Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4811 0 пікір 9 Желтоқсан, 2015 сағат 11:37

ӘКІМДЕР ҮШІН ЖАҒЫМПАЗДЫҚ ПЕН ЖАСАНДЫЛЫҚ МОДА

Кеше Павлодар қаласының әкімі  Болат Бақауов шаһардың соңғы 11 айдағы  әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Осылайша брифингінде БАҚ өкілдерімен кездескен Бақауов мырза әр аптаның алғашқы күндері қоғамдық көлікпен жүретінін айтып, маршруттық автобустардың бағыттарының өзгеруі жайында пікірін білдірген. Бұл туралы Рavlodarnews.kz сайты жазады.

Сондай-ақ қала әкімі әр дүйсенбі сайын қоғамдық көлікпен жүретінін де сөз етті.

-. Өз басым әр дүйсенбі сайын автобустармен жүруге тырысамын. Бірде селфи жасауға ұсыныс білдірген жігіттің сөзін жерге тастамай келісім бердім. Алайда суретті әлеуметтік желіге салмауын өтіндім, - дейді  Б. Бақауов мырза. Брифинг соңында қала әкімі бір дүйсенбіде журналистерді өзімен бірге автобуспен жүруге шақыруға уәде берді.

Әкімнің айтуынша, ол осылай қоғамдық көлікпен жұмысқа барып жүргеніне екі айдан асқан. Ал қала басшысы Бақауовты танып қалған тұрғындардың бірі оның автобус ішіндегі суретін әлеуметтік желіге таратып жіберген.

Иә, Павлодар қаласының әкімі әлгі суреттегі адамның өзі екенін мойындаған. Бір қызығы, оның әкім екенін ешкім біле бермейді екен. Дәлірек айтсақ, автобустағы нөпір халық әкімді танымайды.  Бақауовтың өзінің айтуынша, тіпті бірде оны облыс әкімі Қанат Бозымбаевпен шатастырып алғандар да бар екен.

Жақында Аөтөбе облысының аты мәшһүр әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев та қоғамдық көлікпен жүріп, жұртты таң қалдырмақ болып еді. Қасына имамын ертіп алып, қаладағы №15 бағыттағы автобуста  жолаушылармен емен-жарқын әңгімелесіп, қызықты оқиғаларын баяндап берген.

Айтпақшы, Шымкент қаласының экс-әкімі Дархан Сатыпалды мырза да ара-тұра автобуспен жүріп, PR шоу жасайтын әдеті бар еді. Ал Шымқаланың су жаңа әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көліктермен шаһарды шыр айналып, басқарма басшыларына автобустың ішінде тапсырмалар беріп еді ғой. Осылайша, Әбдірахымов екі ай бойы қала басшыларының көшін бастап тұрған.

Сонымен экономикалық дағдарыс есік қақты. Әлемдік геосаяси ахуал күн сайын құбылып тұр. Тәуелсіздіктің 25 жылында шенеуніктердің тізгінді мықты ұстағаны да, аттан құлағаны да аз емес. Әкім кім? Халыққа жақын кім? Оны мына жұрт анық аңғаруда. Шенділердің ішінде аты әйгілісі де, есімін ел білмейтін елеусізі де көп. Қай өңірде өндіріс өркендеп, қай өңірде коррупция қанат жайып отырғаны қарапайым халыққа аян. Қай әкімнің ұлттық рухты ұлықтап, қай әкімнің шетелдің шекпеніне құмар екені де жасырын болмаса керек. Тек жоғарыда біз аттарын атап, түстерін түстеген әкімдер арзан жарнамаға деген әуестіктерін баса алмаса керек. PR жүрістер арқылы халықтың назарын аудару үшін әкімдер осындай айлаларға жиі барып тұратыны заңды құбылыс. Тек қоғамдық көлік ішіне кіл нәкерлерімен шабармандарын жиып ап, оны БАҚ арқылы таратқанан әкім мырзалар не ұтады? Тегінде ел назарында ойын жасау арқылы Елбасының көзіне түсіп қалуды көздейтін әкім мырзалар не істемеді? Күйсандықта (пианино), гитарада, домбырады ойнап, патшам-ау, деп ән айтқандар да жоқ емес. Енді біреулері Елбасының киінетін дүкеннен кәстүм сатып алды. Тағы біреулері тағы бірдеңелер істеп жатты. Әйтеуір шамаларының келгенінше де... Бұл жұртқа жақсы көрініп, әкімдердің арасында рейтингін өсіру үшін жасалатын жарнама арқылы елді бір, Елбасын екі алдайтын әкімдер, сөзден іске көшетін уақыт жетпеді ме? Жұрт әкімдерден ән мен автобустағы әңгіме емес, нақты нәтиже  күтеді.

Түйін: Сіздер, әкім-қаралардың жалған жарнамаларынан жалыққан жоқсыздар ма?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504