Сенбі, 23 Қараша 2024
Тағзым 9110 0 пікір 10 Желтоқсан, 2015 сағат 22:32

ШОҚАННЫҢ БОЙЫНДА АБЫЛАЙДЫҢ ТЕКТІЛІГІ БАР-ДЫ...

Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ, жазушы, шоқантанушы:

Жақында қазақ мәдениетіндегі орны бөлек тұлға – ұлтымыздан шыққан тұңғыш этнограф, ағартушы, фольклоршы, тарихшы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толды. Ал биыл ғалымның Шығыс Түркістанға – Қашқария жеріне жасаған ғылыми экспедициясына 157 жыл толып отыр. Осы орайда біз белгілі шоқантанушы қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлымен сұхбаттасқан едік.

«Күнтимес» атауын алғаш Әлкей Марғұланнан естідім

– Жарылқап аға, сіз – қазақтың ұлы ғалымы, ойшылы Шоқан Уәлихановтың ғұмыры мен шығармашылығын түбегейлі зерттеп, оның сапарларының ізімен жүріп өткен, өмір сүрген жерлерін арнайы аралаған, соның нәтижесінде бірнеше кітап жазған қаламгерсіз. Сізді Шоқан тұлғасы қалай қызықтырды?

– Бәлкім, сол кездерде жастар газетінің журналисі болмасам, Шоқан тақырыбына келмеуім де мүмкін бе еді. Маған өткен ғасырдың 70-80-жылдарында сергек санаткер Сейдахмет Бердіқұлұлы басқарған «Жас Алаш» басылымында қызмет атқару бақыты бұйырды. Ізденем деген журналиске ағыл-тегіл мүмкіндіктерді молынан ұсынатын осы құтты ұстаханада сол кезеңде өңшең қаламы жүрдек жігіттер мен қыздар істеп,  бәріміз де сан түрлі тосын тақырыптарды таласа-тармаса көтеретін, бірімізден-біріміз асып түсуге ұмтылатын шырайлы шығармашылық ахуал  аясында қолтаңбамызды қалыптастырдық. Менің студент кезімнен жинап жүрген шағын кітапханамда Шоқан Уәлихановтың 1958 жылы орысша басылған таңдамалы шығармалар жинағы бар-тын. Бір күні сол кітапты қайталай парақтап отырғанымда, ғалымның 1856 жылы жазған «Ыстықкөл  сапарының күнделігі» бұрынғыдай емес, басқаша қырынан әсер етіп, «осы сапар ізімен бүгінгі күні жүріп өтсе ғой, шіркін» деген кәдімгі журналистік қызығушылығымды оятты. Әрі орайы да келіп тұр: сол 1975 жылы Шоқанның туғанына 140 жыл толмақ екен. Дереу сапар маршрутын күнделік бойынша картаға түсіруге кірістім. Осы аймақты аралаған басқа да саяхатшылардың жолжазбаларымен таныстым. Бәрін тап-тұйнақтай етіп дайындаған соң редакторымыз Сейдахмет ағаның алдына кірдім. Ол кісі ерекше қуанып, үш кезеңге бөлінген іссапарға шығуға рұқсат берді. Сапар барысында сол күнделікті жазған кезде 20 жаста ғана болған Шоқанның  ұлылығы, ғалымдығы, байқампаздығы, ой жүйріктігі, жазу шеберлігі, қаламгерлік қарымына талай рет тәнті болдым. Ақыры жастар газеті бетінде бірінен соң бірі шығып тұрған жолсапар мақалалар сериясы арқылы өзімнің де шоқантанушылар қатарына енгенімді байқамай қалдым. Содан бері Шоқан тақырыбы өзіне жіпсіз байлаумен келеді.

