БҰЛ БӘЙГЕ МЕ, ШҮЛЕН ТАРТУ МА?
Сонымен, былтыр бүгінгі Қазақ Елінің түп-тамыры делініп жүрген Қазақ хандығының 550 жылдығын да тойлап тастадық. Алты алашқа ат шаптырып, қалталы кәсіпкерлерге сауын айтып өткізген «ас та төк» осы думанның Қазақстанда жылына әлденеше мәрте дүйім жұртты дүбірлетіп жататын тойлардан және «пәлен» деген ақынның 80, «түген» деген ақынның 100 жылдығы сияқты мерейтойлардан айта қаларлықтай айырмашылығы болды деу де қиын-ақ. Бұл думанның бәрі әсіресе айтысшылдардың «әгугай-әгугайын» ұйымдастыру, өлеңдерге (олар көбіне арнау өлең) бәйге жариялау жөнінен бір-біріне егіз қозыдай ұқсас болып келеді.
Ойдан-қырдан ақша тауып, адамның ойына келе бермейтін бәйге, жарыс, мүшайралар өткізу соңғы жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының негізгі шаруасының біріне айналды. Бұл жерде сол той-томалақтардың тізімін біз келтірмесек те Одақ басшылары онысын көпшіліктің алдында мақтана айтып шығуды ғадетке айналдырды. «Байдың асын байғұс қызғанады» деп жүрмеңіз, бірақ мұндай шаралар біреулердің әлгі меценат берген қаржы-қаражаттан біраз қарпып қалуына жақсы желеу болса, енді біреулердің «пәлен» деген мүшайраның, «түген» деген бәйгенің лауреаты деген өте арзанқол атақты арқаланып, сол арқылы небір дарынсыздардың дақпырты зор даңққа бөленуіне жол ашып береді. Қазір қазақта ондай лауреаттар қалың қара шаруадан көп. Тіпті, «бір әлем, бір өлең» деген бәйгенің де лауреатымын деп мақтанатындар да бар.
Енді міне, Қазақстан Жазушылар Одағы Еуразиялық Топ басшыларымен келісе отырып, Одақ басшысы Нұрлан Оразалинның айтуынша «Жаңа заман әдебиетінің бүгінгі күн талабына сай тың дүниелермен толығуына ұйытқы болу үшін» бәйге жариялап, оның қортындысын да шығарып, ол кітап боп жарық көрді. Бәйге Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған. Басшының айтуынша ол «ірі қаржылық қолдауға ие болған» көрінеді. Сонымен, комиссия мүшелері бұл шығармаларды бір жарым ай оқып, талқылап, бірнеше мәрте жиын өткізіпті. Бәйгеден озып келген шығармалар екі том болып «Алаш тарихының ақиқаты» деген атпен Одақ жанындағы «Ан-Арыс» баспасынан жарық көрді. Біздің қолымызда соның – поэзия бөлімі. Жүлдегерлер –11 адам, оның 6-ы үшінші, 3-і екінші, 1-і бірінші және 1-і Бас жүлдені иеленді. Әзіл деп қабылдасаңыз да өзіңіз біліңіз, бірақ бір бәйгеде 3-ші орынға 6 адам жайғасуының өзі-ақ шешім шығару сәтінде «Ау, пәленшекең қалып барады ғой», «анау біраз өтініш жасап жыларман болып еді ғой» деген сияқты көңілжықпастық, ағайыншылық, тамыр-таныстық, артықтау айтсақ кешіріңіз, тіпті, тайпашылдық сияқты кесірлі дерттердің орын алғанын айқайламаса да айғақтап тұрған жоқ па?
