ЖАНЫМ АШЫП КЕТТІ
Бүгін бір кәсіпкермен әнгімелесіп қалдым. Ұзын бойлы, озық ойлы, жасы елулер шамасындағы азамат екен.
Алматының тумасымын деп сөз бастаған ол 15 жылдан бері медициналық құрал-жабдықтарды тасымалдап, қосымша алыпсатарлықпен айналысып жүргенін айтты. Сәл- пәл қызыңқы көрінді. "Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне 100 грамм ішкенсіз-ау?" деп едім, терең күрсінді. " Бауырым, шынымды айтсам, күйіктен іштім. Доллардың күн санап өскені жүйкемді жұқарттып бітті. Осыдан біраз жыл бұрын кәсібімді дөңгелетейін деп банктен несие алғанмын. Долларлап алған ақымақ басым өлуге айналдым. Ол кезде доллар бағамы 180 теңге болатын. Қазіргі бағамды білесің, қарызды қайтару мұң боп тұр. Тіршілігіміз шетелмен тығыз байланысты. Долларға тәуелдіміз. Жұмысымыз да тоқтады. Төленбеген салық бар, оған жиі тексергіштер негізсіз, заңсыз салып кеткен айыппұлды қос, бас-аяғы 100 мың доллар көлемінде берешегім мойнымда тұр. Екі бөлмелі пәтерім мен офисімді банкке кепілдікке қойғанмын. Осы екеуінен де айырылғалы тұрмын. Көлігімді сатып, майда-шүйде қарыздарымды қайтардым.
Қазір бір тиынсыз қалдым. Мыш-мыш ақша ұстап қалған адамға тиын санап қалу өлім екен.
Отбасым, бала-шағам бар. Әйелім үй шаруасында. Оларға да қиын тиді. Балаларымның оқуы мен балабақшасына төлем жасай алмай қалдым.
Енді не істерімді, қайда барарымды білмей отырмын. Банк қызметкерлері әбден үркітіп, қорқытып зәремді алудан жалығар емес. Қайда қашам? Бір ойым- Қырғызстанға кету болып отыр. Құлақтың тыныштығы үшін.
Әйелім екеуміз жақында құжат жүзінде айырылыстық. Жан далбаса, әйтеуір, 1 бөлмелі пәтер жеңгеңнің атында еді. Сол қалды. Соған шүкір".
Мен аузым ашылып, не кеңес берерімді білмей аңтарылып қалдым. "Бәрі түзелер, шыдам керек" дегеннен ары аса алмадым. Жаным ашып кетті.
Айдар Сейдазым
Facebook-тегі парақшасынан