Дара тұлғаның рухани тарихымыздағы орны
Бұл мақалада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының поэзиясындағы дәстүр мен жалғастық мәселесі қарастырылады. Ғылыми зерттеудің мақсаты – ақын поэзиясындағы дәстүр жалғастығының бұрын қарастырылмаған тұстарын саралау, қарастыру, жаңашыл көзқараспен қарау. Осыған дейін профессор Қ.П.Жүсіп өз зерттеулерінде ұлы ақын Абай мен Мәшһүр Жүсіптің арасындағы үндестікті, М.Н. Баратова ақын өлеңдеріндегі дәстүр тағылымы мен стиль, бейнелілік, дәстүр сабақтастығы және мәні, Е.Қ.Жүсіпов шығыс әдеби дәстүрін зерттеді. Бұл еңбектерде көтерілген мәселелерді қайталамай, қалыс қалған, айтылмағандарын саралау мақаланың өзектілігін білдіреді. Атап айтқанда еңбек құндылығы, кедейлік, жалқаулық, еріншектік мәселелері талдауға түседі.

Суреттер: Автордың жеке архивінен алынды.
Ғылыми зерттеудің идеясы – Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы кедейлік мәселесінің, еңбек құндылығының зерделенуін жан-жақты ашып көрсету.Адамның еңбектену қабілеті, өзін-өзі жеңуі, өзін-өзі тәрбиелеуі, сол арқылы кедейлікке апаратын кедергілерді болдырмау зерттеудің практикалық әрі тәрбиелік маңызын көрсетеді.
Талдау барысында халық әдебиетінің озық үлгілерін өз шығармашылығында дамыта қолданған Мәшһүр Жүсіп Көпеев дәстүр жалғастығын берік ұстанған және өз шығармашылығында ұтымды қолданған, бірақ өзіне дейінгі дәстүрді қайталамай өзіндік таңбасын қалдыра білген ақындардың бірі екені дәлелдермен келтірілді. Мақалада дәстүр жалғастығы мен ХХ ғасыр басындағы әдебиет, жыраулық поэзия, халық ауыз әдебиеті арасындағы байланыс, үндестік мәселелері айтылып өтеді. Атап айтқанда, ақын шығармалары ауыз әдебиеті үлгілерімен, Шал ақын, Шәкәрім, Абай шығармаларымен салыстырылып, дәстүр жалғастығы (кедейлік тақырыбы) және өзіндік ерекшелігі анықталды. Нәтижесінде еңбек құндылығын, кедейлік мәселесін Абай, Шәкәрім сияқты культ деңгейіне көтере алғаны дәлелденді. Зерттеудің құндылығы Мәшһүр Жүсіп діни-ағартушы ақын болғандықтан еңбек құндылығы, кедейлік мәселелерін нәпсі тұрғысынан қарастырып, әдебиетке өзіндік сөз қолданыстарын енгізуінде жатыр. Ақынның шығармаларында кездесетін сөз қолданыстары нақыл сөз ретінде әлі де құндылығын жоймады. Зерттеудің ғылыми нәтижелері мен тұжырымдарын «Мәшһүртану» курстарында, өлкетану сабағында, ХХ ғасыр басындағы әдебиет және жалпы әдебиет теориясы пәнінде де қолдануға болады. Мәшһүр Жүсіптің және жыраулардың, Абай, Шәкәрім, халық ауыз әдебиетінің туындыларын салыстыру, сұрыптау, жүйелеу жұмыстары жүргізілді.
Қазақ халқының көрнекті ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (1858-1931) есімі еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап шынайы мәртебесіне көтеріліп, тарихта лайықты орнын ала бастады. Кезінде социалистік идеология қудалаған, теріс бағалаулар берілген талай ұлт саңлақтарының тарихи сана тұрғысынан өзінің лайықты бағасын алатын кезі келді. Дара тұлғалардың рухани тарихымыздағы орнын анықтайтын ойшылдың өмірі мен қызметі туралы еңбек гуманитарлық кеңістіктегі заңды құбылыс деуге болады. Мәшһүр Жүсіп қазақ халқының кемеңгер әрі аяулы перзенті.
