Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4327 0 пікір 24 Желтоқсан, 2015 сағат 15:44

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕСЕЙ БАНКТЕРІ ДЕ САНКЦИЯҒА ІЛІНДІ

АҚШ Ресейдің Қырым түбегін аннексиялап алуына және Украина шығысындағы сепаратистерді қолдауына қатысы бар азаматтарға, компанияларға, банктер мен кәсіпорындарға салған санкциясын кеңейтті. Қазір олардың саны 30-дан асты. Бұл туралы «Азаттық радиосы» хабарлайды.

АҚШ қаржы министрлігінің желтоқсанның 22-сі күні жариялаған санкция салу туралы мәлімдемесінде «санкцияға ілінгендердің Қырымды аннексиялау мен сепаратистерді қолдауға тікелей және жанама қатысы бар екені, Ресей президенті Владимир Путинге жақын ресейлік бизнесмендерге қатысы бар ұйымдар екені» айтылған. Санкцияға ілінгендер арасында мұнай магнаты Геннадий Тимченко мен ағайынды миллиардерлер Аркадий және Борис Ротенбергтерге тиесілі компаниялар мен кәсіпорындар аталады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕКІ БАНК ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Санкция салынған компаниялар арасында ВТБ-24 банкі, ВТБ банкінің Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Сербия және Украинадағы филиалдары, «Сбербанк России» акционерлік қоғамының Қазақстан, Беларусь, Швейцария, Австрия және Украинадағы «Сбербанк» еншілес банктері, «Яндекс.деньги» жүйесі, «Рособоронэкспорт» холдингі, «Вертолеты России» кәсіпорны, «Ростех» компаниясының еншілес кәсіпорындары бар.

АҚШ компаниялары мен азаматтарына бұл мекемелерден ұзақ мерзімге қаржы алуға тыйым салынды. 

Ал «Генбанк», «Инресбанк», «Крайинвестбанк», «Мособлбанк», Севастополь теңіз банкі («Севастопольский Морской банк»), «Массандра» өндірістік-аграрлық кәсіпорны, «Төменгі Ореанда» (Нижняя Ореанда) шипажайы мен Ялта киностудиясының АҚШ-тағы активтері бұғауланып, олардың америкалықтармен бизнес жүргізуіне тыйым салынады.

Санкцияға ілінген азаматтар арасында өзін-өзі жариялаған «Луганск халық республикасының» «премьер-министрі» Сергей Цыпляков пен «премьер орынбасары» Василий Никитин, Ижевский механикалық зауытының (қару өндірісіне қатысы бар - ред.) сыртқы қатынастар жөніндегі басқарушы директоры Татьяна Черных, қару-жарақ өндіретін «Калашников» концерні директорының орынбасары Эдуард Иоффе бар.

Геннадий Тимченко.

АҚШ қаржы министрлігі «бұл азаматтар бұған дейін санкция салынған Геннадий Тимченко мен оның қызметкерлері Свен Ольссон, «Авиа Групп Терминал» фирмасы, «Транссервис» кәсіпорны және басқа да бірнеше кәсіпорын атынан әрекет еткен немесе сепаратистерге қолдау көрсеткен» деп санайды. 

АҚШ 2014 жылы ақпанда халық толқуынан кейін биліктен қуылған Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович үкіметімен байланысы бар шенеуніктерге, оның ішінде Украинаның бұрынғы ішкі істер министрі Виталий Захарченкоға да санкция салған. АҚШ үкіметі «Захарченко 2014 жылы «Еуромайдан» қарсылық акциялары кезінде шерушілерге оқ атуды бұйырған» дейді.

КРЕМЛЬДІҢ РЕНІШІ МЕН БАНКТЕРДІҢ ЖАУАБЫ

АҚШ санкцияларының «Мәскеу Минск бітімінің талаптарын орындаса, оның ішінде Украинаның Ресеймен мемлекеттік шекарасын Киевтің бақылауына қайтарған жағдайда ғана жеңілдейтінін» айтады.

Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 2015 жылдың желтоқсаны.

Кремль АҚШ-тың өзіне қарсы санкцияларын кеңейтуін «достық пиғылға жатпайтын және қарсы шаралар жасауға әкеп соқтыратын әрекет» деп бағалады. Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік БАҚ-қа «Мәскеудің АҚШ-тың жаңа санкцияларына қарсы шаралар жасауды ойластырып жатқанын» айтқан. Ол «Бұл - Ресейге қарсы жаулық пиғылдағы, қисынға келмейтін шаралар жалғасы. Бұл екі жақтың қарым-қатынасына күйрете соққы береді» деген.

Азаттық санкция салынуына қатысты түсінік беруді сұрап Қазақстандағы «Сбербанк» пен ВТБ өкілдеріне хабарласты. «Сбербанктің» баспасөз хатшысы Екатерина Купреева «Сбербанктің» санкция кезіндегі қызметіне қатысты бұған дейін, 2014 жылы шілдеде, Еуропа Одағы (ЕО) санкция салған кездегі мәлімдемесін қайталады.

Украинадағы ресейшіл сепаратистердің танкілері. Донецк маңы, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Онда «Сбербанктің» Қазақстандағы еншілес банкі «қалыпты режимде, капиталы мен қаржылық тұрақтылығын сақтай отырып жұмысын жалғастырып жатқаны» айтылған. Мәлімдемеде «Банк тұтынушылары алдындағы өз міндеттерін орындап отыр, ұзақ мерзімді даму стратегиясы жасалған. Банк бұрынғыдай өз тұтынушыларын қолдауды, олардың сенімді әріптесі болып қалуды мақсат тұтады» деп жазылған.

ВТБ баспасөз хатшысы Арина Пирогова Азаттыққа «Банктің бұған дейін-ақ санкцияға ілінгенін, санкцияның ұзартылуының ВТБ (Қазақстан) банкінің клиенттеріне қандай да бір әсері болмайтынын» айтты.

Бірер күн бұрын ЕО Ресейге 2014 жылы шілдеде салған санкциялары мерзімін тағы алты айға, яғни 2016 жылғы шілденің 31-іне дейін ұзартқан.

БҰҰ дерегі бойынша, Донбаста (Украинаның шығыс аймағы - ред.) 2014 жылдың сәуірінде басталған Украина әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қақтығыстардан 9 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371