Онда сенің не шаруаң бар, Жазушылар Одағының өз тексеру комиссиясы, осындаймен шұғылданатын арнаулы органдар бар дейсіз ғой?! Дұрыс айтасыз, бірақ бұл жерде мәселе еліміздің, қара шаңырақ көтеріп хандық құруының 550 жылдығына арналған бәйге өз орнын тапты ма және кітаптың «Алаш тарихының ақиқаты» деген атына оның ішіндегі заты, мазмұны, көркемдігі (художественность) сәйкес келіп тұр ма, сол туралы болып отыр. Тіпті, бұл кітап тіл ұшына оралған әдемі сөзді судай сапырып айта беретін біреу қоя салғаны көрініп-ақ тұр. Біріншіден, бұл кітап бүкіл Алаштың тарихы емес. Екіншіден, алаш тарихын түп-тамырынан бермен қарай қозғаған сан мыңдаған тарихи деректер, мақалалар мен очерктер, сол деректерге құрылған әртүрлі жанрда жазылған жүздеген шығармалар бар. Ендеше, бүкіл алаш тарихының ақиқаты осы кітаптағы кейбір өлеңшілердің поэма деп атағанымен поэма емес, дастан деп атағанымен дастан емес дүниелерінде тұрған болса, ондай тарихтың кімге керегі бар?
Енді осы кітапқа еніп, жүлдегер атанған бір дүниеге назар аударыңыз. "Қазақ – менің ұраным" деген тым жадағай, тым жасандылау аты болса да осы дүниені бастан-аяқ оқып шықтық. Әдебиетте, әсіресе поэзияда жалған шабыттану, жалған тебірену, жасанды пафос деген бәле жиі кездеседі. Әдетте мұндай кесепат Құдай екем о баста талантқа, табиғи дарынға жарытпаған, бірақ қайтсем де ақын атанам, көзге түсем деуді, ол аз болса осы күні ай сайын дерлік өткізіліп жатқан бәйге, жарыстардан аузына бірнәрсе ілігіп жеңімпаз атануды көксейтін көбіксөзділерде көбірек кездеседі. Не поэма, не дастан деуге келмейтін, кітаптың 17 бетін алып жатқан бұл дүниеден жоғарыда айтылған пікіріміздің растығын көрдік. Оны әрі ойлап, бері ойлап қай орынға қоярымызды (қай жанр дегеніміз ғой) білмегесін ең болмаса «Отансүйгіштік немесе қазақсүйгіштік лирика» дейік десек оған да жуыстыра алмадық. Бұл шығарманың өте қарабайыр, дүмбілез дүние екенін көзі ашық адам әр бөлімді «Ұлы дала», «Сақтар мен ғұндар», «Көктүріктер», «Ақсақ Темірдің адасуы» және «Мәңгі ел» деп екінің біріне белгілі тарихи кезеңдердің атын атап шыққанынан-ақ бірден аңғарады. Иә, ерте заманда арғы ата-тегіміз сақтар мен ғұндардан тарайтынын, олардың бер жағында жұрт көктүріктер атап жүрген түрік қағанаты болғанын, одан кейін Алтын Орда империясы болып ақыры оның соңғы сораптарының түбіне Ақсақ Темір жеткенін, енді міне "Мәңгілік ел" болуға талпынып жатқанымызды орта мектеп оқушылары да біледі. Сонда жұрттың бәріне мағлұм осынау жалпылама деректерді өлеңге айналдыру да кітаптың Алғысөзінің айтуынша «тарихи санамызға серпіліс беретін, өткенімізді таразыға салып, қайыра ой елегінен өткізер зерттеу еңбек немесе көркем шығарма» санатына кіретін болғаны ма? Бұл да бүкіл «Алаш тарихының ақиқаты», бұл да «жаңа заман әдебиетінің бүгінгі күн талабына сай тың дүние» болғаны ма? Егер Жазушылар Одағының әдеби талғам деңгейі дәл осындай шығармаларды шынымен солай десе, қазақ әдебиеті сорлады демеске амал бар ма?! Сенбесеңіз қараңызшы!
От шашып алау шашар, ыстық денем,
(Елді ойлап ерек күйге түстік пе екен?)
Мақтанам шабыт кернеп өнбойымды,
Еске алсам бабамды Сақ-Скиф деген!
.........................................................
Қазақтың арғы түбі – ұлы сақтар:
Массагет, яксарт, дай (дахиларым)!