Ғалымның 150 жылдығы кеңінен тойланған 1985 жылы тағы да сол Сейдахмет ағамыздың қолдауымен Шоқан ғұмыр кешкен, еңбек еткен мекендерді аралауға шықтым. Сапарым нәтижесіз болған жоқ, ұлы ғалымның өміріне қатысты жаңа мағлұматтарға жолықтым. Жастар газетінің экспедициясы ретінде жүргізілген бұл екі жолсапар да «Жалын» баспасының назарына ілігіп, алғашқысы «Шоқан ізімен» (1977 жылы), кейінгісі «Жасын-тағдыр жарқылы» (1987 жылы) деген атпен кітап боп жарық көрді. Содан кейінгі жылдары өзім қазақ пен түркі жұрттарының этникалық негіздерін қаузаған күрделі ғылыми тақырыптарға бұрылып кеткендіктен, Шоқаннан біраз қол үзіп қалғандай едім. Алайда ұлы тұлға тақырыбы ылғи да бір бүйірімде тұрғандықтан, оған қатысты көзге түскен деректерді жинастыруды тоқтатқам жоқ. Ақыры арада жиырма жылдай уақыт өткенде Шоқанға қайта оралып, ғалымның 2010 жылы тойланған 175 жылдығы қарсаңында 39 баспа табақ көлеміндегі «Шоқан» атты кітабымды бітіріп, ол «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша жарық көрді. Баспасөз тарапынан жанры роман-эссе деп бағаланған бұл тарихи-ғұмырнамалық шығармада қазақтың ұлы  ғұламасының жаңадан табылған шынайы деректермен, дәйекті мағлұматтармен көмкерілген толыққанды тұлғасын жасауға ұмтылдым. 

– Сіз ғылымда жылдар бойы «Шоқанның туған жері – Құсмұрын бекінісі» делініп келген көзқарастың көбесін сөгіп, шын мәнінде ғалымның кіндік қаны тамған жері – Күнтимес қыстауы екенін анықтауға атсалыстыңыз. Бала Шоқан асыр салған, асық ойнаған ауылды табу да оңай болмаған шығар?

– Күнтимес атауын мен алғаш академик Әлкей Марғұланның аузынан естідім. Алматыдағы М.Әуезовтің мұражай-үйінде өтетін дәстүрлі халық университеті дәрістерінде Әлекеңнің Шоқан туралы көсіле әңгімелеген бірер лекциясын тыңдағаным бар. Соңғы дәрістерінің бірінде ғой деймін, академик сөзінің әлқиссасында «Шоқан Обағандағы Күнтимес атты хан сарайында дүниеге келді» деп қалды. Алайда сол Әлекеңнің өзінің басшылығымен шыққан Шоқан шығармаларының бәрінде оның туған жері Құсмұрын бекінісі деп көрсетіледі. «Күнтимес» дегенін бір сәт тосындау қабылдағаныммен, аса назар да аудара қоймаппын. Кейін 1984 жылы академиктің 80 жылдығына байланысты жастар газетінің тапсырмасымен ақсақалдан арнайы сұхбат алғанымда, ол кісі «Шоқан Күнтимес деп аталған ордада туды» дегенді тағы қайталады. Бірақ болашақта Шоқанның кіндік қаны тамған жеріне қатысты ізденістерге барам деген ой қаперімде жоқ, ол деректі әрі қарай қаузамаппын. Тек 1985 жылы Шоқан ғұмыр кешкен мекендерді аралауға шығатын сапар қарсаңында ғана Ә.Марғұланның сол сөздерін қағазға түсірген жазбамдағы Күнтимес ордасы атауына назарым қайта ауды. Анықтап сұрауға ол кезде кеш, Әлекең сол жылдың қаңтарында ғана дүниеден озған-ды. Амал жоқ, Күнтиместің анық дерегін өзім іздеуге кірістім. Әртүрлі құжаттарды көз майымды тауыса қарау үстінде Құсмұрын округінің әдебиеттерде жазылып жүргеніндей, 1835 жылы емес, 1844 жылы ашылғанын анықтадым. Оған дейін Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов аға сұлтан болған Аманқарағай дуанының орталығы Қараоба екен. Ол мекен Шоқанның 1852 жылы салған картасында да көрсетілген. Сол картада дуан орталығынан солтүстік-шығысқа қарай 30-40 шақырымдай шамадағы бір тұсты Шоқанның өз қолымен «ҚЫСТАУ» деп бас әріптермен белгілегені де назарымды аударды. Ақыры ұлы ғалымның кіндік кескен жерін сарсыла іздеген 1985 жылдың көктеміндегі жолсоқты сапарымның соңы сол «қыстау» деп көрсетілген орында түйінделген еді. Күнтимесіңіз сол жерде екен. Бүгінде Қостанай облысы Сарыкөл ауданына қарайтын, әлі күнге дейін Күнтимес аталып келе жатқан ауылдың көнекөз қариясы маған аға сұлтан ордасының, мешіті мен құдығының орнын көрсетті, сол заман тұлғаларына қатысы бар бірқыдыру иланымды деректерден әңгіме шертті.  

