Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 3947 0 пікір 18 Желтоқсан, 2015 сағат 08:03

«БАҚЫТТЫҢ» КЕРМЕК ДӘМІ...

 ...СҰХБАТ БОЛДЫ. ҮСТЕЛДІ ҚОРШАҒАН ҮШ ҚАЗАҚ...

Әдеттегідей әуелеген ән де, өршіген өлең де жоқ. Қылмыңдаған қыздан да, жылмыңдаған әзіл-оспақтан да ада өзегі өздігінен қазақ тілінде өрілген, ұлттың әлсіз, елдің нәрсіз нәрселері айтылған ана тіліміздегі әңгіме-дүкен...

...Тек, тәуелсіздігіміздің шынай батырларына - Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға 30 жыл толатын тор­қалы датада қандай қамқорлық пен құрмет көрсетілетіні түсініксіз қалды...

...Қазақтың шын тарихын жазудың қажеттігін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына 700-ге таяу шара өткізіп барып, түпкілікті түсініппіз... Әйткенмен, осынау ұлттың болашақ тағдырына, елдің мүддесіне тікелей қатысты ауқымды да ауыр шаруаны жүзеге асыру, яғни, қағазға түсіру (жазу, басу) - қойны-қонышында жердің күллі қазына-байлығы мен қыруар қаржылары бар биліктің емес; жалаңаяқ, жалаңбас зиялы қауымның міндеті екен?!.

...Жасыл технология жасауға кеткен (ЭКСПО) 270 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қырғын қаржы «еш өкінбейтін», елеңдеуге тұрмайтын болмашы нәрсе көрінді?!.

«...Астанадағы баяғыда адамның бойынан асып өсіп тұрған қамысты батпақтың орнында бүгін Ақорда жарқырап тұр...» (Астана қаласының салынуы туралы)

«...Протонның зиянды... Әзірге біз зымыран жасай алмаймыз, Байқо­ңырды ұстап тұратын кадрларды дайындай алмаймыз. Кезінде орыстармен келісімге келмегенде, Байқоңыр жай Қызылордада бір құм болып қалар еді...»

 БАСҚА ТЕЛЕАРНАДА: Сыр бойының перзенті, танымал зілте­мір­ші Илья ИЛЬИН шетелде жүріп, Грозныйда өткен Ресей Президенті В.Путин атындағы кубоктың бас жүлдесін жұлып-жеңіп алып (Кубок жүлдесінің мөлшері 5 мың АҚШ доллары көлемінде. Қазақстанда, мысалы, бұл соманы Мақтарал ауданының әкімі атындағы жарыста да алуға болады), еліміздің ескі әнұраны қойылғанда, жұлқынып, біздің жаңа, нақты әнұранымыздың қойылуын талап етіп, орындатып жатты...

 ...БІЗДЕ БӘРІ БҰРЫНҒЫДАЙ...

«...Біз Ресеймен де, Түркиямен де доспыз, ешкімнің жағын жақтамаймыз...»

 БАСҚА ТЕЛЕАРНАДА: Литва мемлекетінің Радио және теледидар комиссиясы елдегі орыстілді «РТР-Планета» телеарнасында Ресей Думасының жүйкесі тозған сырқат депутаты Владимир ЖИРИНОВСКИЙДІҢ түріктерді «жабайы халық» атап: «Орыстың өлген әрбір солдатының орнына жүз түрікті өлтіріп, көму керек» - деген сандырағы үшін орыстілді телеарнаға санкция жариялап, ақылы пакет қалпына ауыстырды. Егер телеарна тағы да соғыс пен бүліншілкке шақыратын насихат айтса, Литвада телеканалдың бағдарламалары мүлдем жабылатын болады...

 ...БІЗДЕ БӘРІ БҰРЫНҒЫДАЙ...

«...Біз сексен милллиондық түрік емеспіз. Жүз елу миллион орыс та емеспіз. Ат төбеліндей елміз. Егер біз 11-12 миллионға жеткен қазақты қырық руға бөлетін болсақ, быт-шыт боламыз. Қазақ біріккенде, Аңырақайда дұшпандарын тықсырды. Ол жерде ешкім бір-бірінің руын сұраған жоқ...»

 БАСҚА ТЕЛЕАРНАДА: Украина Президенті Петр ПОРОШЕНКО ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келті­ретін әрекеттер үшін кез-келген украиндықтан жедел түрде азаматтықты тартып алу қажеттігін мәлімдеді...

 ...БІЗДЕ БӘРІ БҰРЫНҒЫДАЙ...

...Толықтай жекешелендірудің жүрмегендігінің кесірінен жас мемлекетке құрылған Ұлттық холдингтер - керекті қадамның бірі «болып шықты»?!. Қоғам белсендісі Мұхтар ТАЙЖАН бауырым: «Обижаться на курс - все равно, что обижаться на зеркало...» - деп қалды...

 «...Пара алушы бар, пара беруші бар. Біз пара беруді тоқтатпасақ, ол­ар да ала береді. Барлық жерде жемқорлық бар. Жемқорлық туралы Заң­ның жаңа жобасына салық алудың да шарттарын жазып қойдық. Біреу сый­лық бергісі келе ме - оны сатып ал...»

 Сұқбат аяқталуға таяды... «...Біз өліп-өшіп осы заманға жеттік... Бізді сырттан алатын жау жоқ. Намыс­ты қолдан бермейтін халықпыз ғой, бірлігіміз болса, бәріне жетеміз. Қазақ өзінің тарихында дәп бүгінгідей бақытты өмір сүрген жоқ...»

...Көшеге шығып, көлігіммен кетіп бара жатып валюта айырбастау тақтасына көзім түсті: кеше ғана 1 АҚШ доллары - 314 теңге еді, бүгін 340 теңгеге аспандап кетіпті...

«... Қазақ дәп бүгінгідей бақытты өмір сүрген жоқ...»

«Бақыттың» кермек дәмі...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502