Ақынның шығармашылығы мен өміріне арналған іргелі еңбектер қазіргі кезеңде Алматы мен Павлодар және басқа да қалаларында әртүрлі көлемде жарық көріп келеді. Ғылыми зерттеулер жасалып, бұқаралық ақпарат ауқымында көрініс беруде. Ал, енді солардың қатарында басылып шыққан он үш томдық ақын шығармаларының жинағын кейінгі жылдардағы еліміздегі рухани кеңістігінің жетістігі. Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухани мұрасын зерттеумен айналысатын орталықтың қызметі жалпы қазақ халқының рухани мәдениетін дамытудың көрінісі. Оқырмандарға ұсынылып отырылған ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты ғылыми қызметкерлері қалыптастырған еңбекте Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары Білім министрлігіне қарайтын Орталық ғылыми кітапхана жанында құрастырылып, 2008 жылы жарық көрген «Сөз өнерінің зергері» атты кітаптан біршама материалдар топтамасы өзара келісіммен қолданылды.
Осы аталған еңбек тарихымыздың ұлы ойшылы, ғұламасы, дінтанушысы, библиографы, сөз өнерінің зергері, ақын, публицист, этнограф, фольклорист, ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналады. Оны құрастырған мамандар: Күзембаева В., Қосаева Н.Қ. Ред. алқасы: Әбуғалиева К.К. (жауапты ред.), ред: Нұрғожина Ж.М., Ақашева С.С., Әбенова Л.Д., Бравач О.П. (техн. 6 МәшҺүр Жүсіп Көпеев ред.). – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2008. – 340 б., [«Ұлы тұлғалар» атты ғылыми-ғұмырнамалық серия]. Жоғарыдағы еңбекті құрастырушылардың бірі Н.Қ. Қосаеваның алғысөзінде қазақтың «Қазан төңкерісіне дейінгі ақындардың ішінде шоқтығы биік жарқыраған жұлдыздардың бірегейі – Мәшһүр Жүсіп Көпеев, қаншама ғұлама ақын шайырлардың өлең-жырлары, дастандары, әзіл-оспақ күлдіргі әңгімелері хатқа түспей, бізге жетпей қалды. Арабша оқыған адамдардың шығармаларын оқытпай тыйым салды. Солардың бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпеев» деп атап көрсетеді.
Одан әрі қарай төмендегідей ойларын тұжырымдайды: «Дала уалаяты газетіне» мақала, хат-хабарлары жиі жариялана жүріп, Мәшһүр Жүсіп атанады. Ол 15 жасына дейін Хамеретдин хазіреттің медресесінде білім алады, одан соң 1872 жылы Солтүстік және Орталық Қазақстанның ауыз әдебиетін жинаумен шұғылданады. Бүкіл Қазақстанға мәлім Қараөткел, Атбасар, Қызылжар сияқты өңірлерде болған ол жергілікті тұрғындардың өмір-тұрмысымен, фольклорымен етене танысады. Сол кездің өзінде-ақ ол өзін өмірден көрген-білгенін мықты бейнелей алатын ақын ретінде таныта бастайды. Мәшһүр Жүсіп 1917 жылы Қазан қаласында «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты кітаптарын шығарды. Қазақ ауыз әдебиеті мен Шығыс әдебиеті үлгісінде «Гүлшат-Шеризат», «Шайтанның саудасы», «Ғибратнама», «Баяннама» т.б. қисса-дастандар жазды. Оған 1905 жылғы бірінші орыс революциясы орасан зор әсер етеді.

Суреттер: Автордың жеке архивінен алынды.