Шыңғыс Уәлиханов Аманқарағай округінің аға сұлтаны боп 1834 жылғы тамыздың соңында тағайындалған. Соның алдында ғана ол Баянауылдың әйгілі биі Шорманның қызы Зейнепке үйленген екен. Білдей аға сұлтан үшін сол жылы қыс түскенше ағаштан қиып үй тұрғызып алу аса қиын шаруа емес. Биік өскен қайың мен қарағайдың қойнауындағы Күнтимес мекені қонысқа қолайлы мекендердің бірі еді. Мейлі, сол жылы аға сұлтан ордасы салынып бітпей-ақ қойсын дейік. Бірақ келесі 1835 жылы жаз бойы ол құрылыстың аяқталуы әбден мүмкін ғой. Бұл қисын Ә.Марғұланның 1958 жылы Сырымбетке арнайы соғып, көнекөз қариялардан жазып алған естеліктеріндегі Сары Ыбырайұлы деген ақсақалдың «Шыңғыс Обағанға керей-уақ елінің аға сұлтаны болып барысымен, өзіне қоныс салдырып алуға кіріседі, ағаштан түйін түйетін шеберлер оған тез арада сәулетті орда жасап береді» деп айтқанымен де дәл үйлеседі. Демек, 1835 жылы қарашада дүниеге келген Шоқанның кіндік қаны осы орда-қыстауда тамғаны әбден иланымды. Осы орайда Күнтимес ақиқатының кейінгі жылдарда «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген құжаттармен де нақтыланып жатқанын айтқым келеді. Мәселен, «ХVІ-ХХ ғасырлардағы орыс дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» атты серияның 8-томының 1-бөлімінде әуелі Аманқарағай, сосын Құсмұрын округтерінің аға сұлтаны қызметін 1834-1853 жылдары аралығында атқарған Шыңғыс Уәлихановтың барлық уақыттарда да қыстауының тек Күнтимес болғаны анық жазылған. Ал бұған дейінгі ғылыми еңбектерде айтылып жүрген «туған жері – Құсмұрын бекінісі» дегенге келсек, ол атау Шоқанның 1847 жылы Омбы кадет корпусына түскен кездегі әкімшілік атауына байланысты туындаған. Шоқан сол шақта Құсмұрын округі деп аталған дуаннан келгендіктен, оның туған жері  де солай белгіленіп кетті. Егер округтің аты бұрынғыдай Аманқарағай боп өзгермей тұрса, оны Аманқарағайда туды деп жазар еді. Ғылыми еңбектердің құжаттан ауытқымайтын тәртібіне сәйкес қағазға бір түсіп қалған «туған жері – Құсмұрын» деген сөз содан былайғы деректерде де қайталана берген. 

Кадетке ол құнарлы біліммен барды

– Тұлғаны отбасы мен орта қалыптастырады. Шоқанның балалық кезеңі қалай өткен? Оның хан-сұлтандар әулетінен екені болашақ зерттеушінің болмыс-бітіміне қаншалықты ықпал етті? 5 жасынан хат танып, 7 жасында әкесі Шыңғысқа жыр-дастандарды хатқа түсіруге жәрдемдескеніне қарап, оны, бүгінгі тілмен айтқанда, «вундеркинд еді» деуге бола ма?

