Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Қоғам 5945 0 пікір 10 Желтоқсан, 2015 сағат 14:15

ШЫМКЕНТ ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН ШЫРШАДАН БАС ТАРТТЫ

Шымкентте биыл жаңа жылдық безендіруге қаржы бөлінбейді. Осыған дейін безендіру жұмыстарына  бөлінген 80 миллион теңге қайырымдылыққа жұмсалатын болады. Бұл туралы abai.kz порталы қала әкімдігінің баспаөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Шаһар басшысы Ғабидолла Əбдірахымовтың ұсынысымен бұдан бұрын шырша безендіру жұмыстарына бөлінген 80 миллион теңгенің жұмсалу мақсаты туралы мәселе Шмкент қалалық  мәслихатында қайта қаралған.  

Басқосудағы талқылау нәтижесінде мұнша қаржы енді 5500-ге жуық жетім жəне əлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына көмек көрсетуге бағытталатын болып шешілді.

Осылайша жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік аз қамтылатын балалар қысқы киім-кешектермен қамтамасыз етілмек.

Желтоқсан айы келер келмес Қазақстанда жаңа жылға орай қаланы безендіру мемлекеттік деңгейде қарастырылып, әрлеушілердің жұмыс ауқымы кеңейе түседі. Оңды-солды шашылып жатқан миллиондар, қалашығымен қоса еріп кеткен миллиондар... Сөйте тұра, бізде дағдарыс деп даурығамыз- ау келіп. Енді бір аптадан кейін Алаштың Ұлық мерекесі тәуелсіздік күні болады. Елдің егемендігін әспеттейтін ең қасиетті мереке Жаңа  жылдың көлеңкесінде қалып келеді деп өкініштен өзегіміз өртеніп жүр.

Биыл Жаңа жылдық  шырша үшін қай өңір миллион теңге бөлгелі отыр?

Рас, тәу етер қасиетті күннің көк  тиындық құнын қалдырмаған үкіметтің шыршасы шырқымызды бұзды. Тіпті, облыс басшылары шырша жағудан жарыс ұйымдастырғандай далақпайланып жатқаны да жасырын емес. Биылғы жылы өңірлерде шырша құны  18 миллион мен 138 миллионның арасында болмақ. Ал, осынша көлмедегі миллиондар көктемге жептей еріп кетіп жатыр. Мысалы, Астана қаласында миллион теңгеге салынып жатқан мұз қалашығы бір-ақ күннің ішінде еріп кетті. Соған қарамастан, күні кеше ғана бегілі болғандай Қостанай облысының басшылары орталық алаңда да құны 1  миллионға бағаланған мұз қалашығын салуда.

Жалпы, жаңа жылға деген дайындықты екі ай бұрын бастау әдеті біздің шенеуніктердің қанына сіңіп алған сияқты. Рас, Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары  Асқар Мырзахметов пен оның кеңесшісі Берік Уәли мырзалар бастама көтеріп, Тәуеліздік күніне дейін шырша жағудан бас тартуға үндеген болатын. Алайда, Асекеңнің өзіне құлақ асатын кім бар?..

Ал, мемлекеттің идеологиясын ондай адамдар жүргізіп отырған жерде, олардың тәлім-тәрбие, үгіт-насихат, бағыт-бағдар, іс-әрекетін көрген, оған көзі, құлағы, бойы, болмысы үйренген былайғы жұрт та олар айналған шеңберден шыға алмайтыны анық. Қазірше бәріміз шыршаны айналған шеңбердің бойында жүрміз. Ал, күндердің күні сол шеңбер бұзылғанда ғана тәуелсіздікті төрімізге шығаратын халге жетеміз. Шындық осы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір