Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 8644 0 пікір 29 Сәуір, 2016 сағат 10:53

ШІРЕНІП СӨЙЛЕЙТІН ШЕНЕУНІКТЕР ШЕТІНЕН ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Бұқара халықтың сауалына жауап қайтармайтын кейбір мемлекеттік мекемелер мен ондағы лауазымды қызметкерлерді (шенеуніктерді) сотқа беруге болады деген заң жобасын кеше Мәжіліс депутаттары Парламент қабырғасында талқылады,-деп хабарлайды Stan.kz порталы.


Егер аталған сауал мемлекеттік құпияға жатпайтын мәлімет болса, оны жасырып қалған шенеуніктерді жауапқа тартуға болады. Кеше «Ақпаратқа қол жетімділік» туралы айтқан депутаттар, аталмыш заң жобасының іске асырылу бағыты туралы баяндады.

Қазір қазақстандық қоғамда ақпарат жалпыға қолжетімді болуы керек деген тұрақты пікір бар. Алайда біздің заңнаманың барлық көлемінде ақпараттық-құқықтық кеңістіктегі ахуалды анықтайтын жүйе құрайтын нақты заңнамалық актілерді біріктіретін құжат жоқ екен. Мемлекеттік органдардың ақпараттық ашықтығы туралы стандарттарға сәйкес - кез-келген азамат мемлекеттік мекемелерден өзіне қажетті ақпаратты сұрата алады. Тіпті Ата заңда да бұл аталып көрсетілген екен.

Аталған құжатқа сәйкес, Қазақстанның тұрақты азаматы экономикадан бастап әлеуметтік мәселелер және бюджеттің әр тиынына дейін қайда жұмсалғанын білуіне құқы бар. Бұл демократия оттегісі іспетті. Мұндай ақпаратқа еркін қолжетімділік - жемқорлыққа қарсы дауа болып табылады.

Оның үстіне шенеуніктер жұрттың дұрыс ұқпаған заң жобалары мен реформаларды тәптіштеп түсіндіріп беруі тиіс. Бұл құжат былтыр «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында қабылданған болатын.

Ал министрлік, әкімдік пен түрлі органдар тұрғындардың сауалына 15 күн ішінде жауап беруге міндеттеліп отыр. Талапты орындамаған мемлекеттік қызметкерлер жаппай жазаланатын болады.

«Егер мемлекеттік органдар ашық ақпаратты «қызметтік айналымға түспейтін ақпарат» деп шешімдер қабылдап бермей жатса, онда осы мәселені сотта көтеріп, айыппұлдар салуға барлық мүмкіндіктер бар»,-дейді Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963