Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Елім-ай 6700 0 пікір 6 Желтоқсан, 2015 сағат 15:05

ЕКІ ШАЛДЫҢ ЕГЕСІН ҚАЙТЕСІЗ, ЕЛДІКТІ ОЙЛАҢЫЗ!

«DAT» газетіне (№39 (310), 12 қараша 2015 ж) басылған және Үкімет үйіне премьер-министрдің өз атына жіберілген «ҚАТТЫ ҚИНАЛАЙЫН ДЕП ТҰРСЫЗ, КАРИМ КАЖЫМКАНОВИЧ!» атты осы ашық хатты өткен аптада «Abai.kz» ақпартаттық порталына шығартып едім, жоғарғы жақтан  пәрмен болды ма, ашық хатым сайт бетінде аз ғана тұрып архивке "аттанып" кетті. Сосын, ФБ-дағы өзімнің осы жеке парақшама іле қойып едім, Үкімет жақтан біреулер бастығыма маза бермепті.
Үлкен еңбек етіп, жаңа жобаларды іске асырып жатқан директорымның өтінішін жерге тастағым келмеді, өшірдім.

Қазір БАҚ өкілдері қырағы ғой, Қазыбек Иса ағам қағып алып, өзі басқаратын «Қазақ үні» газетінің сайытына салып қойыпты.
Қош делік! Сондағы бар мәселе менің «Оһ! Кәрім Қажымқанұлы, тура осы жерде қатты абай болыңыз! Құдай атып, «Елбасының тікелей тапсырмасымен...» деп, масқара болып жүрмеңіз! Ұлт Көшбасшысы ешқашан бұлай тапсырма беген жоқ!!!» деген бір ауыз сөзімде тұр екен-мыс.

Негізі, Қазақ көші шатқаяқтай бастаған күннен бастап, Үкімет басына ең көп хат жазған адам менмін. Сол хаттардың бәрі бірден «Құрметті Кәрім Қажымұханұлы!» деп ізетпен, мейіріммен басталатын.

Өкінішке орай, дәл бүгінге дейін соның бір де біреуі К.Мәсімовтың қолына тиген емес. Ең құрса, бір мәрте болса да дұрыс жауап алсам, арам болсын! Көші-қон комиетіне не Ішкі істер министрлігіне сырғытады да отырады, сырғытады да отырады... Сенбесеңіз, мына сілтемені ашып, менің баяғыда жазған «Хаттар иесін қашан табады?!» деген мақаламды оқып көріңіз: http://old.abai.kz/…/auyt-mykibekyly-khattar-iesin-kashan-t…

Жарайды, мен «қатты кетіппін», Кәріп Мәсімовқа «тиіп кетеді» екен! Сол үшін бастығымыздың сөзін жерге қалдырмас үшін, хатымызды еш жерге жарияламай, бір жолға өшіріп тастайық. Ауыт Мұқибек тағы жұмыстан шығып қалуы, сайттар жабылуы мүмкін! Одан не өнеді?!

Міне, 24 қарашада Елбасымыз жаңартылған Көші-қон заңына қол қойды. Ертең арғы беттен қаптап қалың қандастарымыз келеді. Қытай құзырлы органдары олардың қолына «Сотттылық» туралы анықтаманы бермейді. Бұл анық болды. Қалың қазақ тұрақты тіркеуге тұра алмай тағы шулағалы тұр. Жаңа Заңды дайындаған – Үкімет! 49-баптың 9)-тармағына редакцияны өз қолымен ұсынған – Кәрім Мәсімов!!

Ал, сонда оған, айтыңызшы, кім жауап береді!? Тағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жазықты ма?!!

Менің «ҚАТТЫ ҚИНАЛАЙЫН ДЕП ТҰРСЫЗ, КАРИМ КАЖЫМКАНОВИЧ!» дегенім «айналайын» болғалы тұр. Себебі, ашынған қара орман халық Үкімет үйінің алдына жиналуы мүмкін! Кәрім Қажымұханұлы, сіздің жеті атаңызды жездей қақтағанның көкесін сонда көресіз! Мүмкін, одан да батыл қадамадарға баруы кәдік!

