Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Мәйекті 8275 0 пікір 29 Сәуір, 2016 сағат 12:34

20 ЖЫЛДЫҚ ЭМБАРГОНЫ ЕҢСЕРГЕН ИРАН

Саяси һәм экономикалық эмбарго

Еуразиялық кеңістегі ең қауқарлы Ресейге батыс елдерінің салған санкциясы* ЕбрАзОдақ пен онымен экономикалық тығыз қатынастағы ТМД елдерінің бірқатарына да әсері мен қатысы болып отырғаны мәлім. Сол себепті бұл кеңісте бүгінгі таңда экономикалық санкция тақырыбы біршама өзекті. Бұл жолы мұндай тұрпаттағы саяси-экономикалық шараның Иран ислам республикасына қатысты жағын ашпақпыз.

Иранға мұндай санкция 1995 жылы енгізілді. Бұған себеп – ел билігінің америкалық көзқараспен санаспай кіріскен саяси әрекеттері еді. Иран әлемдік ықпалға ие боларлық ядролық қарулануға ұмтылғаны мәлім. Батыстық саяси-экономикалық қалыптасқан үрдіске қарсы Иран елінің еркінси кіріскен еларалық саяси-экономикалық қимылдары АҚШ тарапынан қарсылыққа ұшырап, әлемдік алпауыт елдің сыртқы саясатының мәртебесі мен экономикасына, әлемдік қаусіздікке қатер төндіру әрекеті есебінде мойындалды. Сөйтіп, АҚШ бастамасын Еуропаның бірқатар елдері қолдап, кейінірек бұл санкция АҚШ одақтастары мен Еуроодақ елдерінің сыртқы саясатындағы басты сипаттың біріне айналды.

Аталмыш санкцияның мәні – Иранның отын-қуаттық және қаржылық  секторына қатысты батыстағы басты тұтыну ортасы қусырылып, қаржы айналымына кедергі қойылып, елдің негізгі табыс көзі саналатын саласын қылғындыру еді. Аталмыш саяси-экономикалық тыйым 2013 жылы тағы бір жылға ұзартылып, ықпалды 87 ирандық тұлғаны батыс елдеріне аяқ бастырмайтындай қосымша шектеуге ұласты. Қысқасы, бұл эмбаргоның** мәні бойынша Иран батысқа мұнайын сата алмайды, қаржысын шығарып,алым-берім сауда жасау да тыйылды. Батыс елдеріндегі банк шоттарында қордаланған қаражаттың қаны ұйып, қамалды. Сонымен болар іс – болды, ал салдары ше?

*Экономикалық санкция – халықаралық саудаға қатысатын бір немесе бірнеше ел тарапынан басқа бір еларалық саудаға қатысушы елге саяси бағытты өзгертуге мәжбүрлейтін тыйымдық сипаттағы экономикалық шарасы.

**Эмбарго (испанша embargo  — материалдық, қаржылық, тауарлық қамаққа алу, тыйым салу, кедергі қою,латынша imbarricare — бөгеу,кедергі жасау, жол байлау.

Салдар

Санкция салдарынан ирандық мұнай экспорты күніге 1,2 млн баррелге дейін азайды.2011 жылмен салыстырсақ, экспорт есебінен жылына 100 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс тапса, 2013 жылы бұл табыс бар болғаны 35 млрд болып,елге айтарлықтай шығын келтірді.

Санкцияның алғашқы жылдары ирандық ресми дерек бойынша инфляция 45%, бұны шетелдік сарапшылар 50% мен 80% арасында тербелді дейді. 2013 жылға қарай қатаң фискалдық әрі монетарлық тәртіптің арқасында экономиканың құнсыздану құны 25%-ға төмендеген. Әлемдік  ақша базардағы ирандық риалдың бағамы 3-5% түрінде толқымалы бола келіп, 2013 жылы ғана бұл айырма тербелісі  0,2-0,7% деңгейіне дейін кемиді де, иран ақшасының деңгейі тұрақты күйін сақтауға шамасы келді.

Әрине еларалық бұл тыйым халықтың жұмыспен қамтылуына әсер етті. Бұл жөніндегі көрсеткіште ирандық дереккөз бен әлемдік сарапшылар келтіретін цифрдың айырмасы баршылық. Ирандық дерек жұмыссыздықты 13% десе, екінші тарап 20% деңгейде, яғни әрбір бесінші иран азаматы жұмыссызданды дейді.

