Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 8196 0 пікір 29 Қаңтар, 2016 сағат 12:13

САЙЛАУ: ҰЛТШЫЛДАР ҚАЙ ПАРТИЯНЫ ҚОЛДАУЫ КЕРЕК?

«Алдағы Мәжіліс сайлауында ұлтшылдар қай партияны қолдауы керек?» деген сауал соңғы күндері жиі естілетін болды. Оның ішінде сайлауға бойкот жариялап, мүлде қатыспау, дауыс бермеу керек деген де ойлар да айтылуда. Сонымен бірге ұлтшыл азаматтар түрлі партияларға кіріп, сол арқылы Парламент мінберіне көтерілуге тиіс. «Мәжілісте ұлтшылдар көп болса, жағдай жақсарады, ұлт мүддесі қорғалады» деген сыңайдағы ұсыныстар да қылаң беруде.

Енді сәл саралап, сараптап қарайтын болсақ, бесінші шақырылымда Мәжіліс төрінен табылған үш партияның кемінде екеуінен сайланған депутаттар ішінде өздерін «ұлтшылмыз» деп санайтындар, тіпті сол арқылы өз иммиджін жасап жүргендері де болды. «Алашорда» партиясының орнын басқысы келген, саяси бағдарламасында «Біздің партия ХХ-ғасырдағы алашордашылардың ізбасарларының бірі болады»  деп жазғанын да көрдік.  Алайда ол ұрандар үлкен бастамамен ұласа алмады,  ары кеткенде  «дөңгелек столдар» мен шағын жиналыстарда көпірте сөйлеп, көлгірсіп баяндама жасаумен аяқталды.

Тіпті Парламентке ат басын тірей алмағандардың ішінде де ұлттық мүддені ту етіп ұстап, ұлтшылдықтың мінберіне айналғысы келіп отырғаны байқалмайды.

Қазіргі бірігіп, күшейіп келе жатқан жүйелі-жүйесіз ұлтшыл топтардың қай қайсысы да белгілі бір партияны қолдауға әзір емес. Себебі, партиялардың бәрі бүгінгі биліктің айтқанынан шыға алмайды немесе биліктің өзі құрған. Ал биліктің ұраны – қазақстандықтардан тұратын көп ұлтты Қазақстан құру. Сөйте тұра мемлекет құрушы қазақ ұлтының мүддесін әлсіретіп, Қазақстан халқы ассамблеясы сияқты заңсыз билік институты арқылы ұлтшылдықты ауыздықтап ұстау.

Олай болса сайлауда ұлтшыл топтар қай партияны қолдауы керек?

Партиялардың депутаттыққа үміткер тізіміне кіретін ұлтшыл белсенділердің тізімін жасап, партиялар алдына нақты талап қою, сол талапты орындаған партияларды қолдау да ұсынылды.

Бұл да көкейге қонымды ұсыныс дейік... Бірақ, қай партия өзінің сайлауалды немесе жалпы саяси бағдарламасын бұлжытпай орындап келеді? Екінші жағынан, Мәжіліске басқа қандай партия келсе де көп дауыс алатын билік партиясы және оның сыңары Қазақстан халқы ассамблеясының дегені болады. «Олай болса арам тер болып неге керек?» деген де ой туындайтыны заңдылық.

Екінші жағынан, «солай бола береді, бәрібір» деп теріс қарап жатып алғаннан жүйенің де, биліктің де өзінен өзі өзгере салмасы тағы анық.

Олай болса не істемек керек?

Осы жерде ҚР «Саяси партиялар туралы», «Қоғамдық ұйымдар туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Қоғамдық бақылау туралы»  заңдарының негізінде партиялар жанынан қоғамдық кеңес құруға болады.

Ол кеңес партияға бағынышты емес, саяси әріптестік негізінде құрылуы тиіс. Ол кеңеске ұлтшыл топтар мен ұлтшылдық бағыттағы қоғамдық ұйым жетекшілерін топтастырып, сол жерде партиямен бірлесе отырып, арнайы бағдарламалар мен жоспарлар жасауға мүмкіндік туады.

Осы орайда шашылып, әр ұйым әр  жаққа емес, жалпы ұлтшыл топтар бір партияны қолдағаны дұрыс. Бірақ, қазіргі таңда қай партияны қолдау керек?

Шындығына келсек, соңғы 20 жыл ішіндегі билік саясатының нәтижесіне қарағанда, «алдымен экономика, артынан саясат» ұстанымының жемісі өз апагейіне жеткен қазіргі сәтте өзін ұлтшылмыз деп санайтын саналы азаматтың бәрі билікке оппозициялық бағытты ұстануы тиіс деп ойлаймын.

Бірақ тағы да өзін ресми оппозиция ретінде дәріптейтін партия да, ҚР «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын ұсынған партия да шынайы оппозиция бола алмай отыр.

Сөздің түйіні, «Без бутылки не разберёшься» деп орыс ағайын айтқандай ұлтшылдардың сайлау туралы нақты ұстанымын белгілеп, қай партияны қолдауы керек екенін анықтау үшін кезекті  Халық өкілдерінің құрылтайын   немесе Қазақ Ұлттық кеңесінің кеңейтілген мәжілісін өткізу қажеттілігі туындап отыр.

Сол жерде көзі тірі ұлтшылдар бас қосып, тек алдағы сайлау ғана емес, дағдарыс жағдайындағы елдің ертеңі, ұлттың болашағы туралы да келелі ой айтылып, кесімді шешім қабылдануы тиіс деп ойлаймын. 

Мақсат Ілиясұлы, заңгер, Қазақ Ұлттық кеңесінің мүшесі

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371