«Ахметов ісі» бойынша 21 сотталушыға үкім шықты
11 желтоқсанда Қарағанды облыстық сотында «Ахметов ісі» бойынша атышулы қылмыстық іске нүкте қойылды. Осы іс бойынша 21 сотталушыға сот үкім шығарды.
Экс-премьер Серік Ахметов 10 жылға бас бостандығынан айрылса, басқа сотталушыларға қатысты мемлекеттік айыптаушылардың сұраған жаза мерзімі қанағаттандырылды. Анатолий Эссе – 7 жылға, Бауыржан Әбдішев – 5 жылға, Айдар Телғарин – 4 жылға, Оразалы Айменбетов пен Болат Искаковтар – 3 жыл 6 айға, Мейрам Смағұлов, Дулат Айтжанов, Ернар Дәрібеков, Марлен Шалтақов, Ерлан Қисықов, Қанат Мұсаевтар – 3 жылға, Мұхтар Адамбеков – 2 жылға сотталды. Сот М. Адамбеков пен А. Жәкеновке 2 жылға, Ғабит Матаевқа 3 жылға шартты мерзімге жаза белгіледі. Е. Дәрібеков пен А. Эссе 5 жылға дейін мемлекеттік қызметке тағайындалу құқынан айрылды. Кәмила Пірәлиева мемлекетке 4 млн. 600 мың теңге көлеміндегі айыппұл төлейтін болды. Шартты түрде жазаға кесілгендер арнайы органға тіркеуге тұрып, ойын-сауық мекемелеріне бара алмайды. Тұрақты мекен-жайынан да ешқайда кете алмайды.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде өз кінәсін толық мойындап, сотқа көмектескен Ә. Ақмолдаев, Д. Нұрбаев және Ғ. Рақымжановтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Әмина БӘКІР
Абай-ақпарат