Иран жаңа кен орындарын қоса алғанда, мұнай мен газ қоры жөнінен әлемдік үлестің сәйкесінше - 18% бен 9,4%-ға ие. Қара алтынды өңдеу бойынша мұнайхимия базарындағы ирандық үлес - 2,4% болды.

БҰҰ мен Халықаралық Қаржы Қорының мәліметі бойынша, 2013 жылғы Иранның макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша 2013 жылы ІЖӨ/ішкі жалпы өнім көлемінен әлемдегі 27-экономика болған да, ол 437 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұны жан басына шаққандағы үлеспен есептесек – 5607 доллар. Әрине соншалықты сорлы емес. Бірақ... Бұл арада таптық табыс айырмасын айта кеткен жөн. Барынша ауқатты 10 % жұрттың табысы ең кедей 10 %-дың табысынан 11 есе артық болған.

Иранның әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі небәрі - 0,74%. Бұл көрсеткішті тыйымнан титықтаған ел 2014 жылдан бастап - 0,76%,  2015 жылы - 0,8% ал 2016 жылға -  0,85% көлеміне ұлғайтуға ниет етіп келді.

Ал Иранның 2013 жылғы сыртқы қарызы - 8 млрд. долларды құрады, бұл ІЖӨ-нің 2%-ы болып табылады. Жоғарыдағы ІЖӨ бойынша 0,74 пайыздық үлес пен мұны салыстырсақ, біршама жайды аңғарамыз.

Экономикалық өсім алғаш рет 20 жыл ішінде кері құлдырады. 2012-2013 жылдары ІЖӨ минус 5,8%-ды,ал мұнай секторы минус 34%-ға шықты. Өңдеу өнеркәсібі болса, 8,1%-ға кері кетті. ІЖӨ екі есеге қысқарды.

Жалпы Иран бюджетіндегі кірістің  60% мұнайды шетке сатудан түсіп, тек қана 40%-ын алым-салық құрап келген еді. Бұл дегеніміз - сонша көлемде Иран елі мұнайға тәуелді болғандығын білдіреді. Мұны экономистер «қара алтынның қарғысы» атайды.

Ел басшылығына 2013/14 жылдары келген Х.Роухани тұсында да ІЖӨ (-1,9%) төмендеу қарқыны бәсеңдемеді, мұнай саласы  (- 8,9%) мен өңдеу өнеркәсібі (-3,6%) кері кете берді. ІЖӨ құлдырау тек қана 2014 жылдың қаңтарына қарай баяулады. Бұл  әлгі санкцияны жұмсарту кезінде сатылған мұнай (+3,6%) есебінен, яғни  батыстық Қамсыздандыру компаниялары жол ашқан танкерлік сауданың нәтижесінен болған еді.

Қарсыласу экономикасы...

Әлқисса, осындай «жеті ағайынды жұт» жағдайында елдің басшылары ес жинап, «қарсыласу экономикасын» құруға бет бұрды. Бұл термин болғанмен, соғыс жағдайын ескертетін, сыртқы қысымға төтеп берерлік ішкі қауқарды іске қосуға мәжбүрлеген саясатқа ұласты. Елдің ақылмандары мен ғалымдарының дәрмені бірігіп,ізденістер мен сауалдарға жабыла жауап іздеген ғылыми мәслиқаттарға жол берілді.

Иран парламентінің өзі жаңа экономикалық бағытты талқылауға, мақсат пен көрсеткіштерді айқындауға бірнеше рет отырыс жасап бас қатырды. Шын мәнінде 2012 жылға дейін ел алдында сөз алған президент те, рахбар (елбасшы) да санкцияның экономикаға кері ықпалын ашық айта қоймаса, енді мұны ашық мойындап, экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге елді ашықтан ашық үндеді.  Бірақ «жоқ қол байлайды» демекші, отандық капитал бәрібір де еброкомпаниялардың инвестициясының орнын баса алмады. Қаржы тапшылығы сезілді. Өндіріс салаларына қажетті жабдық алуға эмбарго кесірін тигізіп, қол жеткізбеді.

Иран басшылығы Батыспен ымыраға келудің жолына түсті, бірақ 2013-тің басы мен 2014 жылы санкцияны тойтару келісімі ауыр жүрді. Санкция доғарыла қоймады.