Автор осылай дей келіп: «Жырлайын Томиристей пір ханшамды», «Шоң биден жол тартса егер патшалығы, Империя өткен Мөде тәңірқұты» одан «Бағзыдан ерлік дәстүр баян жетті, Аттила ел-жұрт үшін аянбапты», «Басып ап Римді де дүрілдетті» деп, тасқа басқанды оқи алатын екінің біріне аты мәлім тарихи тұлғалардың атын атап, бір немесе екі жол арнап заулата береді. Не жөнді ұйқас, не образ, не сурет, не айтар түйінді ой, не көркемдік жоқ. Одан да әрмен өткенде, демекші, Ғалым Әріп мырза енді:
Естеми, Білге қаған, Күлтегінім,
Тоныкөк.. тарихқа ауып тұр көңілім(?)
..........................................................
Ешкімнен айыл жимас жауынгер ел
Бәріміз тараламыз Көктүріктен, – деп түркілер заманының тарихтан белгілі 3-4 кейіпкерінің атын атап заулап өте шығады да енді Шыңғысханға (Монғол империясына) «ауыз салады». Сондағы бар айтпағы Ол үшін әуелі «Ерліктің ерен күйін дүбірлеткен, Елдіктің шаңырағын тұғырлы еткен(?)», Рухы бабалардың мәңгі жаса, Ұлтының жүрегіне ұрық сепкен(?)» екен. Бірін-бірі көрмейтін ата жауға айналуға ант еткендей, төртеуі төрт жаққа теріс қарап тұрған осы шумақтағы «шаңырақты тұғырлы ету», «жүрекке ұрық себу» деген сияқты ойыңды онға бөлетін сөздер де, Одақ басшылары алғысөзге енгізгендей «елдің санасына қозғау салатын», «хандықтың керегесін ұстап тұрған елде» (Қазақстанда – М.К ) қалатын үлкен белгі болғаны ма? Ау, шаңырақты ешқашан тұғыр ұстап тұрмайды, оны әуелі уық, сосын кереге көтеріп тұратынын, жүрекке ұрық себу деген есі дұрыс адамның ойына келмейтін диханшылық екенін Жазушылар Одағының комиссия мүшелері білмейтін болса, олар қандай «белгілі, көрнекті ақын-жазушы, әдебиет сыншысы» болғаны.
Бұл шығармадан бар тапқан пайдамыз – "Темучин Есугейдің есті ұланы", яки Шыңғысханның әкесі Есугей екенін білдік және оған бүкіл Үнді, Парсы, Ауған елдері де, арабтар мен кресшілер де «Жарамай қалды қауқар көрсетуге Шыңғысхан-Жошы-Бату әскеріне» деген бір-бір өлең жолдарымен «білім толықтырдық». Міне, осы тұста автор «Сол заман түскенде еске масаттанам, Тас ұшқан тұлпарлардың тұяғынан» дей келіп, ауызды Ақсақ Темірге салады. Жұрт бүгінде ғарышқа барып шай ішіп, қазы-қарта жеп қайтып кеп жатқанда тұлпардың тұяғынан тас ұшқанына масаттану да ең озық 50 елдің қатарына қосылам деп отырған индустриялы-инновациялы ел азаматына лайық па? Әзіл ғой! Бірақ осы «тұлпардың тұяғы», «ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы», «даланы дүбірлеткен, дұшпанын дірілдеткен» сияқты сусия сөздер осы тақылеттес шығармаларда өріп жүретініне, соған қарап осы бір желдірме сөздер бүгінгі қазақ поэзиясының брендіне айналды ма деп қаламыз. Содан не керек автор «Ақтабан шұбырындыға» тап болып, Төле, Қазыбек, Әйтеке би үшеуіне бір жол, Қожабергенге жеке бір жол арнап «зиярат етеді». Дәл осы жерде өлеңшіміз «Абылай, Әбілқайыр бас боп қазақ, Дұшпанды Бұлантыда тосқан еді» деп аузынан қағынады. Олай дейтін себебіміз, XVIII ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында Шідерті -Бұланты бойындағы ұлы шайқастарға Абылай қатысқан емес. Ең алғаш қалмақтарға осы жерде қазақтың Әбілхайыр хан басқарған әскерлері жойқын соққы бергенін М.Тынышбаев та (Годы великого бедствия ) жазып кеткен. Осы тұстағы «Шайқаста жау екпіні басылғандай, Сейілді шама-шарқы басынғандай» деген өлеусіреген жолдардан-ақ автордың шама-шарқы мен ақындық қуаты қандай ылдида жатқанын аңғару да қиын емес. Сөйтіп, автор мектеп оқулықтарынан-ақ мағлұм тарихи кезеңдерге осылайша ат басын бір-бір аялдатып алып, осы күні жұрттың алуан түрлі пікірі мен талдауына тап болған «Мәңгі ел» дегенге келіп бір-ақ тоқтайды. Тоқтар алдында:
«Шетінен сайыпқыран іске татыр,
Қазақтың ұл-қызының бәрі батыр!