– Бұл ретте Шоқанның әкесі Шыңғыстың өзінің де қара жаяу адам еместігіне назар аудару керек. Ол – Омбы әскери училищесі жанындағы тілмаштар дайындайтын Азиялық мектепті алғашқылардың бірі боп бітірген санаулы қазақтың бірі. Орысша білетін, сол тілдегі газеттер мен журналдарды оқып отыратын, орыс оқымыстыларының тапсырмасымен қазақтың ауыз әдебиеті мен этнографиясының үлгілерін жинап, жазып алып жүретін көзі қарақты тұлға. Шоқанның зеректігін байқаған аға сұлтан тұңғышы алты жасқа келгенде баласына орнықты білім беруді көздеп, Күнтимес ордасында қазақ мектебін ашады. Шыңғыс ашқан ол мектептің тәлімі жаман болмағанын Шоқанның 12 жасында кадет корпусына барғанға дейін-ақ кәдімгідей білім алғанынан да аңғаруға болады. Күнтимес мектебінде шәкірттер қазақша оқи-жаза білуді, ортағасырлық қыпшақ-шағатайша, арабша, парсыша тіл сындыруды үйренді, шығыс ақындарының өлеңдерін жаттады, қазақтың халық эпостарын оқыды, тарих пен есеп пәндерін өтті. Тумысынан зеректігімен көзге түскен Шоқанға оқу-білімге әуелден жақын, әр тілден хабары бар, шығыс әдебиеті шығармаларына жетік Айғаным әжесінің де әсері мол тиді. Шоқан Сырымбет ордасын мекендейтін Айғаным әжесімен негізінен жазда жайлауға келгенде ғана жолыққан. Білімді әже жаз бойы алғыр немересін қасына көбірек ұстап, әртүрлі ертегілер, аңыздар мен өлеңдерді үйрететін, өзінде бар шағын қиссалар мен дастандарды тыңдататын. Оның үстіне аға сұлтан ордасына әйгілі би-шешендер, ақындар мен жыраулар, әншілер мен күйшілер ат басын жиі бұрып жатады, осында әртүрлі өнер сайыстарын өткізеді. Өзі зейінді Шоқанның қабілетінің одан әрі ашылуына ұшқан ұясындағы осындай жан-жақты рухани тәлімнің де ерекше әсер-ықпалы тиді. Бір жағынан, оның «вундеркиндік» дарыны сонау Абылай бабасынан келе жатқан тектіліктің ұшқынына да саяды деуге болады. Абылай ханның атақты қолбасшы, жаһангер әмірші ғана емес, шандоз күйші болғаны, өзінің де бірталай күйлер шығарғаны белгілі. Оның ұрпақтарының арасынан Шоқаннан басқа да көптеген талантты тұлғалар шықты. Уәлиханның тұңғышы Абайділданың баласы Болат төре – жыршы, Шыңғыстың туған інісі Қанғожа төре – қобызшы, Шоқанның туған інісі Мақы – ағаштан түйін түйген қолөнер шебері болған.

– Осы орайда орыс тілін онша білмейтін 12 жасар кезінде өзіне мүлде бейтаныс Омбы шаһарындағы кадет корпусына оқуға қабылданған Шоқанның көп ұзамай ондағы үздік шәкірттердің біріне, қатарластарының көшбасшысына айналуы да таңқалдырмай қоймайды. Бұл феноменді қалай түсіндірер едіңіз?

– Біріншіден, Шоқанның кадет корпусына түсіп, білгір ұстаздар тәлімін көруі – оның бойындағы бабаларынан келе жатқан тектілік дарын шоғын одан әрі лаулатқан үйлесімді сәттілік дер едім. Екіншіден, Абылай бабасынан келе жатқан тектіліктің, көшбасшылық қабілеттің нышаны, кішкентайынан қазақтың рухани тәлімінің сырлы бұлақтарынан сусындап өскен жан-жақты тәрбиенің нәтижесі. Бастапқыда орысшаға шорқақтығына қатысты сәл-пәл тосырқағанымен, Шоқанның Күнтимес мектебінен алған білімінің деңгейі онымен бірге кадет корпусына түскен қарапайым казак-орыс балаларының оқуына қарағанда құнарлылау еді. Әрі ол өзінің хан тұқымы, аға сұлтанның баласы екенін, сол деңгейге сай болып жүруі керектігін, басқаға кеудесін бастырмау қажеттігін де жақсы түсінген. Оның үстіне әйгілі хан тұқымының шығыс әдебиетінен сауаттылығы, араб, парсы тілдерін білетіні де ұстаздарының назарын аударды. Әсіресе Шоқанның бұл қабілетін өзі шығыстанушы болса да корпуста орыс әдебиетінен сабақ берген Н.Ф.Костылецкий сынды білімдар мұғалім ерекше бағалаған. Ол үшін Шоқан сынды алымды шәкірттің кадет корпусына түскені айрықша қуаныш болғаны анық. Қазақшаны өзі де тәп-тәуір білетін ұстаз Шоқанды бірден бауырына тартып, ол орысшаны игере бастағаннан-ақ халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауға жұмылдырды, біразын бірлесе отырып орысшаға аударысты, ғылыми жұмыстың бағыт-бағдарларын үйретті. Дайындап біткен дүниелерін Қазандағы профессор досы Березинге жіберіп отырды. Келе-келе жазба жәдігерлерді зерттеуге, олардан қазақ тарихына қатысты деректерді іздеуге баулыды. Шоқанның ортағасырлық жазба мұраларды танушы білгір ғалым боп қалыптасуы, олардың көбін әлемде тұңғыш рет тереңдей зерттеуі, әйгілі Қашғар сапарынан әкелген көне қолжазбаларды ғылыми айналымға бірінші боп енгізуі сол Костылецкийдей ұстаздың бағыттап берген тәлімінен бастау алады.       