Ең жақсысы, анау қоңырау шалғыштарыңыз шынымен сізге жаны ашыса; сіздің абырой-беделіңізді қорғағыш болса, бастысы, ақыл білсе; бастықтарыма емес, алдымен маған хабарлассын!

Ақордада отырған ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков ағамыз үлкен басымен мені төрт мәрте қабылдағанда, сіздің мені неге бір рет қабылдауға, сөйлесуге құлқыңыз жоқ?! Түсінбеймін! Тіпті, кезекті бір хатыма Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі мән беріп, кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхамедке "Мына жігітпен жақсылап сөйлес!" деп тапсырма беріпті. Мұхаң мені Ақордада қабылдап, екеуміз тек осы Көші-қон туралы бір жарым сағат сөйлестік!

Мен сізден ештеңе сұрамаймын! Тек, Қытайдан келетін қандастарыңызды қинамайтын етіп, Ішкі істер министрлігіне «Осы мәселені нормативтік-құқықтық құжаттар арқылы реттеңдер» деп пәрмен берсеңіз ғана болғаны!

 

Кәрім Қажымқанұлы!

Ескі дауды бықсытты деп, айыпқа бұйырмаңыз, сіздің Қытайдан Ата жұртына қоныс аударуға ниетті қазақтарға аздап өкпеңіздің бар екенін мен жақсы білем.
1995 жылы Шәуешектен келген Оразымбай Жұмабекұлы деген ағамыз сіздің әкеңіз Қажымқан көкеміз басқаратын Боралдай кірпіш зауатына екі жүз мың АҚШ доларын құяды. Екеуі бірігіп кәсікерлікпен айналысады. Бірлескен сауданың аяғы үлкен дауға айналады. «Қытайдан келген оралманның 200 000 АҚШ долларын Қажымқан Мәсімов жеп кетіпті!» деген дақпырт бүкіл дүниеге тарайды. Әлгі дақпыртты алыс-жақын елдердегі БАҚ түгел жазады. Бұл мәселені Жармахан Тұяқбайдың партиясы Алматыда өткен кезекті бір ереуілде көтереді. Сол дау ұлғая келе Үлкен үйге жетіпті деп естідік. Соңында сіздің араласуыңызбен қарыздың қомақты бөлігі иесіне қайтарылып, іс тынғандай болған екен...

Әрине, сіз де ет  жүректі жансыз. "Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді" деген бар, екі шалдың түсініспестігінен туындаған осынау келеңсіз жағдайға байланысты, өкпеңіз бен ренішіңіз орынды шығар. Мен оны дұрыс түсінем! Бірақ, жеке бастың кикілжіңі үшін бүкіл бір халықтың жолын бөгеу  - мемлекет және қоғам қайраткеріне, сіздей билік басындағы азаматқа жараспайды. Қазақ мұндай қылық жасаған адамды «ынжық» дейді. Туысқан ұйғыр бауырларымыз  ынжықтарды  ұнатпағандықтан «ижықыз» деп атайды екен. Демек, білдей бір мемлекеттің Үкіметін басқарып отырған сіздей білімді жігітке бұл тірлік жараспайды.  

Оның үстіне, мынадай заманда шеттен келетін қазақтардан бір жапырақ анықтама талап ету арқылы Экстреми́зм мен Терроризмнің алдын алам деудің өзі барып тұрған Дон Кихоттық емес пе?!!

Кәрім Қажымқанұлы, сол ағалар үшін бізге шынымен өкпелеп жүрген болсаңыз, тізерлеп тұрып мен сізден кешірім сұрайын! Сіздің қабылдауыңызды сұрап, және хат жазып жібердім. Мені қабылдаңыз! Шежірелеріңізден оқыдым, бөтен емес, екеуміз бір ауылдың баласы екенбіз. Әңгімелессек, сырлассақ, жақсы дос  болып кетуіміз әбден мүмкін. Мәселе шешілмесе, ертең Елбасымыздан ұят болады!

Қашанғы айтыса береміз, түсінісейік! Халықтың сілесінен құтылыңыз!

Достық, туыстық жүрекпен тағы қайталап айтайын, өзіңіз қиналып қаласыз ғой, Кәрім аға! Қатты қиналасыз!

Ізгі ниет, зор үмітпен,

Ауыт Мұқибек

06.12.2015
Астана

Abai.kz

 

 

0 пікір