Туған ел – Қазақстан қайта оянды,
Құдайдың оң боп өзі көзі ақыр» деп «Нұр Отанның» сыйлығынан үміткер айтыс ақыны құсап қараборбайлата жөнеледі. Бүкіл 17 беттік дүние (поэма, дастан деуге аузымыз бармай отыр!)
«Болмайық жебір, жалқау, әңгүдік те,
Жүрмейік жер бетінде мәңгіріп те.
Түріп бір етек-жеңді жымдасайық
Айналып Қазақ Елі мәңгілікке!» деп бүкіл елге ұран тастап аяқталады. «Жымдасайық» деген күдігі мол ерсілеу сөзін (ұжымдасайық десе дұрыс болар ма еді) былай қойғанда естір құлақты жауыр қылатын, неткен арзанқол ұраншылдық десеңізші!
Әнебір жолы Жазушылар Одағы бір күнде 40-тан асқан адамға «Алаш» (халықаралық деген анықтауышы бар) сыйлығын беріп, әдебиеттің құнын бір құлдыратқанын айтқанбыз. Бүгін осындай шүлен таратудың (6 адамға үшінші жүлде) бір мысалына, жүлде алған дүниенің шикілі-пісілігіне үзіп-үзіп қана тоқталдық. Егер осы дүниені бастан-аяқ талқылап, көркемдік талапқа, ой-санаға, суреткерлік-шеберлікке, нағыз әдеби құндылықтың өзге де талаптарына қаншалықты жауап беретінін сөз етсек, әңгіме ұзаққа созылып кетер еді. Әділдік үшін айта кетейік, басқаларын қайдам, жүлде алған, әсіресе үшінші орын алған шығармалардың қай қайсысы да біз әңгімелеп отырған осы «Қазақ – менің ұранымнан» оншама озып тұрған жоқ. Көбі қарабайыр не шамадан тыс ұрандатқан сөздерден, құрғақ баяндаудан, жалпыға белгілі жағдаяттарды олпы-солпы өлеңмен қайталаудан тұрады. Көркемдік деген атымен жоқ. Соның бәрін қазақи көңілжықпастықпен көркем көсемсөз (художественная публициогика) дегіңіз келсе де дей алмайсыз.
Үшінші жүлде алған екінші бір ұзақ өлең (8 бет) «Азаттық шуағы» деп аталыпты. Иесі – Бақытбек Бәмішұлы деген жігіт ағасы. Оны өзі поэма деп атапты. Автор поэма дегеннің қандай дүние болуы керектігін, оның да талап-талғамдары болатынын біле ме, білмей ме – ол бізге беймәлім. Ал бірақ «Азаттық шуағы» поэма емес. Мұнда не желі, не жүйе, не композиция, не белгілі бір уақиға, не көркемдікке қажетті элементтер жоқ. Мұнда да Білге, Күлтегін, Тоныкөктердің, Шыңғыс, Жошының (автор ұйқас үшін әуелі Жошыны, сосын оның әкесі Шыңғысты атайды), Жәнібек пен Керейдің есімдерін бір-бірден атап өтеді. Оның бәрін Есілбек деген біреу «Қиял шалқып, ой қалқып... көк балғынға, Шалдыртып ат, дамылдай демін баспақ. Жата кетті Есілбек көк шалғынға, Шалқасынан алшайып, ерін жастап» жатқанда әуелі құлағына қобыз үні келеді де сосын «сөз жетеді», яғни
... Бура бұлттың бортиған бөктерінен
Түсірмеген тар заман тасқа үйірін(?)
