Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 12576 0 пікір 2 Ақпан, 2016 сағат 12:26

НҰХ ПАЙҒАМБАРДЫҢ РУЫ КІМ? (Басы)

Редакциядан: 

Ел ішінде тарих ғылымының заңдылықтарына, ережесіне бағынбайтын тағы бір «тарих» бар. Ол – аңыз-әңгімелерді, көне жырларды, жер-су, адам аттарын пайдаланып, соны негізгі аргумент ретінде көрсетіп, оны әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың тарихындағы атаулармен байланыстыра отырып, мақсат еткен тақырыпты неғұрлым тереңдетіп, ру-тайпа шежіресін дүние бастауына дейін жеткізу. Мұндай «тарих» қазақ ішінде баяғыдан айтылып, жазылып келе жатқан нәрсе. Оған тоқтау жоқ. Тағы бір қызығы, бұл дүниелерге қызығушы, оқушы адамдар көп болады. Сондықтан, Мәмбеткәрім Қожырбайұлы есімді азаматтың жіберген көлемді материалын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мақалаға қатысты айтарыңыз, алып-қосарыңыз болса, бізге жолдаңыз.

Abai.kz

 

 

   

«Ру шежіресін білу – сахара төсінде көшіп-қонған қазақтар үшін өмірлік қажеттілік. Қазақ халқының ру-тайпалық, жүздік-қауымдастық біртұтас бітімі ғасырлар бойы «бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы» деген ұстаным бойынша өсіп-өркендеп отырған»

ҚР Президенті Н.Назарбаев

 

 «Атасы алыс болғанмен

 

Жамиғи қазақ бір туған»

Базар жырау (1842-1911)  

 

        Қазіргі «білгіштер» аузын ашса болды руды жамандап шыға келеді. Руды әңгіме етсең, қазақтың рулық шежіресін  білетіндерді ел арасына жік салады деп күстаналайды, жау көреді.

        Осы мақаламды Сіздерге, яғни,  «Ру» деген сөзді жау көретіндерге жауап ретінде жолдап отырмын. Менің мақсатым - өз қандас-бауырларымның арасынан жау іздеу емес, керісінше, барлық қандастардың басын қосу. Ұлы аталарымыз да осылай жасаған. Қазақ халқы сан мыңдаған жылдардан бері осы рулық жүйені сақтағандықтан ғана бүгінгі күнге жетіп отыр. Әйтпесе, қазақ шежірелерінде айтылатындай адам-адам болғалы бергі 70 000 мың жыл ішінде қаншама ел, қаншама ұлт дүниге келіп, қаншама ел мен ұлт жойылып кетті. Жоғарыда Елбасымыз бен Базар жырау айтқандай, Ру елді бөлмейді. Керісінше біріктіреді. Себебі, қазақ елінің өзі бірінің ішінен бірі шыққан рулардан (аталардан) тұрады. Осыған сәйкес, ежелгі Қазақтың ата салтын да бейтаныс қазақтар бірінші кездескенде, амандасқаннан кейінгі әңгіме «Ру сұрасудан» басталған. Ру сұрасқан қазақ міндетті түрде қандас-бауыр, нағашы-жиен, құда-жекжат, қарын бөле, туыс болып шыға келеді. Бұл қағида күні бүгінде де қолданылады. Осы қағида бойынша жақын тумаластар арасында қыз алыспайтын, қан тазалығы сақталады.

        Ел-жұртқа көсемсөз арнайтын азаматтардың ішіндегі өз қандастарына (қазақтарға) арнап «халық жауы» деген терминді қолданатындарға айтарым: Бұл сөзден 1937 жылдардағы қазақтың барлық зиялы қауым өкілдерін «ұлтшыл-фашист» деп айыптаған  Кеңестік большевизм «үштігі» саясатының иісі шығатынын біле жүргеніміз абзал.

        Ал, «Ру» деген сөзге қысқаша түсінік берер болсам, Ру - Ата деген сөз. Ру мен Ата синоним. Қазақтың «Руың кім?» дегені, сенің «Ұрпағына үлгі болған, ел танитын ең ұлы Атаңның аты кім?» дегені. Қазақта ру атын иемдену ең жоғарғы дәреже. Әңгіменің қысқасы, қазақтың руын (атасын) жамандап, рулық шежірені қазіргі ұрпаққа жау қылып көрсету, жеңілдетіп айтқанда достың ісі емес.

