БАТЫРХАН СӘРСЕНХАННЫҢ «МЕЙІРІМ ҒАЛАМШАРЫ»
Шымкенттің төрінде орналасқан А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика факультетінің IV-курс студенті, көптеген халықаралық, республикалық жыр додасының жеңімпазы, 2014 жылғы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, Ордабасылық оғлан – Батырхан Сәрсенханның «Мейірім ғаламшары» атты жаңа жыр жинағына арналған тұсаукесер өтті.
Кітап – Қарағанды қаласындағы «Тенгри» баспаханасынан жарық көріпті. Ағалық ақ ниетпен осы кітаптың басылуына қолдау көрсеткені үшін, ақын – Қалқаман Саринге автор да, жұртшылық та разы. Редакторы – танымал жас жазушылардың бірі – Серік Сағынтай. Суретшісі – Әділхан Мәлік. Алғысөзін жазған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Ұлықбек Есдәулет: «Батырханның ақындығы – сәулелі, шұғыласы мол, жарқын нұрға шүпілдеген таза, тұмса, мөлдір әлем. Оның жырларында көреген көңіл, сезімтал сана, бауырмал жүрек бар. Бастауын бұрқылдаған қайнар тұмадан алып, бұрқырап аққан бұлақтың арналы өзенге айналуға асыққан жарасымды ерке, ер мінезі бар,» – депті.
Жағымды жаңалыққа жиылған халайық кітапханаға лық толды. «Мейірім ғаламшары» кітабының тұсауын кесу құрметіне алаштың ардақты азаматтары Нармахан Бегалы мен Мархабат Байғұт ие болды. Олар кітаптың тұсауын кесіп, қоғамнан, адамдар арасынан мейірім іздеген жас ақынға ақ баталарын берді. Қос бірдей кітаптың авторы атанып отырған талапты жасқа, бір топ зиялылар мен студент-жастар шығармашылық табыс тіледі, ақынның өлеңдерін оқыды. Кезек Батырхан Сәрсенханның өзіне тигенде, Шәрбану Дінәсілова басқарып отырған кітапхана ұжымына алғысын айтып, жыр шоғырын бірінен соң бірін лақылдатты-ай. Тыңдарман қауым үлкен эстетикалық ләззәт алып, әсіресе жастар жағы әзер тарқасты.
Құйтақандай жүрегіне мейірім құндақтаған поэзия періштесінің жыр ғұмыры қазақ әдебиетімен мәңгі жасасын деп, біз де тілеулестік білдірдік.
Гүлдәрия Әшірбаева
Шымкент.
Абай-ақпарат