Қысы ұзақ, қызығы аз көктемінен
Сөз де жетті жусанды өткенінен.
Ал, не түсіндіңіз «тар заманның үйірі», «жусанды өткенінен» деген басқатырғыштан бірнәрсе ұғу мүмкін бе? Шығарманың ұйқастарының өзі өлең байғұсқа өші кеткендей, «кере тартқан-кіре жақтан», «қаңғы елестеп, жалғыз ескек»,»өңкей дөйлер-төпеп сөйлер», «ынсапгерді (?)-ымдап деді» деген сияқты олпы-солпы «сарқырап кеп, арқырап кеп», «Құйылған-Жер, жиылған жер, қиылған Жер, сыйынған Жер, бұйырған Жер, жиылған жер» қонысымыз-қонышымыз «Ұлы жосық - тұрды шошып, басын қосып» деген бір-біріне әбден өшіккен адамдардай басы бірікпейтін әрі өте арзан ұйқастар. Осы шығармада қазақтар ылғи шашынан сүйреп, басын кесіп, қосақтап байла, етше турап тастай беретін автордың айтуынша «арам қанды ит», «қаны қара», «кеуде сасық, бас пасық» бір дұшпан бар. Автор ол кім екенін, қай ұлт екенін айтпайды. Біз қанша тәуелсіздік алдық десек те орыстан, яғни Ресейден 300 жыл бойы көрген қорлық-зорлықтың ешбірін айтуға болмайтындықтан, сірә автордың айтып отырған «дұшпаны» қалмақтар болуы керек деп шамаладық. Олардың да қалмақ атын айтпай Жоңғария мемлекетінің атымен атап жоңғарлар дейміз. Сонымен сюжет, кейіпкер, образ дегендерден жұрдай, автор «поэма» деп ат қойып айдар таққан, бас-аяғы, не бел ортасы жоқ бұл дүниені ертек кейіпкері сияқты біреу Есілбек деген азаматқа баяндап бергенін автордың:
«Көкке сіңіп әлгі адам кете барды,
Көкейдегі оятып жетелі арды (?)
Есілбек те қаламын еңіретіп,
Ой отының қозына көсеп алды» дегенінен барып аңғардық та, апыр-ау сонда өткен тарихымыздың осынау екінің бірі білетін тұстары мен кейіпкерлерінің бәрін күнде айтып, жазып жатқан жоқпыз ба? Сол үшін осындай ұзыннан-шұбақ шұбыртпалы, өте қарабайыр өлең жазудың не қажеті болды дедік іштей. Кітаптың 17 бетін алып тұрған өлеңнің манадан бері не айтпақ болғанын ең соңғы:
«Қазағымды енді іштен жарма, Құдай!
Келешекке көшімді жалға ұдай!
Бас иесін есен ғып, басқа жұртын
Бас иетін ете гөр, заңға құлай!» деген бастапқы екі жолы діндарлық-табынушылықтан, соңғы екі жолы саяси-заңгерлік бағыттағы бір-ақ шумақтан ұқтық! Айтпақшы, бұл автор да бұған дейінгі бірнеше жыр мүшайрасының жүлделі орындарына ие болған. Жақында бір журналист жігіт: «Аға, әнеугүні Ж. деген ақынға «неге мүшайра, бәйгеден қалмайсыз» дегенімде «Мүшайра, бәйге дегендер әрі атыңды шығарады, әрі қаражат көзі ғой» дегенде әлгі ағамды жек көріп кеттім» деп еді. Кейін ойлап отырсам, ол ақын өзінің атаққұмарлығы мен пайдакүнемдігін, әркімге арнау өлең жазып жүлдегер атанып, ақшалы боп қалатынын айту арқылы-ақ бүгіні қазақ поэзиясының қаншалықты құрдымға кетіп бара жатқанын, жазба ақындардың да айтыскерлердің деңгейіне дейін аласарғанын айтып салған екен ғой. Осындайда нағыз поэзияның ақ қанатты пәк періштесіндей С.Есениннің:
«На кой мне черт, что я поэт,
И без меня в достатке дряни
Пускай сдохну, только нет,
Не ставьте памятник в Рязани» дегені еске түседі. Оны қазақшаға аударсақ былай болады:
«Ақынмын, қажеті не бірақ оның,
Тексіз көп менсіз де өзін салмақтаған
Мен өлсем, Рязаньда жылап елім
Ескерткіш қоймаңдаршы арнап маған». (аударған біз)
Осы күні 6-7 жыл қатарынан Мемлекеттік сыйлық алу жарысына түсіп, бірі жылап-еңіреп мақала жазып, бір күнде 43 адамға үлестірілген «Алаш» сыйлығын алу үшін араға адам салып жүлдегер атануды армандайтындар үшін осыдан артық ескерту бар ма?
«Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» дегендей, жалпы бір жерде жыр-дода болып жатыр екен деп ұлы дүрмекке қосыла шабу өзін ақынмын деп есептейтін адамға ешқашан абырой әпермейді. Оны шын ақын деу қиындау болады. Бұлай деуге осы жинақтағы қазақ тарихының ақиқатын жазып жазым болған Е.Бекмаханов туралы жазылған «Тұңғиық» атты поэма (авторы менің Қорғанбек досым) себеп бола алады. Бұны да «Алаш тарихының ақиқаты» (кітап аты) дегеннен гөрі есімі елге әйгілі Ермұхан Бекмахановтың Кенесарыны дәріптеймін деп сотталуы мен әйелі Халимамен арасында махаббаттың шолақ тарихы ғана дер едік. Ал бұл талайдан бері айтып та, жазып та екі қазақтың біріне белгілі болған жағдаят. Автордың «Жақсы деп Кенесары жаза бастым, Амалсыз айтып осылай қара бастым» деуі не білместік, не ықылым заманнан қалыптасқан «оны қара басты», «мені не қара басты» деген тіркесті ұйқас үшін «қара бастым» деп құрбандыққа шалып жіберуі ұят. Рас, кезінде арнау өлеңдерді аты әлемге әйгілі ақындар да қолданған. Мысалы А.Пушкиннің Дельвигке, Чаадаевқа арнаған өлеңдері, книязь Воронцовқа (өзінің досы) арнаған мысқыл өлеңі бар. Немесе «Ескендір» поэмасын алып қараңыз. Алдыңғы екі-үшеуі қысқа да нұсқа, ақынның ішкі түйсігін бір-екі ауызбен ап-анық қып ақтара салса, «Ескендір» «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен, Македония шаһары оған мекен» деп бастала салысымен қашан ақырғы нүктесіне жеткенше оқырманын ерулі аттай ертеді де отырады емес пе? Ал Жазушылар Одағы шығарған мына жинақтағы поэма, дастандардың аты бар, заты жоғы несі? Бұларды шындығына келгенде поэма, дастан демей жай баяндау десеңіз де қателесе қоймассыз. Қайта Жарас Сәрсектің ел басынан өткен небір тар кезеңді қолдан келгенше Кенесарының елмен жер тағдыры туралы шағын да болса зар-мұңымен бермек болған талпынысы құптарлық дер едік. Екінші орынды иеленген Сайлау Байбосынның нағыз төкпе ақын екеніне ешкім дауласа алмайды. Әттең Сайлаудың «Текті күн тұмандылау түрің анық, Сол күннің сабырынан сыр ұғалық» деген сияқты аяғын шалыс басып кететін сәттері жоқ емес. Біріншіден, қазақ аспандағы Күнді де, былайғы күнді, яғни тәулікті де текті күн дегенін ешкім естіген емес, текті, тексіз деген жанды затқа, жанды жаратылысқа (одушевленный предмет) ғана қаратып айтылады. Екіншіден, ол өзі «тұмандылау» болса, оған қалай «түрің анық» дей аламыз? Үшіншіден, «күннің сабырынан сыр ұғалық» деу де тапқырлық, сырұққыштық емес! Сол сияқты Жарастың «Атасақалдарың дірілдеп» дегенімен де келісу қиын. Ата сақал дірілдемейді. Ол астыңғы еріннен сәл төменірек тұрған үлкендігі шынашақтың ұшындай ғана бірнеше тал, яғни ауызға жақын. Қазекең сондықтанда «ата сақалың аузыңа шыққанда...» дейді. Расында иектің үстін, алқымды түгел жапқан не қабасақал, не қауғасақал, не текесақал дірілдейді.
