ҚОҒАМ ҚАЙСАРЛЫҚ ПЕН ЖАНАШЫРЛЫҚҚА ЗӘРУ
Қазір қалам ұстаған екінің бірі: «Қазақ үшін отқа да, суға түсіп жүрмін!» деп, ентігін баса алмайды. Дәлел-дәйек сұрасаң, көзімен жер шұқиды...
Шындығында, қазіргі замандас түбегейлі өзгерді: болмысымен де, мінез-құлқымен де, пейіл-ниетімен де, іс-әрекетімен де. Өкініштісі: жағымсыз қадеттері көбейіп кетті. Әділдік, адалдық, тазалық, ақиқат, заңдылық, имандылық сияқты асыл қасиеттерден арылып-айырылап барамыз...
Еркін ел болғанымызбен, ел ішін үрей мен қорқыныш жайлаған. Қазір билік тармақтарының жемқорлыққа белшесінен батқандығын, кез келген заңды белінен басатын жүгенсіздігін білмейтін адам жоқ. Түптің-түбінде осынау орасан бассыздық – ерте ме-кеш пе – әрбіріміздің үйіміздің есігін қағатындығын түйсіне бермейміз. Аурудың алдын алмаса асқынады. Тәртіпсіздік пен тасырлыққа қарсы тас ату керек, кескілескен күрес жүргізу керек.
Жерімізді сақтау, тілімізді ақтау, табиғи байлықтарымызды қорғау, ұлттық мүдделерімізді қолдау жайындағы жиындарымызға 1,5-2 млн халқы бар үлкен Алматыда небәрі екі-үш мың адам шығады. Өйткені, халық қалың ұйқыда. Көпшілік кешегі кеңестік масыл мінезден де, құлдық түсініктен де әзір арылмаған. «Әділдік пен адалдықты біреу алыстан әкеліп, бізге мықтап орнатып береді», деп ойлайды...
Бүгінгі қазақ қоғамы қайсарлық пен жанашырлыққа зәру. Басын көтеріп, кеудесін бастырмайтын; зәбір көрген зарлы жамағат маңдайын тірейтін тұлғалар тым аз. Тіпті, саусақпен санарлық, жоқтың қасы...
Қажымұқан Ғабдолла
Facebook-тегі парақшасынан