Оның өміріне де, өліміне де қатысты қауесет көп...

– Белгілі орыс зиялыларының (жазушы Ф.Достоевский, ақын С.Дуров, зерттеуші Г.Потанин, т.б.) Шоқанмен достығының ерекше болуына да жас қазақ ғалымының білімдарлығы себеп болған шығар?

– Әрине. Бірақ тек ол ғана емес. Оларды Шоқанның әлемдік өркениет пен әдебиет тарихын жілікше шағатын, өз халқы мен шығыс өмірін жетік білетіні, оған қоса адаммен тез жұғысатын қасиеті, сөздің майын тамызып сөйлейтін шешені, ойының құнарлылығы, аңқылдаған пейілге толы бітімі тұтасымен баурап алды. Кейін Петерборда болған кезінде де Шоқан осы ерекше дарындылығымен, ғұламалық бітімімен сол замандағы озық орыс зиялыларының құрметіне бөленді. Ал оның өзімен түйдей құрдас Г.Потанинмен достығы – нағыз шынайы да адал сыйластықтың хас үлгісі. Потанин өмірден ерте озып кеткен аяулы қазақ досының шығармаларын жинап бастыруды өз парызы деп ұқты. Ол шау тартқан шағында: «Шоқан екеуміз саяхаттарға бірге шығуды армандаған едік, егер ол дүниеден қыршын күйде кетпей, бұл жоспарларымызды ол орындағанда, досымның есімі қазірдің өзінде ұлылардың қатарында аталар еді», – деп Шоқанға деген ақтарылған пейілін бүкпесіз білдірген.

Омбыдағы казак әскери училищесі Шоқан түсерден екі жыл бұрын ғана іріленіп, кадет корпусына айналған болатын. Жаңа оқу бағдарламасына сәйкес оған орталықтан арнайы шақырылған білімдар ұстаздар қатарында әлгінде айтқан Костылецкий, тарихшылар Г.В.Гонсевский, А.И.Сулоцкий, географ Е.И.Старков секілді өз пәндеріне жүйрік, көкірегі ояу мамандар келіп сабақ бере бастады. Мәселен, Костылецкий орыс әдебиеті сабағын негізінен әлі патша цензурасы рұқсат етпей жатқан Белинскийдің сын мақалаларына орай құратын. Пушкин, Лермонтов, Гоголь шығармаларын ұлы сыншының қоғам өміріне қатысты көкейтесті ойларымен көмкере отырып ұсынатын. Ұстаздарының арамдық пен аярлыққа, әділетсіздік пен жалғандыққа, крепостнойлық тәртіпке қарсы ащы сын айтып, мысқылдауы кадет шәкіртерінің ой-өрісінің дамуына, өмірге, қоғам құбылыстарына қатысты дұрыс көзқарас қалыптастыруына едәуір ықпал етті. Вильно мен Қазан университеттерінде тәлім алған, Гете мен Шиллерді, Шекспир мен Байронды, Диккенс пен Теккерейді, Гейне мен Мольерді түпнұсқадан оқитын Гонсевский ұстаздың да дәрістері ерекше болды. Аталған алыптардың бәрінің де шығармаларындағы азаттық идея сарынын терең сезінетін, сол рухты өз туындылары мен тірліктерінде де көрсетуге ұмтылғаны үшін түрме азабын тартқан Достоевский, Дуров сияқты қаламгерлердің қияндағы Омбыдан қазақтың өздерімен ойы деңгейлес жас жігітті ұшырастыруы ерекше тәнті етті.

