Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4408 0 пікір 5 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

ӘБДІРАХЫМОВ - КӨШБАСШЫ

SAIGEZ.KZ қоғамдық-саяси сайты медиа сарапшылар мен жергілікті белсенді тұрғындардан құралған шағын топпен бірлесіп, облыс орталықтары  басшыларының рейтингісін жасап келеді. Бұл рейтинг екі жолмен жасалады. Біріншісі –   жабық дауыс беру, яғни таңдаулы сарапшылар арнайы жауап береді. Екіншісі – ашық, яғни сайтта дауыс беру арқылы жасалады. Осы екі жол арқылы жасалған қорытынды нәтиже әр айдың алғашқы аптасында жарияланады. Республикадағы облыс орталықтары әкімдерінің рейтингісі  үш дәреже бойынша – үздік төрттік,  ортанқол бестік және аутсайдерлер тобы деген атаумен жасалады. Әрине, рейтинг болған соң өзгерістер болып жатады.

 Аталған сайттың рейтингісі  жариялана бастағалы бері үздіктер тобын Шымкент қаласының әкімі – Ғабидолла Әбдірахымов бастап келеді. Үшінші мегаполис мәртебесіне ұмтылып келе жатқан Шымкент қаласы әкімінің қатарынан үш рет соңына шаң ілестірмей, бірінші орын алуы қалыптасқан әдетке айналды.

Рейтингті жасаушылардың айтуынша, соңғы жарияланған рейтингте Ғабидолла Әбдірахымовтың алғашқы орынды иеленуіне Шымкентте республикада теңдесі жоқ, қала  халқының 85 пайызын жылумен қамтамасыз ететін қазандықтың іске қосылғаны, Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасының  таныстырылуы,«Ақылды» қала халықаралық конгресс-көрмесі аясында Барселона мэрінің орынбасары Жерардо Писарелло мен Шымкент қаласы әкімінің екіжақты әріптестік кездесу  өткізгені  ықпал еткен көрінеді. Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы Алматы қаласына әкім болып тағайындалған Бауыржан Байбектің қаланы дамыту жөніндегі 5 принципінен кейін көзге түскен ірі жоба болғаны баса  айтылуда.

Ғабидолла Әбдірахымовтың Шымкент халқымен әр ауданда ашық кездесулер өткізгені де әкімнің тартымды имиджінің қалыптасуына себеп болыпты. Шаһар басшысы жуырда Еңбекші ауданына қарасты Қазығұрт, Қаратөбе, Жұлдыз елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті.

 - Еңбекші ауданының елді мекендеріндегі басты мәселе – көлік тасымал қызметі. Қаламыздың 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында шаһарымызда коммуналдық автопарк салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылы біз қаладан шалғай аудандарда тұратын елді мекен тұрғындарын тасымалдау мәселесін оңтайлы шешетін боламыз - деген еді Шымкент қаласының әкімі сол кездесуде. Бұл аудандағы түйіткілді мәселенің бірі – халыққа қызмет көрсету орталығының жоғы. Осыған орай қала әкімі осы жылдың соңына дейін 93 мың тұрғынның игілігі үшін халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатынын айтты.

Ең үздік әкім саналып келе жатқан Ғабидолла Әбдірахымовтың алдында тұрған үлкен проблемалардың бірі – қалаға кейін қосылған ауылдардың инфрақұрылымын қамтамасыз ету мәселесі. Әл-Фараби және Қаратау аудандарының тұрғындарымен болған кездесуде қала басшысы: «Қаламызға көптеген елді мекен Сайрам ауданынан қосылған. Сол ауданның заңсыз берілген жерлеріндегі коммуналдық мәселе бізге айтарлықтай жүк болып отыр. Тіпті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің өзін 8 соттыққа бөліп, халыққа жүйесіз, жобасыз таратқан. Қазір біздің ең бірінші мақсатымыз –  әуелі осы елді мекендердің жол, газ, су мәселесін шешу. Тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Біз бюджеттің жағдайына қарап, сіздердің мәселелеріңізді жүйелеп шешеміз. «Сабыр түбі – сары  алтын» дегендей, бірер жылда жағдайымыз едәуір реттеледі» - деді.

    Қалалық мәслихаттың депутаттары 2015 жылғы шаһар бюджетін соңғы рет нақтылап, өзгерістер енгізді. Биылғы бюджеттің кіріс көзінде өзгеріс жоқ, тек үнемделген 100 миллион теңге қайта бөлінді. 53 миллион теңге қаладағы 160 қазандықтың құрылысын аяқтауға бағытталса, өзге қаражат бұрын басталған әлеуметтік нысандарды аяқтауға жұмсалады. 2015 жылғы бюджет 83 миллиард теңгені құрады. Ал өткен жылғы қала қоржынындағы қаржы – 79 миллиард теңге болған. «Шымкент республикадағы үшінші қала саналатындықтан, миллионға жуық халқы бар шаһарға бөлінетін қаржы да бүгінгіден әлдеқайда артық болуы тиіс» -дейді  қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов.

  Үшінші мегаполиске айналу үшін әлі талай тірлік атқарылуы керек. Қарапайым тілмен айтқанда мегаполис атану үшін ең кемінде қала тұрғындары көгілдір отынмен, жарықпен, жылумен, таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек. Әзірге бұл мәселе толық шешілмеген. Бұл саладағы статистика мынадай: Шымкент қаласы тұрғындарының су құбырларымен қамтамасыз ету деңгейі – 83,5 пайыз, электр энергиясымен – 85 пайыз, табиғи газбен – 64,9, ал кәріз (канализация) жүйелерімен қамтамасыз ету деңгейі – 44,8 пайызды құрап отыр.

  Қала тұрғындарының тағы бір бас ауруы – қоқыс тастайтын полигондар мәселесі. Бүгінде қалада сыйымдылығы 300 мың тоннаны құрайтын екі қоқыс полигоны бар. Қаладан айына 15 мың тонна қоқыс шығады. Осы қарқынмен қала әр екі жылда әлгі екі полигонды толтырады. Бүгінде «Мәртөбе» қоқыс полигонының айналасындағы ағайынға қиын болды. Қала әкімі бұл мәселені шешудің тиімді жолы ретінде қоқыс өңдейтін зауыт салуды ұсынып отыр. Бүкіл әлемде қоқысты өңдеу – өте пайдалы бизнес саналады. Осы жобаға қызығушылық танытып отырған инвесторлар да бар сияқты.

  Әзірге Әбдірахымовтың тасы өрге домалап тұр. Рейтинг бойынша алдына жан салмай келеді. Дегенмен... әкімнің елге берген уәдесі, сөзі мен ісінің бір-біріне қаншалықты қиюласатынын уақыт көрсете жатар. Әбдірахымовтың жұмысына әділ баға беретін кез әлі келген жоқ. Сондықтан әкімнің құрғақ сөзбен аяғын жерге тигізбей мақтай беруге асықпаған жөн сияқты. Мұның кері әсері барын да ұмытпайық.

Айтқандай Әбдірахымов көшбасшы атанған рейтингте үздік төрттікті Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров, Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов түйіндеп тұр. Одан кейін ортаңқол бестік пен аутсайдер атанған әкімдер бар. Сол аутсайдерлердің бірі Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов.

Үсен АСҚАРОВ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478