АСЫЛАЙ «ГАРРИ ПОТТЕРДІ» ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРДЫ
Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Асылай Сейтенова Джоан Роулингтің «Гарри Поттер және Философиялық тас» кітабын қазақшаға аударды.
Әзірге ол аталған романның төрт бөлімін аударған.
Асылайдың мұғалімі Ақбота Әбішеваның айтуынша, Асылай жобаны өткен жылы желтоқсан айында қолға алыпты.
— Асылай негізі, бұл жобаны Кіші ғылым академиясының ағылшын тілі пәні бойынша өткізілетін облыстық жарысқа дайындады, — дейді жоба жетекшісі.
Асылай сайыста І орынды жеңіп алып, мамыр айының 13-і күні өтетін республикалық жарысқа қатысуға жолдама алыпты.
«Гарри Поттер және Философиялық тас» кітабының неліктен таңдалғандығы туралы Ақбота Әбішева былай дейді:
— Жоба мақсаты — шетелдік азаматтарға қазақ тілін үйретуге көмектесу. Мектебіміздің оқытушысы Нейтан Дэвид Лолер бізге қазақ тілін енді үйреніп жүргендер үшін тілі жеңіл, түсінікті кітаптарды аударуға кеңес берді. Сөйтіп, бірнеше кітаптың тізімін жасап, оқушылардың арасында сауалнама жүргіздік. Таңдауға ие болғаны — «Гарри Поттер және Философиялық тас» кітабы. Сөйтіп, істі бастап кеттік.
Асылай романды түпнұсқадан, ағылшын тілінен аударған.
— Төрт бөлімді үш ай аудардым. Оқырмандар үлкен қызығушылық танытып, сұранысқа ие болып жатса, романды толық аударуға дайынмын.
Бұл жоба қаржы табу мақсатында жасалған жоқ. Шетелдік азаматтарға қазақ тілін меңгеруге көмектескім келеді, — дейді Асылай.
Айта кету керек, кітаптағы суреттерді Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Олжас Есенбаев салған.
Дереккөзі: "Ақтөбе" газеті