МЕШІН ЖЫЛЫНДА «маймыл сериалдардан» ҚҰТЫЛАМЫЗ БА?
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен партия жанындағы БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында Қазақстан телеарналарын жаулап алған шетелдік сериалдар мәселесі де сөз болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Осы орайда Қазақстандағы телеарналар мен олардың басшылығына тән ортақ ойды айтқан «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбайдың пікірі елдегі руханиятқа деген жиынтық көзқарасты білдірсе керек. Өз пікірін ашық әрі батыл айтқан Ләззат ханымның уәжі мемлекеттік идеологияның тұтқасын ұстап отырған менеджерлерді ойландыруы тиіс.
«Соңғы жылдары зорлық-зомбылық пен қылмысты тек жеке меншік телеарналар насихаттайды деген үрдіс қалыптасты, – дейді «Астана» арнасының бас директоры. – Мемлекеттік телеарналардың әйтеуір бағыт-бағдары, бөлінетін қаржысы бар. Ал жеке меншік телеарналар жарнаманың есебінен күн көруге мәжбүр. Бізді «үнді сериалдарын неге көрсетесіңдер?» деп сынайтындар көп. Кешіріңіздер, телеарналардың топ-менеджерлері осы үнді сериалдарын қатты жақсы көреді дейсіздер ме? Жоқ, үнді сериалдары бізге жоғары рейтинг береді. Рейтинг жарнамаға жол ашады, ал сол жарнамадан түскен қаражаттан мен қоластымдағы қызметкерлерге жалақы төлеймін. Телеарналардың топ-менеджерлері осы рейтингтің құлы болып отырмыз, оны мойындаймын».
Дегенмен, Ләззат Танысбайдың айтуынша, егер қазақ телесериалын түсіру мемлекеттік дәрежеде қолдауға ие болса, ол міндетті түрде рейтинг жинай алады. «Биыл біз екі телесериал түсіру туралы мемлекеттік тапсырыс алдық, – дейді ол. – Екі сериал да арнамызда ең жоғарғы рейтингке ие болды. Байқағанымыз – көрермендер отандық сериалды көруге өте ынталы. Бірақ мәселе мұнда – біз Қазақстанның телесериалын түсіру үшін бір сериясына 20–25 мың доллар жұмсаймыз. Ал сол баяғы үнді сериалының бір сериясын біз 350 долларға сатып аламыз. Бағада айырмашылық бар ма?» – деп сұрақ қойған екен Ләззат ханым кеңеске қатысушыларға.
Гендиректордың кеңесте қойған бұл сауалы мемлекеттік дәрежедегі руханият мәселесі екенінде дау жоқ. Себебі қазақстандық телеарналар арқылы көрсетіліп жатқан шетелдік сериалдар белгілі бір мөлшерде бізге өзге елдердің бөтен мәдениеті мен өзге пиғылын тықпалайды. Соның нәтижесінде қазақи орта оғаш ойлар мен бөтен менталитеттер ботқасына айналады. Ал бұл проблема әлдебір жеке телеарнаның емес, бүкіл мемлекетті меңдеген мәселе болса керек.
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №45-46 (316-317) от 24 декабря 2015 г.