        Дәлел ме? Тыңдап көріңіз,  Ру деген сөздің қандай өміршең екендігін.                       

 

«Қосайдан — Әйтей, Бегей, Байбол, Тіней, Бәли, Сүйіндік (Жаман Адай). Олар өскен ауыл. Адай шежіресінде Алты Қосай болып аталады.

        …Сегіз арыс адайдың үлкен бір тобын құрайтын осы Алты Қосай болып есептеледі («Манқыстау энциклопедиясы» Алматы, 1997. 198-199 беттер).

       Қосай Ата және оның ұрпақтары жөнінде белгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай өзінің «Көнеліктер» деп аталатын еңбегінде көптеген деректерді жинаған. Сөзді Әнес ағамызға берейік:

       «Адай тайпасының ең көп тараған және көп шашылған іргелі аталардың бірі — Қосай. Адайлар оны ең ұлы әулие шалымыз деп айрықша қадір тұтады. Торқалы той, топырақты өлім де төр — Қосай ұрпағында, бата беретін де солар. «Қосай шапаны» ісі  Адайға міндетті бас кәде.  «Жолым болсын десең — Қосайдан жолдасың болсын» деген мәтел де мәлім. Қысқасы, Қосай-ерекше қадірлі Әз әулие. Қосай ұрпақтары Қосайдың қабірін тауып, басына мазар көтеріліп, игілікті іс істеуде. Олардың пайымдауынша, Қосай 500 жыл бұрын өмір кешкен.

        Ал тарих сораптары Қосай және Қосай руы туралы аларлықтай мәліметтер береді. Қосай атауы бірде кісі есімі, бірде ру аты қалпында алмасып, жиі-жиі қайталанып отырады. Жеке тұлғалар қаншама даңқты, дабыралы болғанымен өмірден өтеді-кетеді, ал рулық қауымдар мейілінше ұзақ жасайды. Сондықтан, әңгіме  алдымен Қосай руы  туралы болғаны жөн. Байқап отырсақ, төрт тарапқа шашылған «ад» қауымының арасында жан саны мол, іргелі Қосай тайпасы болғанын аңғарамыз. Оның алғашқы өкілдерінің бірі б.д.д. X ғасырда Дәуіт патша төңірегінен көрінсе, Мұхаммед пайғамбар дүниеге келмес бұрын  200 жыл шамасында арабтарда Қосай руы болғанын, пайғамбардың бесінші атасы Зейд Қосай әулетінен әйел алып, соларды паналағандықтан, Қосай атанған… Олардың кері лықсып, қазақ топырағына қайтып оралуы екіталай, оларды да  «жоғалған адайлар» санатына жатқызған жөн деп жазады Әнес Сарай.

       Әнес Сарай академик Әлкей Марғұланның «тарихи жазулар бойынша Қосай Түрік қағанаты кезінде жасаған кісі болуға тиіс. Бұл кезде Алтай мен Жетісу арасында өмір сүрген  нушиби  тайпаларының бір көсемі Кошу деген атпен белгілі еді. Тарихы бар өмірін Бесбалық (Бейжің)  қаласын қорғау  ісіне жұмсап, Сарыөзеннің басы Өртөске дейін жорық жасаған кісі. Орхон жазуы бойынша (Қошай) 720 жылы Бесбалықты жау әскерінен босатқан» деп ой қорытады Әлекең»- деп жазады, Әнес Сарай. Тағы да ғалымның ешбір жалтақсыз Кошуды Қосаймен шендестіргенін көрсетеді.

