Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Мәйекті 5628 0 пікір 11 Қаңтар, 2016 сағат 12:03

ДҮМБІЛЕЗДЕР ДЕНДЕП БАРАДЫ

Осы биыл, қаңтардың алтысы күні түс кезінде қазақ радиосы «Қас қағым» ойынын беріп жатты. Жүргізуші байланысқа шыққан тыңдарманнан: «Көксерек» киносындағы Құрмаштың рөлін сомдаған кісінің аты-жөнін айтуды сұрады. Сонда әлгі дап-дардай (даусынан аңғарасыз ) жігіт: «Шәкен Айманов» деп тұр!
Әйгілі Асанәлі Әшімов досы Райымбекті жерлеп, марқұм Әшірбек Сығай екеуі Кентаудан оралып келе жатады: «Пойызға мінерде Әшірбек: «Асеке, мына жерден қауын жейікші» деді. Қауын алып, сойып, жеп жатыр едік, бір кезде жанымызға келіп автобус тоқтай қалды. Мұғалімдері мені танып, балалар жүгіріп келіп, қоршап алды. Қолдарына түскен қағаздарына қолтаңба беріп жатырмын. Бала көп. Бітетін емес. Оның үстіне досымызды жерлеп, қажып, қиналып келе жатырмыз. Бір кезде айттым: «Балалар, мына отырған кісі атақты жазушы Мұхтар Әуезов. Сол аға¬ларыңнан да алмайсыңдар ма автографты?» деп. Енді балалар «Мұхтар Әуезовке» тұра жүгірді. Әшірбек мырс-мырс күліп бірдеңелерді жазып беріп жатыр. Бір баланың ойына күдік кірсейші, Әуезов қайда, мына заман қайда, ол кісі тірі болса жасы қаншаға келуге тиіс?! Бір кезде Әшірбек те шаршады ғой деймін, жанымызда бізді шығарып салып жүрген еңгезердей жігіт бар еді, соны көрсетіп: «Екеумізден ала бересіңдер ме? Тоқтар Әубәкіров ағаларыңнан да автограф ал¬майсыңдар ма?» деп еді, қалған балалар енді «Тоқтар Әубәкіровке» жүгірді… Кейін¬нен жаңағы балалардан сұраймын ғой, «Абай жолын» оқып па едіңдер деп. Араларынан романды оқыған бір бала шықпады. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің» депті бір сұхбатында.
«Қазақстан» телеарнасынан өзін-өзі жанамалап , бірнеше жылдар экраннан түспеген соң түр-түсі, аты танылып қалған, бар болғаны шала, ортаң қол әншілер «Қазақстан даусы» байқауында қазылық жасайды. Өздерінің ойы мен бойына жараспайтын сөз сөйлеп, ақылдымсып, ойдан-қырдан жиналған жастарды сынаған болып жанталасып отырғаны. Не дауыс, не мәнер, не қылық жоқ кілең өндірдей қыз-жігіттерді маймылға ұқсатып мың құбылтқанына мәз. Егер Қазақстан даусы осылар болса, онда есіл қазақ дауысының да дәурені өтіп бара жатқаны демеске амал жоқ. Мұндайдың тағы бір парасы Тұрсынбек Қабатовтың «Қөңілашарында» бар. Тұрсынбек кейде көзге шұқығандай көрсетіп, айтып аңғартса да, сол талғамсыз, дарынсыздар аяғына оралып экранға, сахнаға өлермендікпен ұмтылады.
Бұрын зиялылар қалың ел, мұқым дүниені дүр еткізген асқан талант иесін ғасырда бір-ақ рет туады дейтін. Сол рас екен. Қазіргі жаңа ғасырдың осы кезеңінде ондай таланттар жоқ. Қалыптасқан ваккумды еліккер, сумақай-бейімгерлер, яғни өлермендер басуда. Олар сахнаға, ел көзіне жанталаса шығып, шапалақ сұрап өрекпиді, қошамет сұрап қиылады. Әлдекім жанын көзіне көрсетіп қинап жатқандай ышқынады, бауыздап жатқандай қырылдайды, ашқұрсақ күшіктей шәуілдейді. Бұлар күндіз-түні теледидар бетін бермей өз өтірігіне алдымен өздері сеніп, одан соң өзгелерді сендіреді. Қолтаңба сұрап тұра жүгіретін дүмбілез ұрпаққа, тексіз тобырға керегі сол. Құндылықты құлдыратар осы соңғылар көбеймесін деңіз, абайлайық...

Жанұзақ Аязбеков, Қостанай қаласы
Abai.kz

0 пікір