Осындай ауыр жағдай басшылықты нақты қадамдарға барып, елдің 2025 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму жоспарын жасауына итермеледі. Құжат барлық билік салаларынан сүзіліп өтіп, мақұлданды. Сөйтіп, 2014 жылғы 11 наурызда елбасшы – рахбар Хосейни Хаменей ақсақал санкциялық режимді экономикалық соғыс ретінде атап, елге бағдарламалық құжатты жария етті. Осылай иранша жаңа жылдың алғашқы күні 2014 жылдың 21 наурызынан  бастап,   «қарсыласу экономикасы» іске кірісті. Иран аятолласының өз ауызынан жария болған айтулы бағдарлама 10 басты шартты атап өтсек:

  • Экономика жұмысбастылықты қамтитын, еңбек өнімін молайтатындай, инфляцияны ауыздықтардай  оңды да қарқынды болуы шарт. Басты шарты – әлеуметтік әділеттің болуы.
  • Қарсыласу экономикасының бір қыры  - әлемдік дағдарыс пен табиғи апаттарға төзімді болуы. «2011 жылдың қысынан басталған экономикалық соғысқа қарсы тұрарлық қауқарлы экономика болуы басты шарт».
  • Ішкі мүмкіндіктерді (ғылыми, табиғи, қаржылай, географиялық) тірек ету.
  • Ел басшылығы бұл бағдарламаға жихатқа, яғни қасиетті соғысқа кіріскендей кірісуі керек.
  • Халықтың экономикалық дамуға қатысуы. Рахбар елде болған революция мен соғыстың жұртшылықты экономикаға тікелей қатыстыруға назар аудартпағанын мойындады. 2000 жылдардағы жекешелендіру өз міндетін орындамағанын атап өтті.
  • Азық пен стратегиялық тауарлардың әсіресе, медикаменттердің қорын жасақтау.
  • Мұнайға деген тәуелділікті қысқарту. Рахбардың сөзімен айтқанда: «бұл – атқарылатын басты да, маңызды шаруа».
  • Үнемді де тиімді тұтынушылық. «Бұл жерде адами игіліктен баз кешу идеологиясы көзделіп отырған жоқ,  суды, нанды,азықты,медикаментті,өмірге қажетті нәрселерді үнемдей білу жолға қойылсын т.б.».
  • Сыбайлас жемқорлықпен күрес Қарсыласу экономикасын құрайтын басты шарттардың бірі болуға тиіс. Рахбардың айтуынша, «жемқорлықпен күрестегі басты шарт - мөлдірлік болуға тиіс».
  • Діни елбасшы көрсеткендей «қарсыласу экономикасының» басты қыры ретінде ғылыми жетістіктерді, инновациялық экономиканы жасақтайтын бағыт болуы керек дегені ел үшін ешбір күтілмеген идеялық жаңалық еді.  

Иран халқының саны 2007/08 жылдары шегіне жетіп көбейгенімен, одан әрі демографиялық өсім тоқтады. Ирандықтар саны - 2013 жылы 77,8  млн. адам болды. Демографиялық жағдайдың нашарлығы ескеріліп, 2012 жылы тууды бақылау бағдарламасы доғарылып, оның орнына «Туылыс пен денсаулық» бағдарламасы қабылданып, ана мен бала саулығы қолға алынды. Бұған қоса көпбалалылықты көтермелейтін әлеуметтік қоржынның да бауы шешілді.

Нәтиже

Әрине, мұндай экономикалық дүлей тыйымға төтеп беру мүмкін емес еді, Иран билігі ядролық бағдарламаны жыйып, саяси амбицияны тыйыуына мәжбүр болды. Бұл шегініс саяси жылымыққа ұласты да, батыстағы банктарда «мұздатылған» 7 млрд. АҚШ долларын «ерітіп», Еуропалық қамсыздандыру компаниялары танкерлік мұнай тасымалын қолдауға келісті. Бұл екі арада Еуроодақ пен АҚШ  бұдан әрі қосалқы санкция енгізбеуге уағдаласты. Иран санкциялық 20 жылды текке өткізген жоқ, ел саясатындағы артық амбициядан арылып, халық азаматтық сапаға көтерілді. Оның бір көрсеткіші – жемқорлықтың төмендеуі. 2014 жылы жемқорлық индексі бойынша Иран 152-орыннан 136-ға бір көтерілді.