       Түрік дәуірі туралы тарихи зерттеулерде кошу және оның белгілі тарихи тұлғаларына мән   беріле келіп, аталмыш этнонимді қазақ, қырғыз, алтай эпостық жырларының басты қаһарманы Ер Қосаймен ұштастыру ниеті анық аңғарылады. Алайда, қытай жылнамасы Күлтегін жазуындағы Кошу мен эпостық Ер Қосай уақыт жағынан алшақтап, сәйкес келе бермейді. Екі есімнің аралығында 4-5 ғасыр уақыт жатыр. Соны ескерген ғалымдар «Манас жыры ілгері-кейінгі тарихи оқиғаларды қамтыған эпос, ертерек кезде өмір сүрген». Ер Қосай туралы әңгімелер Манас дәуіріне жақындастырылуы мүмкін сынды тұжырымға иек артады» деп жазады Әнекең. Ал қазақ, қырғыз, алтай жұртында аты мәлім, әрі әулие, әрі батыр қылыштың жүзімен ел қорғаған Ер Қосай қай заманның перзенті? Біздің тақырыбымыз үшін маңыздысы осы - Қосай. Қосай қазақ эпосынан ойып орын алған ең тұлғалы қаһармандардың бірі. Ол - «Ер Көкше»,  «Ер Көкше ұлы Ер Қосай және Мұрын жырау»,  «Қырымның қырық батыры» желісіне қосып жырлаған «Ер Қосай» жырының бас кейіпкері. Сондай-ақ, Ер Қосайға қатысты жыр-толғаулардың В.В.Радлов жазып алған Жүсіп Көпеев, Асайын Хангелдин, Бисен Сариманов жырлаған версиялары да бар. Ал Қырғыздың  «Манасында» Қосай орталық қаһарман дәрежесіне көтерілген бейне. «Манас» жырында оның халық үшін істеген ерлік істерінің біразы тізілген. Бала кезінде қазылық бойында дәу аш бөрімен жалғыз алысып, оны жеңіп, ел-жұртының алғысына бөленеді. Екіншіден, Кеген өзені бойында елге жау тигенде ерлік көрсетеді.  Үшіншіден, атақты ер Белеректі Масқараның тұтқынынан босатады. Төртіншіден, Бейжіңді (Бесбалықты) жаудан құтқарады.  Жырда төмендегідей тамаша жолдар бар:

          «Бекініп қалған Бежіннің

          Бетін ашқан Ер Қосай.

          Тұрып қалған Тұрпанның

          Түсін ашқан Ер Қосай.

          Байланып қалған базардың

          Бағын ашқан Ер Қосай».

          Бұдан біз Қосайдың мекен тұрағы Шығыс, Түркістан, Тұрпан, Бесбалық қалаларының  төңірегі екенін аңғарамыз. Ал, бұл болса яда (Ада М.Қ.), кошу (Қосай М.Қ.) тайпаларының байырғы қоныстары дегенді айтады Әнес Сарай.

       «Манас» жырында қара қытайлардың қысымымен қырғыздар Алтайға қайта көшуге мәжбүр болғанда Қосай дұшпанға бел бермей, ата қонысы Үчтөбеде табан табан аудармай тұрақтап қалады.  «Құлалы жиып күш қылған, Құрама жиып жұрт қылған» деп жырлағанына қарағанда, Қосайдың ұлысы Құранды жұрт болғанға ұқсайды. Зерттеуші Әнес Сарайдың жазғанына зер салсақ, қазіргі Атбасы мен Нарын жоталарының аралығында «Қосайдың қаратауы»,  «Қосай қорғаны» Талас өзенінің басында  «Үш Қосай», Алатауда «Қосай тау» аталатын тау да бар екен. Қазіргі айтылып жүрген шежіре аңыздарға сүйенсек, Қосай ата теңдесі жоқ батыр, көріпкел әулие, артынан халқы ерген ұлыс көсемі ретінде айтылады. Бірақ, Қосай ата есімі Шыңғыс ұрпақтары билік құрған кезде не батыр есебінде, не әулие ретінде ауызға ілінбейді. Ол орыс жылнамаларында  «өлмейтін Кощей» болса, ал араб кезбелерінің жол жазбаларында әулие атаның есімі естілмейді. Осыған қарағанда, Әнес Сарай зерттеуін оқығаннан кейін, бұл мыңжылдықтан Қосай ата атын іздеп табу оңайға соқпаса керек.  Арада мыңдаған жылдар өтсе де, халық өз батыры мен  көріпкел әулиесінің атын, жадынан шығармай, Қосай атаның өмір сүрген дәуірін, бергі заманға қарай итермелеп жақындатып, жасартып отырған. Әулие атаны пір тұтқан халық, елдің басын біріктіріп, ортақ жауды жеңуге қарсы Қосай ата есімін жоғары ұстап, ұлыстың ұранына айналдырған. Бір таңданарлығы, «Адайдың екі ұлы тармағы Келінберді — Құдайке арасында жік түсіп, қырғиқабақ болды» - деген қауасетті естімеген екенбіз. Ағайынды екі елдің татулықты ту етіп, Келінберді балдарының, Қосай ұрпақтарына  «ағаның баласы» деп өз жолын беріп отырғаны осыған дәлел. Ғасырларға созылған осы сыйластық, бірін-бірі көтермелеп, жаманын жасырып, жақсысын асырып, араға шайтан килікпей, жүз шайыспай қасиетті қара шалдарымыздың арқасында татулықты мұра тұтып, осы қағидадан айнымай біздің заманымызға дейін жүріпті. Адайларды жанына топтастырып, әкесі Тоқтамыс ханның кегін алған. Тоқтамыстың екі кіші ұлы Керімберді, Маңғыт Едігені өлтіргеннен кейін, өзі де ұзаққа бармай қаза табады. Керімбердінің қазасына қайғырған елге Еділ-Жайық, Жем-Сағыз қараң қалған қонысқа айналады. Табан тіреп, арқа сүйенетінен айырылған ел шығысқа қарай бет түзеген» (Әнес Сарай «Көнеліктер»).