– Шоқанның негізінен ғылымға ден қоюы, ата-бабасы, әкесі секілді билікке, ағасұлтандыққа ұмтылмауы не себепті деп ойлайсыз?

– Оның билікке ұмтылуға уақыты да болған жоқ. Генерал-губернатордың адъютанты қызметінде жүріп, Ыстықкөл мен Құлжаға сапар шекті. Саяхатнамалық күнделіктерін жазды. Қауіпті Қашғар сапарына дайындығымен қоса екі жылы кетті. Петерборға барып ғылыми жұмыстармен айналысты. Денсаулығы жараса, сонда тұрақтап қызмет еткісі келді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл арманы орындалмады. Жастайынан сыр беріп жүрген, Қашғар сапарынан қайтар жолда таудың ызғарлы суығына ұрынып, асқындырып алған құрт ауруы оны елге қайтуға мәжбүр етті. Сол науқасымен енді Петербор барып, ғылыммен орнықты айналысу мүмкін еместігін түсінгесін ғана қарапайым халыққа жақсы, әділетті басшы боламын деген ниетке беріліп, аға сұлтан сайлауына түсуге бекінеді. Алайда отаршыл әкімшілік Шоқан сияқты деңгейі биік білімпаз тұлғаға бір округтің билігін беріп қою ел ішінде өкіметке қарсы ұнамсыз әрекеттерді туындатуы мүмкін деген қауіппен сайлауда дауыс санымен жеңіп тұрса да, оның сыртынан «науқасына байланысты, қызметінен бас тартты» деген қарау шешім шығарып, орнына қарсыласы Ерден Сандыбайұлын тағайындап жібереді. Оның билікке ұмтылуының бас-аяғы осымен бітеді. Асқынған дертімен қатар Омбы ұлықтарының зәбірін көрген, оның үстіне өз ағайындарымен түсінісе алмаған Шоқанның сол шақтағы торығыңқы тағдыры кәдімгідей аянышты.

– Шоқан еңбектерінің қазақ ғылымындағы алар орны қандай? Оның мұралары жеткілікті дәрежеде зерттелді ме?

– Оның адал достары – саяхатшы-ғалым Потаниннің, генерал Гутковский мен оның қызы Катерина Гутковскаялардың шынайы ықылас-ниеттерінің нәтижесінде жиналып қалған, бүгінде ғалымның бес томдық шығармалар жинағына топтастырылған Шоқан мұраларының қазақ ғылымы ғана емес, әлемдік ғылымдағы орны да ерекше сүбелі. Ол – Орталық Азияны, Шығыс Түркістанды зерттеу ісіндегі ізашар ғалымдардың бірі. Оның Қашғарға құпия сапармен барып қайтқаннан кейін жазған «Алтышәрдің, яғни, Қытайдың Нан-Лу уәлаятының (Кіші Бұхараның) жайы» атты құнды еңбегі осы аймақ туралы жаһандық деңгейдегі елеулі зерттеулердің төлбасысы. Осы өңірдің тарихы туралы содан кейін жазылған ғылыми шығармалардың барлығы да Шоқанның осы еңбегіне бір соқпай кете алмайды. Одан дәйек іздейді, соның мағлұматтарынан тиянақ табады, деректерін салыстырып пысықтайды. Қазақ пен қырғыздың ауыз әдебиетінің үлгілерін еуропалық ғылымға таныстырудағы Шоқан қызметі де ересен. «Манас» эпосының ең шұрайлы бөлігінің бірі – «Көкетайдың ертегісін» әлемде тұңғыш рет жазып алғанының өзі неге тұрады?! Сонымен қатар оның ортағасырлық көне қолжазбалар мен шығармаларды танудағы біліктілігі де таңғалдырады. Ол Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ортағасырлық жерлес ғұламамыздың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегін тыңғылықты зерттеуді де алғаш қолға алып еді. Алайда, денсаулығына байланысты оны әрі қарай жалғастыруға мүмкіндігі болмады.