Осы бәйгеде бас жүлде алған шығарма «Кенесарының Ақмолаға шабуылы» деп аталады. Басқаларға қарағанда оқ бойы озық тұрса да бұл шығарма поэманың жүгін толық көтеріп тұрған жоқ. Себебі, мұнда Кенесарының өмірінен үзіп аларлық негізгі бір ғана кезең суреттелген. Демек, ол балладаға жақын деген сөз. Екіншіден, «Кенесарының Ақмолаға шабуылы» деген атаудың өзі поэмаға емес, поэманың ішіндегі тақырыпшаға ғана лайық. Комиссия мүшелері осындай ескертпелерді кейін авторларға айтты ма, айтпады ма онда тұрған дәнеңе де жоқ, бірақ, сыйлық алғандардың ішінде төбесі озыңқырап тұрғаны осы екеніне таласа алмайсыз. Көңіліңізге келсе де айтайық үшінші орын алған қалған жинақ аты айтып тұрған «Алаш тарихының ақиқатына» жұғыстығы қандай екенін айтып жатудың өзі артық сияқты. Осындағы жүлдегер атанған бірнеше шығарманы оқып отырғанда аңшылардың аш қасқырдың мінезі туралы айтқаны еске түсті. Ашкөзденіп алақ-жұлақ етіп келе жатқан қасқыр әйтеуір қыл өңештен өтеді-ау дегенді шайнамай бас салып қылғытып жұта береді екен. Сосын оны сол күйінде қайта лақ еткізіп құсып тастайды. Ренжігендер ренжи берсін, осындай ірілі-уақты бәйге, мүшайраларға қатысқан өлеңдер де сол сияқты... Бізде осы күні осындай бәйге-жарысқа ұдайы қатысып, ұдайы жеңімпаз атанатын небір жүлдеқұмар, небір атаққұмарлар бар. Соларды көрген сайын әлгі қасқыры түспегір еске түседі (әзіл ғой!). Біз біреуді сен ақын емессің деп, біреуді атаққұмарсың деп кеміту не мұқату, не намысына тиюді мақсат тұтпаймыз. Бірақ, бабаларымыз баяғыда «Ерінбеген етікші болады» дейді екен. Қазір ол мәтелді әдебиетпен байланыстырып айтсақ «Ерінбеген өлеңші болады» деген сияқты мән-мазмұнға ие болғандай. Осының кесірінен ақын-жазушы деген киелі атқа әркім ие болып, жүлдегер қаптап кеткендіктен бүгінде әдебиет те, қаламгер деген киелі ат та жұрт алдындағы қадір-қасиетінен айрылып барады. Ақын атаулыға ескертетін тағы бір жәйт – поэзияны орынды-орынсыз саясатқа айналдыруға болмайды. Ондай дүниелерді өлең деудің өзі ұят. Өйткені ондай өлеңдер ешқандай шын жүректен шықпайды. Құдай кешірсін, олардың кейде рухани іріп-шірудің иісі шығып тұрғандай болатын сәттер де ұшырасады.
Ал еліміздің қасиетті мейрамдарының бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған, шын шабыттанбай, шар болаттай шамырқанбай шикілі-пісілі, тіпті эксперименттік деңгейде жазылған өлеңдердің басын қосып «Алаш тарихының ақиқаты» деу – ұлттық тарихымыздың ақиқатына жасалған үлкен қиянат. Және мұндағы өлеңдер Жазушылар Одағындағы жігіттердің бірі осы кітаптың алғысөзінде желдіртіп айтқандай «жаңа заман әдебиетін бүгінгі күн талабына сай дүниелермен» толықтырып тұрған дүние емес.
Мырзан Кежебай, ақын, ҚР мәдениет қайраткері
Abai.kz