Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында отставкаға шыққан судьяларды шығарып салды
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында «Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын, сот алқа төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 30 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрметті демалысқа шыққан Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьялары Ботабеков Бақытжан Әзімбайұлын, Қойшығұлова Несібелі Хамитқызын, Мамираимов Сайлаубай Полатұлын және Мәтібаев Ыбырай Сиразинұлын шығарып салуға арналған салтанатты жиын өтті.
Жиынды Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Кәрімұлы Шәріпов ашып, отставкаға шығып отырған судьяларды құттықтау барысында олардың кәсіпқойлығын және облыс сот жүйесінің дамуына қосқан сүбелі үлестерін атап өтті. Төраға өз сөзінде: «Сіздер көп жылдар бойы судьялық қызметті абыроймен атқарып, еңбектеріңіз мемлекеттік, ведомстволық наградалармен атап өтілген және Сіздердің сот билігіне еткен қызметтеріңізге қарап, жас судьялар тәлім-тәрбие алады. Алдағы уақытта Сіздер ұжыммен байланыста болып, жас судьялар мен мамандарға кеңестер беріп, өз тәжірибелеріңізбен бөліседі деген ойдамын және бұдан былай да еліміздің сот жүйесін жетілдіруге үлестеріңізді қоса береді деген сенімдемін», - деді.
Облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов Ы.Мәтібаев пен С.Мамираимовқа судьялар қоғамдастығының алдындағы ерекше қызметі, сот төрелігін нығайтуға ықпал ететін қоғамдық және сот қызметі үшін "ҚР Судьялар одағының Құрметті мүшесі" Құрмет белгісін тапсырды.
Одан кейін Б.Ботабековке, Н.Қойшығұловаға, Ы.Мәтібаевқа және С.Мамираимовқа ұжым атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
Сонымен қатар, салтанатты іс-шара барысында облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы З.Пірнияз, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы төрағасының м.а. Н.Биболов, ОҚО Судьялар одағы филиалының төрағасы Т.Бекімбетов, ОҚО соты кеңсесінің басшысы О.Лештаев және облыстық соттың ардагерлер кеңесінің мүшесі М.Әміров судьяларды құттықтап, жылы лебіздері мен тілектерін айтты.
Жиын соңында құрметті демалысқа шығып отырған судьялар ұжым тарапынан ұйымдастырылып отырған осы іс-шара мен сый-сияпаттарға өз алғыстарын білдіріп, әріптестеріне сот төрелігін іске асыруда жетістіктер тіледі.