Шоқан мұраларын зерттеуде қазақтың өткен ғасырдағы дана ғұламасы Әлкей Марғұланның атқарған еңбегі аса зор. Оның басшылығымен жиылып-теріліп, тыңғылықты түсініктемелерімен екі мәрте жарық көрген Шоқанның бес томдық шығармалар жинағы (былтыр оның қазақшасы шықты) – айрықша құнды қазына. Сол Марғұлан ақсақалдың «Шоқан – негізгі бөлігі су астында жататын алып айсберг сияқты заңғар тұлға, біздің ол туралы білетініміз – айсбергтің су бетіндегі аз бөлігіндей мөлшері ғана, білмегеніміз одан да көп» дегені бар еді. Содан бері аса өзгере қойған ештеңе жоқ. Оның әлі талай хаттары мен зерттеулері сол күйі таптырар емес. Олардың Ресейдің құпия қоймаларында бүркеліп жатуы да мүмкін. Әрине, талайының ұшты-күйлі жоғалғаны – амалсыз мойындайтын ақиқат. Шоқан мұраларын тәуелсіздік заманы талабы тұрғысынан зерттеу жағына да онша көңіл аудара алмай жатқан сияқтымыз. Шоқан өмірінің кей сәттері мен оның өліміне қатысты аңыздар мен қауесеттер көп, дәйексіз, дерексіз пікір айтушылар да жетіп-артылады. Соларды да бір жөнге келтіретін, ақиқаты иландыратын зерттеулер керек...        

Қазақ жерін жаулаушыларды «орыс цивилизаторлары» дейтін

– Атышулы Черняевтің Әулиеатаға жорығына қатысқан Шоқанның полковник тарапынан шаһар тұрғындарына жасаған озбырлығына шыдамай, оның қарамағынан өз еркімен кетіп қалғаны мәлім. Жалпы, орыс патшасының қазақ даласындағы өкілдеріне қызмет ете жүріп, туған халқына жасалып жатқан әділетсіздіктерді көргенде Шоқан өзін қалай сезінді екен?

– Қатты күйзелгені анық. Шоқан еңбектерін, ол туралы естеліктерді оқығанда, оның отаршылдық пиғылдағы көзқарастарды жақтырмайтынын, оған жан-тәнімен қарсы тұратынын байқауға болады. Өз жазбаларында қазақ жерін жаулаушыларды «орыс цивилизаторлары» деп әлденеше рет мысқылдайтыны да бар. Кенесары көтерілісі туралы құжаттарды зерттеген кездерінде орыс әскерлерінің қарапайым халыққа жасаған талай жауыздықтары туралы оқыған Шоқанның іштен тынып, шарасыздық күй кешкенінде дау жоқ. Оның қатты дімкәстанып жүрсе де, күтпеген жерден полковник Черняевтің Әулиеата жорығына қатысуға көне кетуінің бір сыры да «сондай қырғындарды болдырмауға қолғабысым тисе...» деген ниеттен туындағандай боп көрінеді маған. Алайда жорық барысында жергілікті жұртпен бейбіт келісімдер жасау міндеті жүктелген Шоқанның мәмілегерлік қызметі жеме-жемге келгенде өркеуде полковникке қажет болмай қалды. Ол Әулиеата (бүгінгі Тараз) шаһарына жеткен кезде қантөгісті болдырмау мүмкіндігі бар екеніне қарамастан, Шоқанның айтқанына көнбей, қаланы зеңбіректермен атқылап, тұрғындарын қырғынға ұшыратты. Шоқан бұл қантөгіске төзе алмай, кейін қайтатынын мәлім етті. Черняев қанды жорығын әрі қарай жалғастырды. Әулиеатадан кейін Шымкент шаһарына жойқын шабуыл жасап, онда паналаған 3 мыңдай тұрғынды қырып салды. Келер жылы Ташкент қорғаушыларын да қынадай қырды.