          Әлем тарихына үңілсек, біздің жыл санауымыздың V ғасырының ортасында Меккені иемденіп, Хиджаз өңірінің көптеген аймағын басып алған Құрайыштардың әйгілі қолбасшысы болған — Қосай атаға тап боламыз. Қосай өз заманында аса ықпалды әрі бай адам болған. Бір тайпалық ру басының көсемі болғанмен, құрайыштар оны басына көтеріп «Сұлтан» деп мадақтаған. Бізге жеткен көне әңгімелерде Мекке өңіріндегі болған басты оқиғалардың бәрін Қосай есімімен байланыстыра шежірелейді.

         Қосай ата Мұхаммед пайғамбардың төртінші атасы болып келеді, яғни пайғамбар дүниеге келерден 200 жылдай бұрын өмір сүрген. Мұхаммед дүниеге келген тұста Қосайдың бес баласынан тараған еркек кіндіктілердің саны екі жүз, екі жүз елуге жеткен. Бұл тұста Мекке шаһары Қосай тұқымының ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Жоғарыда көрсеткенімдей, ол ұрпақтар бұл кезде өсіп-өніп, топ-топ болып ұл өрбіткен, үрім-бұтағы толысқан ортаға айналды. Атақты қағбаның кілті де солардың қолында болды. Суық қол, ұры-қарыдан қағбаны қорғау үшін оған құлып салуға мәжбүр болған да солар. Қағба айналасындағы құдықтарды қадағалау, сот істерін жүргізу және кесім айту, тайпалар арасындағы дауды шешу, құрайыштар жауға аттанғанда көтеріп шығатын киелі туды сақтау, жоқ-жітіктер үшін салық жинау, ақсақалдар мәжілісіне қатысу, жиналысқа шақыру, қоғамдық қаржыны басқару, балгерлік жебелерге бас-көз болу, міне, осы сияқты Меккедегі барлық қызметке басшылық ету Қосай ұрпақтарының құзырында болды.

          Сол үрдісті күні бүгінгі Адай елінің құрамындағы Қосай ата ұрпақтары тап сондай дәрежеде жалғастырып келеді десек артық айтқандық болмайды. Олар Адайда аға баласы ретінде үлкен құрметке ие. Алыс сапарға шығарда, халық мүддесі үшін келелі іс бастарда, жауға аттанарда Қосай ата ұрпағынан бата алу, қасындағы сапарлас серігің Қосай ата ұрпағы болса, жолың болады деген ұғымда осы Қосайлар сол Қосайдың бүгінгі ұрпақтары дегенге саяды десек, шындықтан алыс кетпейміз. Оған дәлел керек болса, оны да айта кетейік. Мысалы, Қосай есімінің күні бүгінге жалғасып, қайталанып отыруы. Қазақтан немесе қазаққа туыстас елдерден басқалары  балаларының есімін Қосай деп қоймайды. Менің бұлай деп ой түйіндеуіме түрткі болған басты себеп, біздің (Адайдың) түп қазығымыз, құранда көрсетілгендей, ең алғашқы мәдениетті дүниеге әкелген Ад елінің ұрпағы екендігіміз болып табылады. Сонда қазіргі мұсылман діні біздің ата-бабаларымыздың арасында дүниеге келген болып шықпай ма?! Бұл жөнінде Шыңғысхан бабамыздың Жошыдан тарайтын тікелей ұрпағы Әбілғазы атамыз өз қолымен жазған «Түрік шежіресі» атты кітабында «Түрік халқы Иафестен Алынша хан заманына шейін мұсылман еді» деп жазыпты (16 бет).

       Ал, Қарақалпақ еліндегі Бесоба жерінде жерленген жақында ғана 500 жылдығына арнап ұрпақтары ас берген, Қосай атамызға келсек, бұл атамыз сол бұрынғы Қосай атамыздың ұрпағы, тектіден туған текті деп есептеуіміз керек. Тектіден текті тууы бұл күнде бүкіл әлемде де, ғылымда да мойындалған шындық.

      Тарихта Түрік қағанаты кезінде жасаған тағы бір Қосай бар. Ол сол заманда Алтай мен Жетісу аралығында өмір сүрген Нушуби тайпасының көсемі бар өмірін Бесбалық (Бейжің, қазіргі Пекин) қаласын қорғау ісіне арнаған. Орхон-Енисей жазбасында «Қосай 720 жылы Бесбалықты жау әскерінен босатқан» деп жазылған.

      Жалпы Қосай тайпасы ежелгі адтардың құрамында ежелден бірге жасасып келеді, тіпті б.д.д. IV ғасырда Гималай тауының бір шатқалында пұтқа табынатын Будда дінін дүниеге әкелген. Осы  Қосайда соңғы Қосайлардың түп атасы болып табылады. Оның жазбаша тарихи айғақтамасын Әбілғазының «Түрік шежіресінен» табамыз: «Күйік хан ата тағына отырып, бірнеше жылдар әділ патшалық құрып, алтыншы ұлы Алыншаны өз орнына отырғызып, халық баратын жерге кетті.

      Алынша хан көп жылдар патшалық қылды. Нұх пайғамбар заманынан Алынша ханға шейін барша Иафес әулеті мұсылман еді. Алынша хан заманында жұрт байып дәулеті тасыды. «Ит семірсе иесін қабар» деген өзбек (қазақ)  мақалы бар еді. Әр кісі өзінің ең қимас адамы не ұлы, не қызы, болмаса аға-інісі өлсе, соған ұқсатып, қуыршақ жасатып қоятын болды. «Бұл - пәленшенің суреті» деп оны сүйер еді, ас келгенде оның алдына ас қойып, оның жүзін өбіп, көзін сүртер еді, оған бас ұрар еді. Бұндай әдет қайталана-қайталана пұтқа табынуға әкелді» дейді (13 бет). Тағы  бір   деректе:  «Тұрпанның   безекілік    сағасындағы    будда    дінінің   үңгір   (мың үй) ғибадатханасының  қабырғасына және төбесіне сызылған өрнектерде қазіргі қазақ сырмақтарына салынатын мүйіз оюлардың үлгісі кездеседі. Бұл ою-өрнектердің тым ертеден келе жатқандығынан дерек береді»  («Қазақтың көне тарихы». Алматы. 1993. 364 бет).

      Қосай қазақ- қырғыз   жырларының  басты     қаһарманы.  Олардың    қатарына  Орта  жүздің    Уақ    топтамасына     енген       «Ер    Қосай»,   Қырғыздың    «Манасы»     жатады.  Негізі    осы  Қосайлардың  барлығының  тегі    бір.   Манас   энциклопедиясы,     Қосайдың  ата   қонысы   Атбасы   өңірі,  осы   Атбасы   мен   Нарын    жоталарының    арасында   «Қосай қорғаны» атты қамал   барын  жазады.  Жапон жерінде  Камамацу  қаласына  жақын  жерде  Қосай, Тәңір   атты   микротопоним мен елді мекен бар.  Енді Қосай деген сөздің тікелей өз  мағынасына  келсек, осы  сөздің    түбіріндегі    қос    сөзі    қосақталу   немесе  екеу   болып  бірігу  деген  сөз.   Мұндағы  «Ай»  жалғауы да   көпше  мағынада.   Сонда Қос ай дегеніміз Адайдың  Құдайкеден  тарайтын  екі  немересінің  (Тәзіке мен Қосайдың),   яғни    екі (қос)   айдың,  яғни  екі ұрпақтың   бір атаның ұрпағы екендігін айшықтау    шығады.   Бұл   тұжырым   қазақтың   шежіре дерегімен де  сәйкес келеді.

