғана жұдырыспақ. Әйтпесе, әлгі боксшының кім екенін өзі де дұрыс білмейтін шығар. Ал Канело мен Амир Ханның айқасы мына суреттегідей боларына кепіл беремін" деп жазады.
Абай-ақпарат