– Өмірінің соңғы жылдары Шоқанның әкесімен, жалпы өз әулетімен арақатынасы қандай еді? Неге ол Алтынемел баурайында қалып, Айсарыға үйленді? Неге өз ата-бабаларының ежелгі қонысында емес, осы жақта дүниеден өтті? Мұны тәптіштей сұраған себебім: «бұл уақытта Шоқан әке-шешесімен араздасып жүрген еді» деген әңгімелер аз айтылмайды. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Ата-анасы Шоқанды әйгілі сұлтан-правитель Ахмет Жантөриннің қызы Ғазизаға үйлендірмек болғанда, ғалымның ол бойжеткенді алуға үзілді-кесілді қарсылығын білдіріп, оларға қарсы шығатыны рас. Содан кейін ол «өзіне күтуші боп жүрген қызға үйленбекші екен» деген негізі күмәнділеу, құпия тұстары жетерлік әңгімеге ұшырайды. Осы оқиғалардан кейін Шоқанның әке-шешесімен арадағы қарым-қатынастарына сызат түседі. Денсаулығы шамалы түзелгендей боп көрінген соң, Петерборға жүрмекке құлқы ауып, Омбыға келгенімен, науқасы тағы да қайталап, бір жағынан, қаржысы да жетімсіз боп, жолға шыға алмай, қыс бойы сол қалада аялдап қалады. 1864 жылдың сәуірінің басында күтпеген жерден әлгі Әулиеата жорығына қосылу үшін Алматыға аттанып кетеді...

Жалпы, Шоқан өмірінің соңғы жылдарында құсалық сәттер басымдау. Әулиеатадан оралғаннан кейін, Петерборға бармақ боп жолға шыққанымен, ол жолшыбай Тезек төренің ауылына келгенде тағы дерті қозып, сапарын әрі қарай жалғастыра алмайды. Содан сол ауылда аға сұлтан туысының өтінішімен біраз емделіп алуға тоқтайды. Бұл ретте Шоқанның Черняевпен келіспей, кейін қайтқаны жөніндегі әңгіменің Омбыға барғанда алдынан шығатынын сезініп, өзін жек көретін генералдардың түртпегіне ұшыраудан қашқақтауы мүмкін деп те жорамалдауға болады. Дегенмен сол күзде Алтынемел маңындағы Тезек ауылына соғып, Шоқанның халін білген Алатау округінің бастығы генерал Колпаковскийдің оған өз тарапынан тиімді ұсыныс білдіруі оның осы өңірде алаңсыз аялдауына мұрсат береді. Генерал Шығыс Түркістан тақырыбының сол замандағы ірі білгірі боп саналатын қазақ ғалымына іргедегі Құлжа, Шәуешек, Үрімші, Қашғар аймақтарында басталған  ұйғырлар мен дүнгендердің Қытай билігіне қарсы көтерілісінің аңысын байқастап отыруды, Құлжадағы қытай өлкелік басшысының Колпаковскийдің атына, одан көтерілісшілерді басу үшін орыс әскерлерін жіберуді қайта-қайта сұрап жазатын хаттарын аударып, өзінің жүрген жерлеріне Алтынемел бекетінің шабармандары арқылы жолдап тұруды тапсырады. Бұл орайда Шоқанның сол айларда Колпаковскийге жазған жеке хаттарының  ұйғыр-дүнген көтерілісін зерттеген кейінгі заман тарихшылары үшін сенімді  дереккөздерінің бірі ретінде танылғанын айтсақ та жеткілікті. Аға сұлтан ауылында ұзақ аялдайтын болғасын Шоқан Тезек төренің немере ағасы Көшен төренің қызы Айсарыға үйленеді. Алайда Шоқанды талайдан айналдырып келген құрт ауруы (туберкулез) ақыры оны 1865 жылдың көктемінде ескі күнтізбе бойынша сәуірдің 10-ында о дүниеге алып кетеді. Шоқанның қазасын естіп Сырымбеттен Алтынемелге арнайы келген оның туған інісі Жақып ағасының қайтыс болар алдында ата-анасына жолдаған тілегіне сай, жесірі Айсарыны Көкшетауға ала қайтады. Кейіннен үлкендердің ұйғарымымен, әмеңгерлік салты бойынша, Айсары Жақыпқа тұрмысқа шығады. Ол екеуінен тараған ұрпақтар бүгінде Сырымбет өңірінде тұрып жатыр.

Сұхбаттасқан Сәкен СЫБАНБАЙ. 

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525