1905 жылғы 9 қаңтарда болған оқиғаға арнап, «Қанды жексенбі» деген өлең жазады. «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сияқты халық жырлары мен Шығыстың қисса-дастандарын жатқа айтқан. Шығыстың классик әдебиетімен жете танысқан. «Көроғлы», «Ер Көкше», «Сайын батыр» жыр дастандары мен Бұқар жырау, Шортанбай, Орынбай, Шөже, Жанақ, Сақау секілді ақын-жыраулардың әдеби асыл мұраларын хатқа түсірген. «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты шығармасында қазақ халқын өнер-білімге баулу, елде мектеп, медреселер ашу, жер тағдыры 7 Алғы сөз т. б. өзекті мәселелерді көтерді. Ақынның қай туындысы болсын, тақырыбы жағынан қоғамдық өмірдің көкейкесті мәселелерін қамтыды. Тірлігінде ұры-қарылардың, озбыр қиянатшыл, аю мінез әкімдердің қара халыққа жасаған қиянатын қызыл тілімен қылыштаған. Мәшһүр Жүсіп өзінің ақындық қасиетін де Тәңір сыйлаған өнер деп түсінеді». Шынымен де қазіргі ұлттық тарихымызды қайта зерделеу заманында ерекше тұлғаның бұған дейін айтылмай келген өмір белестерінің белгісіз беттері енді ашылып, талай жылдар бойы тыйым салынып келген сүбелі шығармаларын қайта тануға бет бұрылды. Екі ғасырдың жүгін бірдей көтерген ақыл-ой, өнер саласындағы алыптардың қатарында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да бар. Талантты қолдан жасау қиын.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысында ел аузынан халық ауыз әдебиетінің сөз маржанын теріп, оны насихаттап елді сауаттандыру жұмысымен де айналысты. Уақыт өткен сайын, маржан тас су түбінде жатқан сайын жарқырай түсетіні сияқты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпағына қалдырып кеткен мол мұрасы, баға жетпес байлығы оның даңқын бүкіл әлемге асқақтата паш етіп, өзінің құндылығымен ерекшеленіп тұрады. Кезінде солақай саясаттың кесірінен араб харіптерімен жазылған шығармаларға тыйым салынды. Еңбектерін жарыққа шығармай қудалады. Енді қазір заман түзеліп, өз қолымыз аузымызға жетіп, егемен ел болып, арыстар ақталып, елім деп еңіреген ерлерді еске алып, құрметтеп ас беріп, мұражайлар ашып жатырмыз. Мәшһүр Жүсіп Көпеев әлі өзінің лайықты бағасын алған жоқ, оның мол мұрасын жан-жақты зерттеп, көпшілік оқырман қауымға таныстыру – алда тұрған негізгі міндет екені анық.
Осы мақаламда ақынның біршама еңбектері мен ойшыл туралы жазылған кейбір авторлардың мақалалары келтіріледі. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өмірі мен шығармашылығы қысқаша ақпараттық тұрғыда баяндалып, оның өмір асуларынан мағлұматтар беріледі. Бұл жұмысты қазіргі тарихи кезеңде өзінің ақпараттық-танымдық қызметін толықтай орындаған еңбек десе де болады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы құнды даталы деректерге тоқталар болсам:
- 1858 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау бауырында, Найзатас деген жерде туған. ● 1863-1868 жылы баянауылда Байжан қазіреттің ұйымдастыруымен ашылған медреседе Нәжмедтин молдадан дәріс алады.
- 1866 жылы Шорманның Мұсасы Адам Жүсіпке «Мәшһүр» қастерлі атау беріп, азан шақырып қойған аты Адам Жүсіп Мәшһүр Жүсіпке алмастырылды. Ел арасы әкесі Көпжасарды «Көпей» атап, сонымен Адам Жүсіп қазақ тарихына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болып енді.
- 1868-1872 жылы Қамар әд-Дин қазіреттен дәріс алады.
- 1871 жылы «Исабек Ишан» атты жоқтауы шығады.
- 1872 жылы алғаш рет Атбасар, Қызылжар маңын жайлайтын Қуандықтың Алтай, Тоқа елдерін аралап, көне мұраларды жинап, ел мен жер көруге, жұртпен танысуға жолға шығады.