       Қосай ата есімі  – ер  мен әйел дегенді де білдіреді. Оған «қос» пен «жұптың» синоним екені куә. Қазақтың жаңадан отбасы құрғандарды «Жас жұбайлар» дейтініміз осы. Себебі, Ай сөзі   ана, әйел, ару  деген мағынада да қолданылады. Мысалы, Айсұлу (Айдай ару), Айару,  Айман (Ай Манның қызы) Айнұр, Айгүл, Айжан, т.т. болып кете береді. Демек, Ай — әйел, ана образын жасап тұр. Бұл тұжырымның айдай айғағы, Аспандағы айдың «ай» деп аталуы. Аспандағы Ай жердің серігі болса, адамдарда әйел ердің серігі. Екеуі қатар өріліп тұр.

       Оның топономикалық айғақтамасы, бүгінгі қазақ жеріндегі Қостанай облысы атауы болып табылады. Демек, бұл жер Адам атаның екі ұрпағының бірігіп қос тіккен жері. Ары қарай осы сөз қос тігу, қостану, қонысқа қону, қосақталу, жұп болу (жұбай сөзінің төркіні осы) аталып кете барды. Осы облыстың орталығы Қостанай қаласының қақ ортасын жарып Тобыл (Тобыш)  өзені  ағып  жатыр.   Осы  Тобылдың жағасында  Адай  атты  жер мен елді мекен күні бүгінде де бар.

      Қаз Адайдың шежіре дерегі бойынша, Қосай Адай атаның екінші немересі, яғни үшінші буын ұрпағы болса, Тобыш жетінші немересі, сонымен қатар тоғызыншы буын ұрпағы болып табылады.

      Қосай – біріккен сөздерден тұратын таза қазақ сөзі. Сөз түбірі Ос (Ош) болса,  Қос – екі,  немесе егіз (жұп) + Ай деген сөздерден жасалған Үш санының атауын береді.

       Бұл тұжырым Қаз Адайдың шежіре дерегімен де, қазақтың тарихи дерегімен де, қазақтың сандық жүйесімен де толықтай сәйкес келеді.

       Бірінші буын (бір саны), Адай атаның екі ұлы Құдайке мен Келімберді.

        Екінші буын, Құдайкенің үлкен ұлы Тәзіке (Әз ата, Әз әулие). Толық мағынасы, Т- толып толысу; Әзіміз – Әз (Аз); «І» — баласы, ұрпағы; соңғы «Ке» жалғауы – әке деген мағына береді.  Бұл екі буын, қазақ та «Аққу менен Қаз, Адай менен Таз егіз», — тұжырымдалған. Балама атауы Аз елі (көп емес, аз халық). Екі саны Қазақтардың сандық атауы.

        Үшінші буын, біз әңгімелеп отырған Құдайкенің екі ұлының кішісі Қосайдың қауымы. Олардан Қосай атаның ұрпағы Нұх пайғамбар, оның отбасы және мұсылмандықты мойындаған аз  ғана ел топан суда кемеге мініп аман қалған. Үш саны Қосайлардың сандық аты.

        Төртінші буын (төрт саны), Құнанорыс. Басында бәрі бір халық, яғни төртеуі түгел болып, төбедегіні алып, қатарының бәрінен озғандар  осылар.  Олар бөлінуді бастап бергендіктен, Қазақтың «Төртеу түгел болса, төбедегі келер» деген ұлағатты сөзі солардан қалды. Төрт саны Құнанорыстардікі. Бүгінгі орыстар осы рудың атын иемденген ұрпақтары. Бірақ олар бүгінде аталық тектен безіп, аналық текке, яғни Рашанға (ағылшындар оларды наша Раша дейді) айналып кетті.

        Бесінші буын, Ақпандар. Қазақтың ақиқатқа ата болып, аға атанатыны осы аталарымыздың тұсы. Ақ Күндер (Ақ Хұндар, Аққадтар), Сақ, Сақтар және қазақтың ең асыл қасиетінің атауы (сөзі) Сақи (мырза, қолы ашық) сөзі солардан қалды. Қазақты ақиқатқа ата қылып, бүкіл әлем елдеріне аға (қаз аға, қазақ) атандырған осылар.

(жалғасы бар)

Мәмбеткәрім Қожырбайұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371