НАЗИРА – Ф.ОҢҒАРСЫНОВА АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ
Жақында Астанада, ҚР Ұлттық академиялық кітапханада ардақты ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған "Поэзия падишасы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Кештің мақсаты Фариза Оңғарсынованың жырларын-әдеби мұрасын ел ішінде насихаттап жүрген әдебиетші- ғалым, фаризатанушы -ақындарды тауып, өнерлерін көпшілікке таныстыру болатын.
Байқау Фариза ақынның туған күніне орай тұңғыш рет өткізілді. Алдағы уақытта ҚР Ұлттық академиялық кітапхана бұл байқауды дәстүрге айналдырып, жыл сайын өткізіп тұратын болды. Фариза Оңғарсынова өлеңдерін жатқа оқып, насихаттап жүрген атыраулық жас әдебиетші әрі ақын қыз Назира Әшімге қазылар алқасының шешімімен "Фариза Оңғарсынова атындағы сыйлықтың лауреаты" атағы мен медалі тапсырылды.
Жайыққа сыр айту
Жайығым жатыр дөңбекшіп,
Мінезіңдей сенің жан апа!
Күрсінем үнсіз кейде өксіп,
Өзіңді іздеп жан апа!
Жайығым-жаным қалайсың?
Келдім ғой сенен сыр іздеп.
Көзіме толқып қарайсың
Фаризадан қалған бір із деп.
Толқынмен шалқып биіктеп,
Шарқ ұрар көкте шағала.
Жанарым жасын сүйіп Көк
Жабырқап тұрдым жағада
Жан апа, кеудем өрт шығар,
Құлақ сап жырдың үніне.
Ақ Жайық. Өлең және Сен
Жетем деп ойдың түбіне.
Толқындар шықты жарысқа,
Қосылам мен де өлеңмен.
Қиялымды ұшырам алысқа
Сіз тіл қатқан тереңнен...
Назира Әшім
Аbai.kz