- 1872 жылы күзінде Бұқарға барып, Көклән медресесінде оқиды.
- 1875 жылы Қызылтауда бала оқытады.
- 1881 жылы Қызылжарда ғалым В.В. Радловпен кездеседі.
- 1885 жылы «Мұса Шорманұлы» деп аталатын жоқтауы шығады.
- 1887 жылы 29 жасында Ташкент, Бұқар қалаларына барып, білімін көтереді.
- 1888-1895 жылдары бірінші қазақ газеті «Дала уалаяты» бетінде Мәшһүр Жүсіптің мақала мен өлеңдері жиі шығып тұрды.
- 1888 жылы елді өнер үйреніп, білім алуға шақырған өлеңдері шыға бастайды. Соның бірі: «Мал бақ, егін де сал, сауда да қыл, бостан-бос жүрме деймін құр далада» деген өлеңі. 13 I бөлім. МәшҺүр Жүсіп Көпейұлының өмір жолы
- 1891 жылы Омбы, Павлодар, Семей қалаларына жақын орналасқан қазақ ауылдарын аралап, шежіре-дерек жинайды.
- 1893 жылы патшаның зұлым саясатына қарсылық білдірген өлеңдері мен мақалалары баспа бетіне шығады. ● 1894 жылы 36 жасында Орта Азия елдеріне екінші рет саяхатқа шығып, сан-алуан тарихи дерек жинайды.
- 1895 жылы «Гүлшат», «Шеризат», «Ғибратнама» аталған еңбектері жарыққа шығады.
- 1896 жылы Жидебайға барып, ұлы Абай ағасына сәлем береді.
- 1905 жылы бұқаралық-демократиялық ақын екенін танытатын батыл өлең-жырларын жаза бастайды.
- 1906 жылы «Қанды жексенбі» өлеңін жазады.
- 1907 жылы Қазан қаласында Хусаиновтар баспасынан «Сарыарқаның кімдігі екендігі», «Тіршілікте көп жасағаннан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал» атты үш кітабы жарыққа шығады.
- 1907-1908 жылдары Патша заң орындары Мәшһүр Жүсіпті қамауға алуға бұйрық береді.
- 1908-1910 жылдары Самарқан, Бұқарға тағы да саяхатқа шығады. Ол сапардан оралған соң, араға аз уақыт салып, Еділ, Жайық, Ресей еліне барады.
- 1911-1914 жылдары «Айқап» журналында Мәшһүр Жүсіптің өлең, мақалалары жиі басылып тұрады.
- 1915 жылы бәйбішесі Рәбиға қайтыс болады.
- 1916-1931 жылдар аралығында Мәшһүр Жүсіп Ескелдіде елді қабылдап, барлық білгенін қағазға түсірумен болды. 1907-1912 жылдарғы қатты қуғындаудан кейін үйінен алысқа ұзап шықпапты.
- 1923 жылы «Қажымұқан» деп аталған жоқтауы шығады.
- 1930 жылы көзі тірісінде асын бергізеді.
- 1931 жылы 27 қарашада өз қыстауы Ескелдіде елмен кешу алысып, келіні Ақ Зейнепке өсиетін айтып, ақ батасын беріп дүние салады.
- 1952 жылы «Мәшһүр Жүсіптің ішінде 21 жыл денесі ашық жатқан Ескелдідегі кесенесі қиратылсын» деген Кеңес үкіметінің қаулысы шығады.

Суреттер: Автордың жеке архивінен алынды.
1870 жылы Қамариддин хазіреттің медресесінде, одан кейін Бұхарадағы діни жоғары оқу орнында оқып білім алады. Молда бір ғана дін сабағын емес, араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады. Кітаптың тек қарасын танытып қоймай, ішкі мазмұнын, мән-мағынасын тәптіштеп түсіндіреді. Арабтың, парсының тілін үйретеді. Мәшһүр бір жыл ішінде хат танып, өнер-білімге, әдебиетке құмар болып өседі. Жеті-тоғыз жасында «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» сияқты халық жырларын, шығыс қиссаларын жатқа айтады.
