Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
46 - сөз 3955 0 пікір 14 Желтоқсан, 2015 сағат 12:54

ПАРАСАТ СӘУЛЕСІ

(Әбіш ағаммен бақұлдасу)

Жүрегіміз жылап, жанымызды жұбататын сөз табай алмай сізді де көзіміз қимай қара жердің суық қойнына тапсырдық Әбіш, аға! Кешеден бері өзіңізді жоқтап аза тұтқан халқыңыз сізді нарға да, толағайға да, тауға да, әулиеге де теңеп махаббатын білдіріп жатыр. Басқа жұрт сізді кімге теңесе де өз еркі, бірақ мен үшін сіз ең алдымен - осы сөздің ұлы мағынасындағы АДАМ едіңіз. Сізбен сөйлескенімде адам жанынан жарқыраған ұлы сәуленің мейіріміне жылынғандай көңілім елжіреп сала беретін. Пенделік тірліктен жалыққанымда адамдық парасатты аңсап, сізді іздеуші едім, Әбіш аға.
Жазған шығармаларыңызда адамға тән махаббат, адамға тән тазалық, адамға тән ұлылық, адамға тән тереңдік, адамға тән биіктік, адамға тән парасат мол болды. Құдай жаратқан болмысыңызда адамға тән осалдық болған шығар, бірақ, пендеге тән осалдық болған емес. Өмірдің мұз-айдынында тайғанап кеткен кезіңізде талай дұшпандарыңыз сыртыңыздан неше түрлі сөзді қарша боратқанда да сіз оларға қарсы бір ауыз сөз айтпадыңыз. Өйткені, сіз еш уақытта да мына біздер сияқты, адамдарды жақсыға немесе жаманға бөлген жоқсыз.. Дұшпан деймін-ау!. Сізді өзінің дұшпаны санағандар болған шығар, бірақ сіз ешкімді де дұшпан санаған жоқсыз, өзіңізге. 
Бүгін желтоқсанның қақ ортасы болғанына қарамастан күн ерекше шуағын шашып, Сарырқаның даласын жылытып жіберді. Астанаға келгеніме алты жылдан асқан мен, қыстың ортасында бұл қаладан тұңғыш рет тап осындай құбылысты байқап тұрмын. Бәлкім, бұл сіздің аспанға ұшып бара жатқан жаныңыздан тараған жылылықтың соңғы қызуы шығар. 
Қош бол, абыз аға! Енді сіздің ғұмыры мәңгілік екінші өміріңіз басталды. Желтоқсанның қара суығында тоңған кезімде өзіңізді еске алып, сонау көзіңді талдыратын биіктегі аспанға қарап, парасат сәулесін іздеп, әлі талай сағынатын боламын асыл бейнеңізді.

Амангелді Кеңшілікұлы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1232
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2947
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3295