Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Дат 4647 0 пікір 18 Желтоқсан, 2015 сағат 08:45

ҚАЛАУ МЕН ҚАЛАМ ҰШЫНДАҒЫ ТАҒДЫР

Бұрынғы Премьер-министр Серік Ахметов туралы ол істі болғалы бері бір де бір пікір білдіріп, ол туралы қолдау да, кінәлау да жазбаған едім. Серік Нығметұлы Президенттен кешірім сұраған күні қолым қышып тұрса да «басқа пәле тілден» болар-ау дегем. Кешелі бері екі азамат ол туралы қолдау мақала жазып, Президенттен амнистия беруді сұрауымды өтінгенде «сөздің атасын өлтірмеуге» бел будым...

Жақсы білетіндер, танитындар, бірге істегендер, жалпы жұртшылық Серік Нығметұлын мықты ұйымдастырушы ғана емес, ұлтшылдығы да, өзіндік мығым ұстанымы да, бір кісіге жетерлік ер мінезі де бар, салыстырмалы түрде қолы таза адам деп бағалайтын. Солардың қатарында мен де бар едім.

Ол істі болған кезде ел ішінде түрлі әңгіме өрбіп, Серік Ахметов Еуразиялық экономикалық одақты қолдамайтындардың бірі екен, сол үшін де Кәрім Мәсімовпен «жақсы болмай» қалыпты деген әңгімені де естіген едік. Бұл шын ба, жалған ба, кім білсін, бірақ бұл әңгіменің көпшіліктің құлағына майдай жағып, жүрегіне үміт ұялатқаны анық.

Сондықтан да оны іштей де, ашық та қолдаушылар ас үйлерде де, әлеуметтік желілерде де аз болған жоқ.  

Бірақ, бірақ Серік Нығметұлының соттағы соңғы сөзі үміт қамалдарын тас талқан еткендей әсер қалдырды.  Ол үшін оны мақтау керек пе, даттау керек пе мен әлі білмеймін, көпшіліктің де екіұдай күйге түскені  анық.

Себебі, айлап үй қамақта жатып, асықпай ойланған, ақ қараны, жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды таразы басына салып, өзін соңғы сәтке дейін өзінің кінәсіз екенін мәлімдеп, еңсесін тік ұстап келген Серік Ахметов соңғы сөзінде Президенттен жалынып, кешірім сұрағаны қызық болды. Оның ізбасары Бауыржан Әбдішев өзін «Назарбаевтың мәңгілік солдаты екенін» де айтып салды. Олардың бұл әрекетін кейбіреулер мойындарына қойылған қылмысты өздері мойындағаны деп те бағалап жатты.

Ия, бұл кешірім сұраудың артында оларды Президенттің ақтауы тұрғаны анық. Бірақ, бұл идея Серік Ахметовтың емес, Ақ орданың пиарщиктерінің басында туындады-ау  деген ойдамын. Ал Серік Ахметовке келсек, ол кешірім сұраудан бас тарта алатын ба еді? Әрине.

Өзінің кінәлі емес екенін әр сотта қайталап келе жатқан Серік Ахметов сот столын бір қойып, «Мен, бұрынғы Премьер-министр бола тұра жазықсыз осылай жазаланып, әділдікке, сот әділдігіне жете алмадым. Өзімнің жасамаған қылмысым үшін он жыл арқалап барамын.   Жаным аман болып, түрмеден тірі  шықсам елімізді қағазда ғана емес, өмірде шынайы құқықтық, демократиялық мемлекетке айналдыруға барымды саламын» дегенде ше? Онда жағдай қалай болар еді?   

Жағдай дәл, солай өрбісе ол шынымен де он жылға, тіпті одан да көпке  сотталып кете барар еді. Солай болмас үшін де дәлелғ мығым болмаса да судья оған он жыл берді.  Ол Секеңнің бас тарту мүмкіндігін азайту үшін жасалған «ход конем» болса керек.

Сонымен ол түрмеге түсер еді, бірақ кім түспей жатыр?  Осыған дейінгі сотталған жоғары лауазымды министр, әкімдерге, генералдарға, кеденшілерге  қарасақ, Серік Ахметовтың да түрмедегі жағдайы Арон Атабек немесе Владимир Козлов сияқты бола қоймас еді деп ойлаймын. Оның қолдаушылары мен бауырларының  бизнесі барын ескерсек «грев» мәселесі де шешілер еді дегендей.  Бірақ, түрме деген курорт емес. Секеңнің денсаулығы да темірдей емес болса керек-ті. Демек, саяси додаға оның бірнеше жыл қамаудан кейін қосылуы күмән туғызады.

Сондықтан да, Серік Нығметұлы екінші жолды таңдаған сияқты. Ел не десе о десін, бостандық бәрінен қымбат деп шешті. Әрине, қандай шешім қабылдаса да оның өз еркі. Өмір өзінікі, таңдау өзінікі дегендей.  

Енді  Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішев кешірім сұраған соң, Президент шынымен амнистия жасай ма? Әбден мүмкін, сенім жоғары.

Серік Ахметовке амнистия жариялау туралы Президентке үндеулер мен хаттар жазуға зиялы қауым ғана емес, мұғалімдер мен дәрігерлердің «ұйымдаса кірісіп» жатқанына қарап, тіпті оның жасырын бұйрық негізінде жасала бастағаны туралы ел ішіндегі әңгімеге сенсек, Президентке амнистия жасаудан басқа амал да қалмайтын сияқты. Енді қайтсін, бүкіл жұрт Ақ орданың алдында маңдайларын тасқа төсеп, халық болып, жұрт болып өтініп жатса?..

Қош, қалай десек те Серік Ахметовтың, онымен бірге отырғандардың бәрінің бостандыққа шыққанын қалаймын.

Бірақ, негізгі айтайын дегенім, егер кешірім сұраған Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішев сияқтылар кешірім сұрағаны үшін ғана  Президенттің асқан кешірімшілдігінің арқасында мәңгілік солдаттарына жүрегі жылып, мейірімі төгіліп бостандыққа жіберсе, ал кешірім сұрамағандар қайтеді, сотталып кете бере ме?

Мен білетін, сонау 90-жылдардың басында бірге аулаларды аралап, бірге дауыс жинаған, ұзақ уақыттан бері дос болған, мен білетін, бірге жүрген, жақсы танитын Ермек Нарымбаев пен Болатбек Блялов Президенттен кешірім сұрай қояр ма екен? Әй қайдам... Олардың Назарбаевтың мәңгілік солдаттары бола қалатынына да күмәнім бар. Олай болса, ол азаматтардың, Ермек пен Болатбектің, Серікжанның  тағдыры қылмысы дәлелденсін, дәлелденбесін, қылмыс жасасын, жасамасын кешірім сұрамағаны үшін бір адамның жеке қалауы мен қаламының ұшында тұр ма?   

Осындайда адамның басына түрлі ой келеді екен... Тыныш отыра алмайтын басымыз бар, қыршаңқы тіліміз, қыңыр мінезіміз бар. Соған қарап, осы бастан мен де Президенттен бар тілімнің нәрін төгіп, көсілтіп тұрып кешірім сұрап қойсам қайтеді, а?

Кім біледі, ертең ішкі істер департаментінің тергеушілері ала кеп жөнелеміз дегенде: «Әй, әрі жүріңдер, мен көкемнен кешірім сұрап қойғам. Енді не істесем де өз еркім» демеймін бе?

Сіз не айтасыз, әлеумет?

 Мақсат Ілиясұлы, қоғам белсендісі, заңгер

Abai.kz

0 пікір