Сол себепті де Мәшһүр деген атқа ие болады. «Мәшһүр» арабша белгілі деген мағынаны білдіреді. Медрессе оқып жүрген кезінде ол балалардың алды болып, 15 жасынан бастап өзі өлең жаза бастаған. Жасынан өнер білімге, әдебиетке құмар болған жас ақын ауыз әдебиеті үлгілерімен жас кезінен танысып халықтық жырдастандарды жаттап өскен. Мәшһүр Жүсіптің: «Айрылдым дәл он бесте ақыл естен, Жабысып бір дауасыз ауру төстен», деген жыр жолдарына қарағанда оның ақындық жолға бой ұруы, алғашқы шығармашылық қадамы он бес жасында басталған. Ол туралы ақынның өзі:
Жабысты маған өлең он бес жаста,
Жұрт айтты: «Не қыласың» – деді таста.
Дегенмен қоя алмадым үйренген соң,
Мінім жоқ қылған жұртқа мұнан басқа.
Шүкірлік, бергеніңе, құдай патша,
Он бесте шабыттандым жүйрік атша.
Бір күндер ұйықтап жатқан мезгілімде,
Кеудеме өлең толды сызған хатша – дейді.
Көрнекті этнограф жазбаларының бірде қазақ хандары, бірде қазақтың тегіне қатысты болып отыруы тегін емес. Рас, М. Жүсіп халқымыздың өзге де мұраларын хатқа түсірген, өзі де шығармалар жазған. Бірақ ел тағдыры оның басты назарында болғанға ұқсайды. Қаламгер жинаған «Орта жүз тарихы» да қызықты мәліметтерге толы. Керей тарихы, тарақтының тегі, орманшы тарихы туралы деректері ғылыми оралымға еніп те келеді. Бұл мәліметтер Мәшһүр Жүсіп Көпеевті қазақ этногенезінің қалыптасу кезеңдері айырықша қызықтырғанын аңғартады. Қаламгер фольклор материалдарына осы тұрғыдан келіп, оларды тарихи айғақ, дереккөз ретінде бағалаған. Қайсыбір шежірелердің аңыздық-ертегілік арқауы басым болса да, М. Жүсіп ел естелігі жеткізген деректерді қаз қалпында қағазға түсіруді мақсат тұтқан. Осының бәрі оны тарихи жыр, тарихи-генеалогиялық шежірелерді жинап, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған ел мұрасының үлкен жанашыры ретінде танытады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев шежірелері – қазақ тарихына қатысты генеалогиялық дереккөздердің бірі. Оларды тереңірек зерттеп, өзге шежірелермен салыстыру барысында халқымыздың қалыптасу кезеңдеріне қаныға түсеріміз де анық. Ұлы бабамыз жастарға тәрбиелік мәні бар: – «Жігіт күніңде жаннан кеш те іс қыл, өлсең өлерсің, өлмесең адам болып шығарсың», – деп намыс пен жігерді жанып, рухын қайсар қайратқа бағыттап, ұран тастағандай болды. Сонымен, қазақ халқының руханият тарихында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің алатын орны ерекше және мәртебелі. Өзі өмірден озса да, артына мәңгі өшпес рухани мұра қалдырған қасиетті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың тағылымының бізге және бізден кейін келер талай ұрпаққа берері мол екені даусыз. Ендеше, сол рухани мұраны көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі буын үлгі аларлық кәдеге жарату бәріміздің қасиетті парызымыз деп есептейміз.

Суреттер: Автордың жеке архивінен алынды.
Досыбай Нұрлыбек Жолдасбекұлы,
М.Әуезов атындағы Оңтұстік Қазақстан университеті колледжі. Қазақстан тарихы пәні оқытушысы, Саясаттанушы магистр
Abai.kz