Сөйтіп 2013 ж. желтоқсаннан бастап 2014 жылдың қаңтар-ақпанына дейін Тегеранға француз, итальян, неміс, австрия және басқа батысебропалық кәсіпкерлер ағыла бастады.

Нәтижесінде тау-кен саласына ебропалық технология енуге мүмкіндік алды. «Рено-Ниссан» мен «Пежо-Ситроен» секілді автомобил концерндері қажетті бөлшектерді ұсынуға кірісіп, ирандық машина жасау секторын жандандыру қолға алынды. Мұнай-химия саласына қан жүрерлік қозғалыс басталды...

Иранның кедендік әкімшілігінің мәліметіне қарасақ, 1392 ж. (2013 ж. 21 наурыз - 2014 ж. 20 наурыз) экспорт 41,6 млрд. долларды, ал импорт – 49,4 млрд. долларды (мұнай мен газды қоспағандағы есепті) құраған.

2013 жылы темір өндіру 28 млн. тонна болса, оны 2015 жылға қарай 43 млн. тоннға жеткізу мақсаты туды. Иран әлеумен өндірісінен әлемде 22 орында болса, енді 14-орынға ұмтылды.

Бәрінен бұрын батыс азиялық Иран қуат өндіруде алдыңғы қатарға шыға бастауда. Елдегі генерленуші (бір бекеттен өндіру шамасы) қуат көзі бұрын-соңды болмаған 67,8 ГВт-қа жетіп, өңірдегі қуат өндіруші алдыңғы орынға жайғасып, ал әлем бойынша 14-орынға шықты.Таяу мен Орта Шығыстағы мұнайхимия базарындағы ирандық үлес бұрын 23,4% болса, енді 2020 жылға қарай бұны 41% жеткізу көзделді.

2014 жылғы қорытынды бойынша азиялық мұнайсыз экспорттың 92%-ы Иранға тиесілі. Бұл Иран үшін Қытай секілді экономикалық алпауыттың құшағын айқара ашуына мүмкіндік болып отыр.

Иранда пайдалы қазбаның әлемдік қорының 2 пайызы бар, 12 металдық, 36 металдық емес кен орны ашылған. Иран елі бүгінде мырыш қоры бойынша әлемде екінші, ал мыс бойынша – жетінші орында. Бірақ жер өңдеу Иранда жұтаң дамыған, өйткені, жер аумағының 20% ғана жарамды. Санкция тұсында импорттық азықты тез арада отандық өнімге ауыстыру мәселесі туындағанда, ауылшаруашылық өндірісін ынталандыруда ирандық мембасқару жүйесі аса тиімді іс атқарды. Шаруалар үшін тұқымның құнын өтеуді толығымен мемлекет өз мойнына алып, суландыру мен тың жерлерді өңдеуге жағдай жасалды. Бұның бәрі ақырында елді азықтық тәуелсіздікке қысқа мерзімде қол жеткізіп отыр.

Ирандық Қодыро/ Khodro концерні жылына 1 млн-нан аса жеңіл автокөлік шығарып, сала бойынша Батыс Азиядағы бірінші орынға шықты.  Бұнымен қоса бұл концерн Әзербайжан мен Беларуста өзінің құрастыру өндірісін іске қосқан.

Әскери-өнеркәсіп кешені де қарап қалған жоқ, әскерді жаңғырта қаруландыруға ел ештеңесін аямады, ақырында  батыстың аз ғана артта қалған сияғынан/аналог/ қалыспайтын  елдің заманауи төл қарулану жүйесін жасақтады.

Зымыран-ғарыштық индустрия мен орбитаға өз жерсеріктерін ұшырудың бәрі – ирандық инженерлер мен Испахан мен Тегерандағы ғылыми орталықтардың дәрменін байқатса керек.

Биылғы жыл басында ақыры Иранға қарсы бағытталған 20 жылдық санкция тойтарылды да, елге батыстағы банктерден  $150 млрд  доллар қаржыға қатысты құрсау босатылды. Экономикалық қауқары «қара алтынның қарғысына» ұшыраған ел, бүгінде мұнайсыз еңбектің алғысына бөленетін белгіні бере бастады. Енді Батыс Азиядағы алыпқа айналғалы отырған Иран басқа елдер үшін дағдарыс жағдайында инвестор болуға толық мүдделі де қауқарлы әрі құқылы.

Серік Әбдірешұлы

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963